«Қайсар» спорттық, дәстүрлі карате және муай-тай спорт клубы Қазақстанда көптеген чемпиондар тәрбиеледі. Осы жетістіктердің құпиялары туралы клубтың жаттық-тырушысы, каратеден қара белдік иегері (3-дан) Алексей ЛЮБИН (суретте) әңгімелеп берді.
«БОЛАШАҚТА КАРАТЕ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРынА ҚОСЫЛАДЫ»
Қазір карате дамып келе жатыр. Бізге секцияға жазылуға көптеген балалар келіп жатыр. Маусым айында Максим Юн, Микаил Сүлейманов, Қамбар Қасым, Святослав Акутин және басқалар Атырау қаласының чемпионы атанды. Вячеслав Хороших, Сергей Те, Әлібек Сатыбалдиев, Богдан Иосимов, Диана Айтжанова, Никита Неледов, Ілясин Ғизатолла республикалық турнирлердің жеңімпазы болды. Хороших пен Ильясин Алматыда өткен ҚР чемпионатында жүлде алды.
Осы жылдың ең басты оқиғасы - Атырауда сенсей Морио Хигаонаның ізін басушы, жапондық шебер Тэтцуя Накмураның қатысуымен өткен семинар болды. Онымен бірге семинарға Ұлыбританиядан келген шебер Эрни Молиньо да қатысты. Біз қашан да білікті жаттықтырушы кадрларды дайындауды басты міндетіміз деп білеміз. Жаттықтырушыларымыздың өз спорттық және педагогтық шеберліктерін үнемі арттырып отыруына жағдай жасауға тырысамыз. Ұстаз жан-жақты болуы керек. Мәселен, кішкентай балалармен түрлі ойындар түрінде жұмыс жасаса, ересектерге карате негізін тереңірек түсіндіруі керек. «Қайсардың» барлық жаттықтырушыларының жоғары педагогикалық білімдері бар, халықаралық деңгейде аттестациядан өткен.
- Болат Ізбасқанов екеуіңіз каратеден әлем чемпионатына қатыстыңыздар. Мұның өзін үлкен жетістік деп атауға болады. Соңғы кездері «қайсарлықтардың» әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысуы туралы аз айтылып жүр. Қатысатын адам жоқ па?
- Годзю-рю каратеден әлем чемпионаты Олимпиада сияқты төрт жылда бір өткізіледі. Соңғы рет Болат «күміс» әкелді. Содан кейін ол годзю-кай каратеден Азия чемпионатына қатысып, «қолаға» қол жеткізді. Әсел Серікова, Жаңбыр Марат, Рысбек Нұрлан Азия чемпионы атанды. Келесі әлем чемпионаты 2016 жылы Окинавада өтеді.
- Атыраулық каратешілер арасынан іріктеу жүргізесіздер ме?
- Дәстүрлі каратеде спорттық іріктеу деген жоқ, табиғи іріктеу бар. Физикалық тұрғыдан емес, жетілу жолында ең шыдамды да мықты спортшылар қалады.
«Қайсарда» спорттық карате де дамып келе жатыр. 2016 жылы каратенің WKF нұсқасы Олимпиадалық Ойындар бағдарламасына кіретін шығар. Әсел Серікова мен Марат Жамбыр Азиядағы мықтылардың қатарында және осы жекпе-жек түрінен ҚР құрамасы сапына кіреді. Қазір 2020 олимпиадалық жылда 18-20 жасқа толатын спортшыларды белсенді дайындап жатырмыз. Кім біледі, солардың арасында болашақ олимпиада чемпиондары жүрген шығар.
Жақында Атырауға сенсей, годзю-рю каратеден ҚР шеф-нұсқаушысы Аман Карменов келді. Ол дәстүрлі каратеден семинар өткізді. Спорттық түрден жетістікке жеткісі келетін адам дәстүрлі каратеден бастауы керек. Өйткені, спорттық карате дәстүрлі каратеден шықты. WKF-карате ережелерінде «WKF-карате техникалары дәстүрлі карате тұрғысынан бағаланады» деп нақты жазылған. Сондықтан біз «Қайсарда» дәстүрлі каратенің барлық төрт түрін - шито-рю, годзю-рю, вадо-рю және шотоканды – үйретеміз және осылардың барлығын WKF-каратенің спорттық олимпиадалық нұсқасы біріктіреді.
С. Торғаев годзю-рю, шито-рю және шотокан карате бойынша қара белдік аттестациясынан өтті және WKF-каратеден халықаралық дәрежедегі төреші болып табылады. Ольга Айтжанова годзю-рю мен шотоканнан қара белдікке ие.
«ЖЕРТӨЛЕЛЕР НЕГЕ БОС ТҰРАДЫ?»
- «Қайсарда» балаларды жаттықтыру қандай қағидаттарға негізделеді?
- Біз арнайы бағдарлама бойынша жаттықтырамыз. Алдымен базалық білім. Бұл үй салғанмен бірдей, іргетасы мықты болу керек. Годзю-рю каратеден мықты базасы болса, алға қарай жекпе-жектің муай-тай, кикбоксинг және қоян-қолтық ұрыс сияқты түрлерімен айналысуға үлкен септігін тигізеді. Өйткені, көптеген жекпе-жек түрлерінің базасы бір. Сондықтан да тәртіп, жалпы физикалық дайындық, қозғалыс және бір реттік соққыларға дағдылану ғылымынан бастаймыз. Бұған бір-екі жыл уақыт кетеді. Бұл уақытта барлық шыдамсыздар, басбұзарлар мен білімі нашарлар кетіп қалады.
- Бұл жерде білімнің не қатысы бар?
- Менің ойымша, мектепте нашар оқитын бала каратені терең түсіне алмайды. Оның белгілі бір қабылдау шегі бар, ол осыған жеткен кезде каратенің не екенін түсінбей-ақ жаттығуларын тастап кетеді. Біз шәкірттерімізді жақсы оқуға шақырамыз, күнделіктерін тексереміз, түсіндіреміз, нашар бағаларын жоямын деген сөздерін аламыз, ата-анамен тығыз жұмыс жасаймыз.
- Залда балалар өте көп, мұның себебі не?
- Республикалық турнирге дайындалып жатырмыз. Тар болу себебі, бірнеше топ жаттығып жатыр, басқа залымыз жоқ. Үлкен, жақсы жабдықталған спорттық ғимараттарда ешкім тегін дайындалу үшін орынжай бермейді.
- Қалалық биліктен көппәтерлі үйлердің іргежайларын (цокол) беруді неге сұрамайсыздар? Көбі бос жатыр ғой...
- Сұрап жатырмыз. Бірнеше рет сұрадық. Бермейміз деген ешкім жоқ, бірақ мәселе де шешіліп жатқан жоқ. Нысанды баланстан балансқа ауыстырудың белгілі бір төрешілдік мәселелері бар, мен оларды спортшы ретінде түсіне алмаймын... Іргежайлар сол күйінде бос тұр. Оларды спорттық федерацияларға беріп, жалға алу ақысын азайту керек. Бизнеспен шұғылданып жатқан жоқпыз, мұнай сатпаймыз. Біз балалармен және жастармен жұмыс жасаймыз. Дамыған елдерде мұндай адамдарға жағдай жасайды және балалармен жұмыс жасағаны үшін қосымша ақша төлейді. Бұл оңай жұмыс емес, сеніңіздер...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ