"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі суретАтырау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында жасөспірімдер жүктілігі мəселесі сөз болған дөңгелек үстел өтті.
Қалалық емханалар гинекологтары мен мектеп мұғалімдері бас қосқан жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі болған жоқ. Сол себепті облыс бойынша биыл нақты қанша жасөспірімдер жүктілігі кездесіп отырғандығы айтылмады. Десек те, кейбір мəліметті емханалар қызметкерлері келтіріп өтті. №1 қалалық емхана гинекологы Айқияш ШУНАЕВАНЫҢ айтуынша, 2011 жылы 15-16 жастағы алты қыз жүкті болса, 2012 жылы алты, 2013 жылы - 13, 2014 жылы – 11 қыз жүкті болған. Ал биылғы жылдың басынан бері қарай жасөспірімдер жүктілігінің жеті жағдайы тіркелген. №2 емханада жыл басынан бері қарай бес жағдай, №7 емханада - 10 жағдай, №4 емханада 18 жағдай тіркелген.
«Жарқын болашақ» жастар денсаулық Орталығының меңгерушісі Алуа СЫРАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, былтыр Орталықта 14-15 жастағы жеті қыз жүкті ретінде тіркелсе, биыл төрт жағдай тіркеліп отыр. Орталықта 30-68-43 сенім телефоны жұмыс істейді.
Медиктердің бақылауы бойынша, жүкті болып қалған жасөспірім қыздардың жартысы облыс орталығына оқуға ауданнан келгендер екен.
Гинекологтардың пікірінше, 18 жасқа толған соң барып жүкті болғаны дұрыс, өйткені, бұл жасқа дейін әйел ағзасы босануға дайын емес. Оның үстіне, жыныстық қатынасты ерте бастау гинекологиялық аурулардың көбеюіне əкеледі. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде көптеген жүкті болып қалған жас қыздар жыныстық жолдары арқылы берілетін инфекцияларды жұқтырып, соның салдарынан патологиясы бар сәбилердің туылуы көбейгендігі де айтылды.
Гинеколог А.ШУНАЕВА. (ортада) Шунаеваның айтуынша, бүгінде 6-7 сыныптарда оқитын қыз балалар арасында жыныстық қатынасты бастаған жағдайлардың бар. Мәселен, бір әйел жыныстық қатынасты бастап кеткен өзінің 7-сыныпта оқитын қызын алып келген.
– Бізге балалар гинекологы керек, - деп есептейді А.Шунаева. – Проблема жоқ секілді қарау дұрыс емес болар еді. Біздер қыз балаларға әйелдер гигиенасы туралы 3-4 сыныптан бастап айтуымыз керек. Ата-аналар бұл жастағы қыздардың гинекологы туралы айтса шошиды. Бірақ, біз қатып қалған қағидалардан қашуымыз керек, қыз балаға болашақ ана, ұрпақ өрбітуші ретінде қарап, оның денсаулығын қадағалап, қазірден сақтандырып отыруымыз керек.
Шунаева бұл мәселедегі жауапкершіліктің жүгі ата-аналарға, бәрінен бұрын аналарға артылып отырғанын айтып өтті. Анасы қызымен әйелдер гигиенасы туралы ұялмай, ашық сөйлесуі керек, жыныстық қатынасты кәмелеттік жасқа толмағанға дейін бастау моральдық жағынан да, физиологиялық жағынан да дұрыс емес екендігін айту керек, дейді Шунаева.
- Ал, қазір олар құрбыларын тыңдайды, интернеттен естіп біледі. Және қазір көбінің психологиясы әртүрлі ғой. Жақында бір қыз балаға пəктік туралы əңгіме айтып отырсам, ол маған: «Апа, сіз мені ақымақ санайсыз ба? Егер мен қазір пəк болып тұрмысқа шықсам, күйеуім «бұған дейін саған ешкім қарамаған ба?» деп сұрайды ғой» дейді. Міне, қыздар арасында осындай әңгімелер жүреді екен.
Гинеколог атап өткен тағы бір проблема, жүкті болып қалған оқушы қыздарды мектеп мейірбикесі мен учаскелік дəрігерлердің тарапынан бақылауға алынбауы.
- Жақында 9-сыныптың қызы тоғызыншы сынып оқушысынан жүкті болып қалды. Мектеп мейірбикесі бұл жағдайды білгенімен бақылауға алмаған. Ол: «маған бəрібір» деп, қарап отыр. Жүктілік мерзімі 12 аптадан асып кеткен. Ал бізге ертерек хабарласа, жүктілікті дəрімен тоқтатар едік. Дəрілік түсік демекші, жүктілікті үзуге арналған дәрілік препараттарды қабылдайтын әйел үнемі гинекологтардың бақылауында болуы тиіс. Дəріханаларға да мұндай дəріні дəрігердің рецептісінсіз немесе анықтамасынсыз сатуға тыйым салу керек деп есептеймін. Бұл препараттарды дəрігердің бақылауынсыз қабылдаған əйелдің денсаулығына ауыр зардап келуі мүмкін.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор