Атырау, 5 қазан 01:26
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар...

3 938 просмотра

Полиция қызметкері әлдеқайда көз тастап, аузын жыбырлатып, теледидарға қосылып, ыңылдап ән айтып отыр екен. Лажсыздан көзін әзер тайдырып: «Сіздер кімге келдіңіздер?» деді. Сол қолына зілдей пакет, оң қолына  бала көтерген, менің артымда тұрған әйел мені иығымен итере есіктегі темір торлардың біріне бетіне тақап: «күйеуіме» деді. Мен оның төбесінен журналистік куәлігімді көрсетіп: «бастыққа» дедім. Бізді арнайы қабылдау орнына жібермес бұрын тағы бірер минут күтуге тура келді.

Бізге көз қиықтарын тастаған погонды адамдардың бірнешеуі қайтадан «Мәскеу көз жасына сенбейді» деген киноға бас қойды, екінші сериясы басталып жатқан еді. Егер мына жердің иісі мен ештеңе болмағандай бала көтерген әйелді кіргізе салған қоршалған үлкен торы болмаса, іші жинақы деп айтуға болады. Ұзын дәлізде бірнеше торлы есік болды. Дәліз бойымен өтіп бара жатып, әр есікке көз салдым. Бөлмелер, дәлірек айтқанда, палаталар «бомждар» секілді жандарға толы плацкарт вагонға қатты ұқсайды екен. Палата ішінде ұйпа-тұйпасы шыққан, қырынбаған, таранбаған, алба-жұлба болған ер адамдар жатыр немесе кереуеттер арасында отыр. Кейінірек анықталғандай, осындай әр бөлмеде көп дегенде сегіз адам орналасқан. Бұлардың ішінде отбасының берекетін алған жанжалқор, гастарбайтерлер және айыппұл салынған жүргізушілер бар. Бұлардың соңғысы анағұрлым өркениетті көрінді. Олар қыз көрген соң қысылып-қымтырылып, қыртысталған шалбары мен кекіл-дерін сипалап, қозғалақтап қалды. Осындай жандардың бірімен арнайы қабылдау орнының бастығы Нұрлыбек ҚАРШЕГЕНОВТІҢ кабинетінде таныстым.

 

ТАТЫП АЛМАЙТЫН МИША

Арнайы қабылдағышта Михаилдың «он бес тәулікте» отырғанына бір апта болыпты. Қызметкерлер жиырма жастағы жігітті еркелетіп «бұйрабас» және «жаман бала» деп атайды екен. Кабинетке кірген Миша менен қорғанып, аяқтарын бірінің үстіне бірін қойып, қолдарын айқастырып алды. Қара малақайын қабағына дейін түсіріп киген жігіт журналистпен ғана емес, жан атаулымен сөйлесуге зауқы жоқ екенін байқатты. Дегенмен, біршама уақыт өткен соң бозбала достық пейілмен ашыла түсті. Сөйтсек, Михаил сол күні рөлге масаң күйде әрі куәліксіз отырған екен. «Бар болғаны бір банка сыра іштім. Тіпті қала орталығында болған жоқпын, қала шетінде, дүкенге темекі алуға кіргенмін. Сол кезде ұстап алды. Әрине, мен кінәлімін, түсінемін. Алғашқы күндері кіп-кішкентай бөлмеде жағымсыз иістер мен түрлі көзқарастағы сегіз адамның тұратындығына төзе алмайтындай көрінгенмін. Содан кейін үйреніп кеттім. Тек іш пысады. Уақыт тез өту үшін ұйықтай беруге тырысамын. Бұл жерде ешкіммен әңгімелесе алмайсың. Кімнің не үшін отырғанын, өмір жайлы, әйелдер туралы аз-мұз сыр шертістік те, содан соң... Рас, бұл жерде бір жігіт отыр. Өзі автоэлектрик. Мен сонымен достасып алдым. Жалпы, өзім анда-санда ғана ішемін. Бұл жолы осылай боп қалды, рас айтамын. Менің тіпті жүретін қызым да жоқ. Өйткені үнемі жұмыста боламын, әрі уақытым да болмайды».

 

БОЛАШАҚ ХИРУРГ ОРТЫҚ

Миша шығып кеткен соң, маған Ортықты алып келді.

«Асүй боксерлары бірауыздан бас тартты», - деді қызметкерлердің бірі қатты қорқып кеткен өзбек-гастарбайтерді алдыма отырғызып жатып. Бейшара бір апта ішінде осымен екінші рет арнайы қабылдағышқа түсіпті. Түрі де оңып тұрған жоқ. Біздің не туралы сөйлесіп отырғанымызды түсінбеген ол бізге кезек-кезек қарап, бірдеңе білгісі келгендей болды. Самарқанд қаласының маңында тұратын сылақшы Атырауға үш досымен бірге келіпті. Үйінде үш інісі, екі қарындасы мен қартайған әке-шешесі қалған. Перронда тұрған кезде олар Алматыға ма,  Шымкентке ме әлде Атырауға барамыз ба деп ойланыпты (айтпақшы, гастарбайтерлердің пікірінше, ең бай қалалар). Сөйтіп, Атырауға жол тартқан. Келген соң әлдебір техникалық қызмет көрсету стансасын салу үшін жұмысқа орналасқан. Екі айдан соң ел аумағына келу мерзімі бітіп, өз еңбектерімен тапқан 120 мың теңгесін алмақшы болғанда, қожайыны әлі жұмыстың бітпегенін айтқан. Әне-міне деп жүргенде көші-қон полициясы үш досты ұстап алып, құжаттары болмаған соң, ел аумағынан кетуді талап еткен. «Кетіп қалар едік, бірақ біздің ақшамыз болмады, - деп ақталады ол. – Содан соң бізді қайтадан ұстап алды да, осы жерге бес тәулікке отырғызып қойды. Бірер күннен соң осы жерге жеті тәулікке қайтадан түстік. Енді бізді Қазақстаннан шығарып жібереді. Сосын біз бұл жерге бес жылға дейін келе алмаймыз. Ал мен көп ақша тауып, университетке хирургияға түсуді армандап едім...», - дейді ол жабырқап.

- Ол құжаттарын ауыстырған соң қайта келетіндігіне жүз пайыз сенімдімін, - деп мырс етіп күлді Нұрлыбек Төлеуғалиұлы.

- Сонда қалай? – деп таң қалдым мен. Ал Ортық құлағын тіге қалды.

- Оларда Өзбекстанда құжаттарды ауыстыру біздегідей қиын емес, - Ол қара мөр басылған төлқұжатымен барады да, фамилиясын өзгерте қояды. Мысалы, Тұрақұлов болса, Тұрақұл деп өзгертеді. Оған ешқандай мөр соғылмаған тап-таза жаңа төлқұжат береді. Содан соң қайтадан қай жерге барғысы келсе, сол жерге есік ашық.

 

ҚАБЫЛДАҒЫШҚА ҚУАНА КЕЛЕДІ

Бұл жерге бір рет түскен адам, әдетте, қайта-қайта түседі екен. Есенжан, Саламат, Владимир, Руслан және Веня (соңғы есім аталғанда полицейлер неліктен екені белгісіз, іштері түйіле күлді) өз үйлерінде жүргендей екен. Вениаминов (барлық лақап аттар дерлік фамилиясынан шығарылып айтылады екен), қызметкерлердің айтуынша, бұл жерде өз туғандарындай боп кетіпті. Ол өлгенше ішіп, сол күйде әйелін тоқпақтайтын әрі ақжарқын маскүнемдер тайпасының өкілі екен. 

Русланды ішіп, жанжал шығаратындықтан жеңгесі үнемі осында қаматады екен. Жапа шегушінің пікірінше, жеңгесі өзгенің пікірін құлаққа да ілмейтін және оның көңілінен шығу қиын жан көрінеді.

Сирек болса да елірген есерсоқтар түсетін көрінеді. Осы жазда тұтқынға түскендердің бірі 10 тәулікке арнайы қабылдау орнына орналастыру туралы сот шешімімен келіспей, өзінің қарнын жарып жіберген. Айта кетелік, сол жағдайды қызметкерлер зауықсыз еске алды. Бірақ мұндай жағдай бола бермейді екен. «20 жыл органда жұмыс істеген кезде қылмыскерлермен де, әкімшілік жауапкершілік бойынша қамауға алынғандармен де жұмыс істедім, - деді Н.Қаршегенов. – Қылмыскерлерде, әдетте, сот шешім шығарғаннан кейін жоғалтатын ештеңе болмайды. Олар ашушаң, ызақор болады, 99 пайыз жағдайда өздерін кінәсіз деп есептейді. Ал екіншілерімен жағдай керісінше. Бұлардың бәрі - жүргізушілер, гастарбайтерлер мен жанжалқой отағасылар өздерінің лайықты жаза алғанына сенімді. Дегенмен, олардың бұл жерге қайта-қайта түсулеріне ештеңе кедергі емес».

Кей жағдайда, 15 тәулікке арнайы қабылдағышқа түсудің өзі бақ  екен. Әдетте, заң бұзғаны үшін мемлекет пайдасына қомақты айыппұл төлеуге (350 мың теңгеге дейін) ақшасы жоқтар үшін арнайы қабылдағыш жағымсыз жағдайдан аз шығынмен шығатын бірден-бір жол. Бірнеше жылға жүргізуші куәлігінен айырылу жүргізу-шілерді осы айыппұл секілді үрейлендірмейді. Осылай деп санайтын адам бар екен. 35 мың табыс табатын ер адам сотта осы айыппұлды төлеуден гөрі, арнайы қабылдағышқа қамауды жалбарынып өтінген. Жалпы, бұл жерде өмір сүруге болады. «Ы операциясындағы» секілді жұмысқа ешкім қумайды, ешқандай да «бүкіл тізімді жария етіңіз» деген болмайды. Мұндағы мекендеушілер таңғы сағат 6-да тұрады. Жарты сағаттан кейін таңғы ас беріледі, содан соң жұмысқа емес, ұйқыларын қандыру үшін қайтадан камераға кіргізеді. Таңғы ас, түскі ас және кешкі ас кесте бойынша беріледі. Таңғы және кешкі ас мәзірінде – ботқа, түскі кезде – бірінші және екінші тағам болады. Қажет кезде бұл жерде медициналық көмек те көрсетіледі. Кездесуге, үйден керек-жарақ заттар қабылдауға рұқсат етілген. Қолжетімді ермектердің ішінде – дойбы, шахмат пен кітаптарды алдыртуға болады. Карта ойнауға тыйым салынған. Әйелдерге арналған бір камера да бар. Мен келген кезде оның іші бос еді. Бұл жерге әйелдерді өте сирек орналастырады екен. Ал орналастыра қалған жағдайда, менің түсінуімше, бұл жандарды әйел деп атау қиын көрінеді. Күн тәртібінде жазылғандай, сағат 22-де ұйқыға кетеді. Сағат 6-да қайтадан оянады. Осылайша «мерзімі» біткенше жалғаса береді.

 

«КАТАЛАЖКАДАҒЫ» ТҮН

Алайда, арнайы қабылдағышқа түспес бұрын, сот шешіміне сәйкес, айыппұл салынғандардың барлығы кем дегенде қалалық ІІД бөлімінің «каталажкасында» болады. Таныстарымның бірі осы орыннан алған тәжірибесін әңгімеледі.

«Соның алдында тойда болғанмын, - деп әңгімелейді Игорь. – Сауық таңға дейін созылды. Бірақ мен ұрттап қана отырдым, сол кезде мастығым тарқап та кеткен еді».

Сол күні оның жолы болмаған. Рөлге отырған ол пиджагының қалтасынан куәлігін таба алмапты. Қайда екенін білмеген. Шамасы, жоғалтып алған болуы керек. Машина ішінде одан басқа тағы да масайған достары толы болатын. Олар мінген көліктің асты жерге тиіп, сүйретіліп келе жатқан. Сол кезде жол сақшысының көтерген ала таяғын Игорь бірден байқаған. Бірақ байқамаған түр танытыпты.

- Мұным ақымақтық болды, - деп қысылады ол. Діттеген жерлеріне жетіп үлгерместен, рөлге ие бола алмай қалып, аздаған жол-көлік апатын жасаған. Құдайға шүкір, ешкім зардап шекпепті. Содан кейін шырғалаң басталған.

- Қалалық бөлімде менен бауым мен белбеуімді шешіп беруімді өтінді. Менің түсінуімше, күйініштен асылып қалмасын дейтін болса керек. Күндізгі сағат 12-лер шамасы болатын. Мені өте суық камераға кіргізіп жіберді. Ішінде сол жерде бір тәулік отырып үлгерген тұнжыраңқы үшеу отырды. Қабырғада «Қайтып келмеймін», «Здесь был Намик» деген, ал бұрышқа қарай «Пацаны, крепитесь!!!» деген сөздер жазылыпты.

Біраз уақыт өткен соң жігіттер танысқан. Жүзінде созылмалы маскүнемдікке шалдыққан белгісі бар 21 жастағы жігіт, Қуат есімді орта жастағы ер адам мен әлі сауыға қоймаған, қақырынып-түкірінген жылтыр тісті тағы бір адам болыпты. Бос уақыт көп болған соң бір-бірімен әңгімелесіп кеткен.

 - Мені бұл жерге туған бауырым қаматты, - деді еш көңіліне алмаған жас маскүнем. Соған қарағанда бұл бірінші рет болмаған секілді.

- Иә-ә-ә. Сен оның есін тандырған шығарсың әбден. Жұмыс істемейсің бе? - Әлгі басын изеді. – Күні бойы ішеді екенсің ғой, түсінікті. Ал ішпеген кезде не істейсің?

- Енді… Кітап оқимын.

- Ал қазір не оқып отырсың?

- А-а-а… әлгі кім еді.... Лев Толстойды.

- Қалай екен?

- Жақсы. Өлеңдері керемет. – Мырс еткен Игорьдан басқасы, бастарын шұлғыды.

Уақыт өлтіру үшін, Игорь мен Қуат ассоциация деген ойынды ойнап көрмек болды. Қуат: «мұхит» десе, Игорь: «дайвинг» дейді. Қуат: «Қулық істеме, дайвинг деген не пәле?» дейді. Түсіндірген соң ойын жалғасады. Қуат: «ит» десе, Игорь «кинолог» дейді. Қуат: «Киноның не қатысы бар бұған? Түу, сенімен ойнаған қызық емес» деп, қолын сілтейді.

… Кешке жақын шағын бөлме түрлі адамдар мен тұншықтырған сасық иістерге толып кетті. Игорьді таң қалдырған нәрсе, отырғандар бір-біріне сондай түсіністікпен қарайды екен. Қайта түскен тұлға бетімен полицейге қарап, арқасын торға беріп тұрған кезде, байқатпай камераға ұялы телефоны мен темекісін бере қояды.  Ал камераға түскен кезде, барлық жеке бұйымдары сол мезет бүтін күйде қайтарылады екен.

Ішіндегі ең масын қамаудағылар жалғыз ғана сәкіге абайлап жатқызады. Игорь әлдебіреудің мас кісінің суықтан қалшылдап жатқанын байқап, пиджагын шешіп, оның үстіне жапқанын көріпті.

Түнге қарай бөлме іші толыпты. Отыратын да, еңкейетін де жер жоқ. Адамдар арасындағы бос жердің тарлығы сондай, тіпті бұрылу да қиын болатын. Темекі тарту мүмкін емес еді: оттық сыртылымен бірге кем дегенде: «темекі тартамыз ба?» деген үш дауыс шығады. Шылымды бір-екі рет сорған соң, қожайыны оның тұқылын тартқысы келіп отырғандарға жалғайды. Ал тамаққа қатысты, сәл өзгешелеу. Сырттан келген тамақты алған кезде, ашқұрсақ топ көз тастаса, ауызды толтырып жеу мүмкін емес. «Жігіттер, ауыз тиіңдер!», - деп пакетті қонақжайлықпен ашқан кезде, Игорь оның қалай босап қалғанын байқамай да қалды. Минералды су құйылған бөтелке үш секундтан кейін бос күйде дерлік қайта қолға тиді: «Рахмет, бауырым, бәрі аздап ішті, саған да қалдырдық». Егер полицейге келген тамақтың бір бөлігін берсең (шылымды, сникерсті – сол жеткілікті), онда сәл кейіндеу оған өтініш жасауға болады. Мәселен, дәретханаға баруға немесе темекі шегуге шығуға жол ашық. Тіпті камерадағы ең мазасыз жанды көрші камераға жіберу туралы келісуге болады.

Бастапқыда Игорьға «жақсы адам» боп көрінген Қуатқа бірнеше адам құпия шағымданды. Полицейлердің күшімен оны көрші камераға жіберуге тура келді. «Білесіңдер ме, жігіттер, менттер сіздердің біреулеріңіз мені басқа камераға ауыстыруды өтінгендеріңді айтты. Козелдар». Бұл сөзге бәрі күрсінді.

«Шамалы уақыттан соң камерада отыру адам төзгісіз боп кетті. Арақтың, майлы шаштың, шұлықтың иістері... Бұл жерде ешкім де ұялу дегенді білмейді, бар дауысымен жел жіберіп те қояды. Мен бұған қалай төзгенімді өзім де білмеймін. Ал таңертең сот болып, мені жүргізуші куәлігімнен үш жылға айырып, айыппұл салды. Сол түн өмір бойы есімде қалатын болды. Мас күйде енді көлік рөліне отырмайтын болдым».

Анастасия ПАСТУХОВА  

Суретті түсірген автор

23 қараша 2011, 19:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.