Атырау, 23 қараша 05:14
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​82-жылы жазылған хат

10 881 просмотра

Image 0

Егер сонау 1982 жылы бір пошташы анағұрлым мұқият болған болса, егер 1995 жылы қаламыздың тұрғыны подъезде жөндеу жасамаса, егер тағы бір 13 жылдан кейін ол балконда жиналып қалған қоқыр-соқырды жинастырмаған болса, бұл хикая мүлдем болмас та еді...

Мұның бәрі былай басталды: екі жас қыз күшті дос болады. Қала тұрғыны Гүлжүзім ТІЛЕПОВА сол кезде 17 жаста еді. Бойжеткен Гурьев педагогикалық институтына қабылдау емтихандарын жақсы тапсырды. Ақтөбедегі құрбысы Бибігүлдің жолы болыңқырамай, оған үйіне оралуға тура келді. Құрбылар хат алысып тұрды. 1982 жылдың 14 қыркүйегіне белгіленген соңғы хатты Бибігүл жолдаған:

«Сәлем, жан досым! – деп бастапты хатын әдеттегідей. Хатта қыз ДОСААФ-қа түсуі тиіс ортақ таныстары туралы сұрастырып, студенттік фотосуретін жолдауды өтінген. Өз қаласында соңғы фотосалонның жабылып қалғанына абыржыпты...

Бұл хатта қандай да болмасын алып бара жатқан құпия сыр жоқ, бәлкім болған да шығар, бірақ сөз арасында айтылып кеткен. Бірақ мәселе онда емес. Бірнеше ондаған жылдар бойына хат өзінің адресатын күтіп жатқан кезде ол мың рет суға малынуы, сиясы жайылып, қағаз шіруі мүмкін еді, бірақ бұлай болмады.

1995 жылы бұрын Гүлжүзім тұрған көппәтерлі үйде тұратын басқа тұрғын подъезге жөндеу жұмыстарын жасайды.

- Мен подъезде екінші қабатта ілініп тұрған, бірақ қолданылмай тұрған пошта жәшіктерін жинастырдым, - деп еске түсіреді Дастан ҒАБИДУЛЛИН. – Мүмкін, кейбір подъездерде мұндайлар әлі күнге дейін тұрған шығар. Міне, қабырғадан жәшіктердің бірін түсірген кезде әлдебір қағаз жерге түсті. Мен оны көтеріп, хат екенін, кері мекен-жайына қарағанда Ақтөбе облысының Шұбарқұдық селосынан келгенін көрдім. Ол ашылмаған, шаң мен сүмелек басып қалған екен. Маркасы, мөрі ескі, конверттің беткі жағында – 1 мамырды құттықтау суреті, ал бір санының өзіне орақ пен балғаның суреті салыныпты. Бір ебедейсіз пошташы хатты жәшікке емес, оның сыртына салып кеткен ғой деп ойладым. Бұл бая-я-яғыда, 15 жылдай бұрын болған еді.

Дастан хатты пакетке салып, содан соң ол туралы ұмытып кеткен. Басқа кәкір-шүкірлермен бірге пакет балконға шығып қалған. Хат жәшіктердің бірінде тағы бірнеше жыл жатады. 2008 жылы Дастан балкондағы ескі-құсқыларды реттемек болғанға дейін. Сөйтіп, бұл хат қайтадан қолына түскен. Көп ойланбастан, ол оны суретке түсіріп, адресатын табу өтінішімен әлеуметтік желілерге салыпты. Үн қатқандар көп болған.

- Тіпті, Болгарияның бір шетінен де үн қосты, - деп таң қалады Дастан. – Бірақ мұның қажеті жқ еді. Кешікпей маған сол Гүлжүзім Тілепованың қызы Әсемгүл хабарласты. Біз кездестік, мен оған хатты бердім. Өзінен сегіз жасқа үлкен умаждалған конвертті оның қолынан көрген сондай оғаш еді...

Image 1


Біз өз тарапымыздан Гүлжүзім Ермекқызының енді Ганюшкинде тұратынын анықтадық. Пединститутты тәмамдаған соң ол сол кездегіге тиесілі үрдістей, мұғалім болып, әлі күнге дейін Еңбекші орта мектебінде биология пәнінен сабақ береді екен. Ал Бибігүл сол Шұбарқұдық поселкесінде тұрады. Аман-есен, немерелерін тәрбиелеуде. Өз хатының енді-енді жететінін естіген ол қатты таң қалды. Енді ше! Содан бері 33 жыл өтті ғой.

- Анам мен Бибігүл апаның әлі күнге дейін достықтары жалғасуда, - дейді Әсемгүл. – Енді олар бір-біріне хат жазбайды, телефонмен, скайппен хабарласып тұрады. Демалыс күндері басталсын, міндетті түрде 82-жылғы хатты оған жеткіземін.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

4 желтоқсан 2015, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.