Қашаған жобасындағы құбыр желілеріне күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары уақыт кестесіндегі мерзімдерден тез жүріп жатыр. Өндірісті қайта бастау шамамен келесі жылдың аяғына қарай күтілуде.
«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАЗМҰН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ТИІМДІ»
Бұл туралы ISO халықаралық сертификаттарын тапсыру рәсімінде Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC N.V. басқарушы директорының орынбасары Жақып МАРАБАЕВ хабарлады.
- Өндірісті сәтті бастай алмаған себебімізді бәріңіз жақсы білесіздер. Құбыр желісінен ақаулар шықты. Осы құбырларды қазір қайта салып жатыр, жұмыстар кесте мерзімінен тез жүруде және барлық технологиялық нысандарымызды дайындауды аяқтағаннан кейін өндірісті келесі жылдың аяғына қарай бастауды болжап отырмыз, - деді ол.
Халықаралық стандартты сертификаттар NCOC N.V. есебінен оқып, сертификаттанған 16 қазақстандық компанияға берілді. Бұл сертификаттар халықаралық компаниялардың тендерлеріне, соның ішінде Солтүстік Каспийдің болашақ жобаларына қатысуға мүмкіндік береді.
Жергілікті компаниялардың даму мүмкіндіктері туралы Ж. Марабаев келесіні айтты:
- Шынын айтсақ, бүгінде біз жаңа нысандар салу бойынша жұмыстарды аз жүргізіп жатырмыз, өйткені бәрін бітіріп қойдық. Аз-мұз аяқтайтын нәрселер бар, жөндеу, нысандарды дайындау, оларды зерттеу және диагностика жасау бойынша көп жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондықтан да жақын әзірде жалпы келісім болған жағдайда «Қаламқас» жобасын дамытуды бастаймыз. Бұл Маңғыстау облысы үшін де, Атырау облысы үшін де күтілетін жоба болып табылады. Сонымен қатар, біз қолданыстағы нысандарда өндірісті арттыруға және осыған байланысты газ айдау нысандарын саламыз деп үміттенеміз. EPC-2, 3, 4 бұрғылау аралдарын қолданысқа енгізу бойынша көп жұмыстар күтіп тұр, жер үсті жабдықтарын да орнату жақсы мүмкіндік болып табылады.
Рәсімнің ресми бөлімі аяқталғаннан кейін біз Ж. Марабаевқа бірнеше сұрақ қойдық.
- Солтүстік Каспий жобасында қанша қазақстандық компания қатысады?
- Сандар өзгеріп отырады, алайда мен сіздерге соңғы 10 жылда 1 100 компания біздің жергілікті жеткізушілерді жетілдіру бойынша бағдарламамызға қатысқанын айта аламын. Біз қазақстандық мазмұнды әр жерде айтылып жататындықтан арттырып отырған жоқпыз, негізгі себебіміз – қазақстандық мазмұнды көп тарту – үлкен үнемділікке әкеледі. Мамандарды шетелден әкеліп, оларды үй-жайға орналастырып керек емес және т.б. Сондықтан да бір нәрсеге сенімді болыңыздар: егер сіз біздің қызметтер мен тауарлар жеткізуге қоятын талаптарымызға білікті жауап беретін болсаңыз, біздің сізбен жұмыс жасауымызға тура келеді, өйткені бұл бізге бизнес тұрғысынан тиімді.
- Сандарды пайыздық мөлшермен айта аласыз ба?
- Егер қаржы тілімен айтсақ, соңғы тоғыз жылда жергілікті компаниялар 11 млрд долларға жуық ақшаны игерді. Бұл осындай ауқымды жоба үшін өте үлкен сома. Сеніңіздер, мен де жергілікті адаммын, сіздер сияқты атыраулықпын. Жобадағы барлық технологиялар және басқа да барлық пайдаланылатын жабдықтар бірінші рет жасалып тұрса да, біз осындай сомаға жергілікті мазмұнды ұйымдастырып отырмыз. Бұл – үлкен жетістік, мұны жасаудың қиын екенін көп адамдар түсіне бермейді.
- Олар қандай жобаларда жұмыс жасап жатыр?
- Барлығында деуге болады. Жобалаудан бастап, қызмет көрсету, жөндеу жұмыстары – мұнай саласымен байланысты барлық жұмыстар (NCOC N.V. компаниясы айтқандай, құбыр желісіне қатысы бар «Ерсай» компаниясы да қазақстандық мазмұнды компаниялар қатарына кіреді – С.Т.).
«ҚАШАҒАННЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР»
- Бізде батыстықтармен бәсекелесе алатын компаниялар бар ма?
- Компаниялар да, жеке тұлғалар да бар. Яғни, жергілікті кадрларды да дайындауды ұмытпау керек. Мен біздің компаниямызда жұмыс жасап, кейін жеке меншікке кетіп, жергілікті компанияларды басқарып, қазір бізге жақсы қызмет көрсетіп жүрген бірнеше қызметкерлерді атай аламын. Тағы бір мысал келтірейін: біз ұлттық жергілікті компанияны дамыттық және оның жақсы дамығаны соншалық, оған қызығушылар табылып, оны бір трансқұрлықтық компания сатып алды. Қазір ол қазақстандық емес, халықаралық кәсіпорынға айналып, тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де қызмет көрсетеді. Келесі бір мәселе, біз ДСҰ-ға кіргеннен кейін қазақстандық компанияларға бүгінде беріп отырған жеңілдіктерімізді жасай алмаймыз. Яғни, осы уақытқа дейін қазақстандық бизнес бәсекеге қабілетті болуы керек. Бүгінгі таңда жасалып отырғандар – бұл эволюциялық үдеріс. Оқу керек, сертификатталу керек, бәсекеге қабілетті болу керек, халқымыз бұған дайын және осылай өмір сүріп жатыр.
- Мұнайдың төмен бағасы кезінде Солтүстік Каспий жобасының болашағы қандай?
- Болашағымыз зор. Қазір бағалардың белгілі бір деңгейге дейін түсуіне байланысты жоба тиімсіз болып қалады деген көптеген алып-қашпа әңгімелер туындап жатыр. Алайда бұл жобаға қаржы салынғанын, кез келген баға жағдайында шетелдік компаниялар өз ақшаларын қайтаруға жұмыс жасайтынын түсіну керек. Менің болжауымша, біз әлі алаңдайтындай бағаға жеткен жоқпыз, әлі тиімділікке қол жеткізуге болады. Өйткені, бұл – үлкен кен орны, үлкен қатпарлық қысымы бар кен орын, ал бұл фонтандық өндіріс болады деген сөз. Әлі жақсы ақша ағынына ие боламыз деп ойлаймын. Ақшаның бәрі қайтарылады, тіпті пайдаға да кенелеміз.
- Қашаған мұнайының өзіндік құны қандай?
- Ол әртүрлі жағдайда әртүрлі болуы мүмкін, қайталап айтайын, біздің бүгінгі бағамен салыстырған үлкен тиімділік қорымыз бар.
Ж. Марабаев NCOC N.V. басқарушы директоры Стефан де МАЙЁНІҢ кетуіне түсінік берген жоқ.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА