Атыраулық кәсіпкер жұмыс берушіге қарсы істе жеңіп шықты және ол оны кәсіпкерлікті дамыту орталығы заңгерінің көмегімен жүзеге асырды.
НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН?
Шағын бизнес өкілдеріне кеңес берумен айналысатын кәсіпкер-лікті дамыту орталығы шілде айында ашылды. Осы уақыт ішінде халықаралық мамандандырылған “Туран-профи” академиясымен “Салық Консалтинг А” ЖШС мамандарына кеңес алу үшін 400-ден аса өтінім түсті.
«Біз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жұмыс жасаймыз», -дейді орталық үйлестірушісі Марта ХАЙДАРОВА. – Агроөнеркәсіпті кешен бойынша жұмыс жасайтын шағын ЖШС, ЖК-ге, азық-түлік өнімдері өндірісі саласында, жеңіл өнеркәсіп (киім, металл және ағаш өнімдері өндірісі), машиналар мен құрал-жабдықтарды орнату, жөндеу, ТҚО, көлік және қонақ үй бизнесі, шағын медициналық орталықтар, дәрігерлік кабинеттер, білім беру курстарына көмек қолын созамыз. Бір сөзбен айтқанда, 50 қызметкерге дейін жұмыс істейтін және жылдық табысы 62 миллионнан аспайтын барлық кәсіпорындар, оның ішінде сауда кәсіпорындары да бар.
Әрбір дүйсенбі және сейсенбіде кәсіпкерлерге заңгер кеңес береді. Мұнда маман кәсіпкерге тек ақпарат қана беріп қоймайды, сотта оның ісіне де қатыса алады. Бұдан басқа, сейсенбі сайын бизнесмендер кеден қызметкерлеріне сауалдарын беру мүмкіндігіне ие болады. Сәрсенбі сайын орталықта сапа орталығының өкілі Слухия ҚУАНОВА жұмыс жасайды, оның құзырына менеджмент сапасы жөніндегі сауалдарға түсінік беру кіреді. Ал, бейсенбі күндері маркетинг-жоспарлау жөніндегі маман, бизнес-кеңесші Олег ЯНУШКО жұмыс жасайды. Ал, ІТ-технология мәселелері бойынша Данияр АСАННЫҢ кеңесі мен көмегін жұма сайын алуға болады. Дәл осы күні бухгалтерлік есеп және салық есебі бойынша сауалдарға Сағима ҮМБЕТҚАЛИЕВА жауап береді.
- Орталық үйлестірушісі болып Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы саналады. Әрбір маман мастер-класс ұйымдастырып, өткізіп отырады, бұл туралы біз кәсіпкерлерді күні бұрын хабардар етіп қоямыз. Ай сайын біздің кеңесшілеріміз селолық кәсіпкерлердің өтініштері бойынша облыстың аудандарын аралайды. Бәрінен Доссор, Құлсары, Махамбет, Аққыстау және Ганюшкиноның бизнесмендері белсендірек. Селоның өзіне тән өзгешеліктері, өз мәселелері бар, шаруа қожалықтарын бизнестерін кеңейту құралдарына рұқсат беретін құжаттар мен лицензияларын алу мәселесі қызықтырады,-деп әңгімелейді Марта Хайдарова.
ЕГЕР ӨЗІҢЕ-ӨЗІҢ ЕСЕПШІ БОЛСАҢ
Сағима Үмбетқалиева бизнесмендерге бухгалтерлік есепті жүргізуді және қайта қалпына келтіруді, салық есебін жасап, оны тапсыруға дайындауға көмектеседі. Орталықтың жұмысы басталған шақта оған 90-нан аса жеке кәсіпкерлер мен шағын ЖШС басшылары көмек алуға жүгінген еді. Олардың көпшілігінің өз штатында тұрақты бухгалтер ұстауға және кезекті есептерді тапсыру үшін мамандарды жалдауға мүмкіндіктері жоқ. Бухгалтерлер жиі ауысады, әлдекім қате жібереді, енді бірі бастаған есебін ақырына дейін жеткізбейді, кейін оған кінәліні табу мүмкін емес. Істің барлық түйінін шешу әрине, кәсіпкердің өз басына түседі. Қиналған олар бухгалтерлік құжаттарды өздерінің жүргізіп жасағанының тиімді екенін түсінеді де, соны үйренуге тырысады. Және олар оны орталықтан оқи алады. Кеңес алу үшін шаруа қожалықтары да келеді. Олар есепті жылына бір рет тапсыратын болғандықтан салықты да сол кезеңде төленеді деп ойлайды. Сөйтеді де көктемде салық төленбеген уақыт үшін қайдан екені белгісіз өсімнің пайда болғанына қайран қалып жатады. Сағима Үмбетқалиеваның айтуынша, шаруа қожалықтары іс жүзінде салықты жылына екі рет төлеуге тиісті: 10 қарашаға дейін 9 ай үшін, ал, сәуірде соңғы тоқсан үшін төлеуі керек.
ӘЙЕЛІҢЕ, БАУЫРЫҢА ТӨЛЕ, ӨЗІҢДІ ДЕ ҰМЫТ ҚАЛДЫРМА
Сауалдардың көпшілігі заңгер Валентина КЛИМЕНКОҒА келіп түседі. Көбіне штатында бір немесе алты адам ғана жұмыс жасайтын ЖК-лар мазалайды. Олардың тарапынан жіберілетін әдеттегі қателік бұл еңбек келісім-шартының болмауы, өз қызметкерлеріне еңбек демалыстарының берілмеуі және кейде тіпті, еңбекақыларының төленбеуі орын алып жатады.
- Шағын бір ЖК-да бір отбасы – күйеуі, әйелі, інісі және басқа да отбасы мүшелері жұмыс жасайды. Ал, қожайын болса, оның барлығы да өз туысқандарым деп олармен келісім-шарт жасауға міндетті емеспін деп есептейді. Кейбір басшылар – құрылтайшы да өздері, директор да өзі болғандықтан өзіне еңбекақыны есептемейді. Өзіме-өзім жұмыс істеймін, өзіме еңбекақы төлеудің керегі жоқ деп ойлайды. Мен оларға еңбек шартының кез-келген жағдайда қажет екендігін түсіндіріп беремін және құжат үлгілерін жасақтаймын. Егер қызметкерде еңбек шарты болмаса, онда оны кәсіпорында еңбек етті деп дәлелдеудің мүмкін еместігі туралы пікір кең тараған. Бұл дұрыс емес. Адамның іс жүзінде жұмысқа шығуының өзі еңбек қатынастарының басталғандығын білдіреді. Және оның кәсіпорында еңбек еткендігін куәгерлердің жауабы негізінде дәлелдеуге болады. Қожайынның өзіне еңбекақыны есептеуі міндетті түрде қажет, сол ақшадан міндетті зейнеткерлік және әлеуметтік төлемдер ұсталады ғой, - дейді Валентина Клименко. – Техникалық қызмет көрсету стансасында және басқа да тұрақсыз жұмыс кестесі бар ұйымдардың өз проблемалары бар. Олардың қожайындары қызметкерлері күнара немесе тіпті, үш күн сайын демалып жұмыс істейтін болғандықтан жеке еңбек демалысына мұқтаж емес деп есептейді. Жұмыс берушілер кейде заң бойынша оқу орынын бітірген, алғаш рет мамандығы бойынша жұмысқа орналасып жатқан тұлғаларға сынақ мерзімі белгіленбейтіндігіне қарамастан, жас мамандарды жұмысқа сынақ мерзімімен алып жатады. Және осы секілді қателіктерді ұсақ өндіріс орындары заңды білмегеннен және штатта сауатты заңгердің болмауы салдарынан жіберіп отырады.
Өз қаржылары жоқ болғандықтан шағын бизнес өкілдері көбіне әділетсіз шарттары бар несие алуға мәжбүрлі болады және кейін алынған соманың жартысын төлеп, қарыз үшін кепілді бергенімен бәрібір банкке қарыз болып қалады. «Келісім-шарттардың “дана” тілмен жазылғандығы соншалық тіпті, көп жылғы еңбек өтілі бар мен секілді заңгердің өзіне сөйлемдердің мәні бірден түсінікті емес. Және жанрдың классикасы сол – барлық «сенімсіз тұстары» ұсақ шрифтермен терілген. Қаржы керек болып қиналған кәсіпкер көзін сығырайта отырып, тұңғиыққа шомады да, артынша қарыз қамытын киеді. Клиентке келісім-шартпен оқып-танысу үшін үш күн беріледі. Асықпаңыз, оны мұқият оқып, тағы да мамандардың кеңесіне жүгініңіз,-деп кеңес береді заңгер.
Шағын кәсіпкерлер ғимаратты, автокөлік пен құрал-жабдықты жалға алуға жиі мәжбүр болып жатады. Соған байланысты да бірқатар мынадай: мәселен, тараптар қандай құжаттар ұсынуға тиісті, егер жалға алынған көлікпен жол-көлік оқиғасы орын алған кезде жауапкершілік кімге жүктеледі, келісім-шарт қандай мерзімге жасалады деген мәселелер туындайды.
МОНОПОЛИСТІ ЖЕҢУГЕ БОЛАДЫ
Валентина Клименко бірде қызмет берушіге қатысты процесті жеңіп алғандығы туралы әңгімеледі.
–Алғашқыда кәсіпкер басқа бір мәселеге қатысты келген еді, кейін әңгімелесе отырып, ол осы проблема төңірегінде әңгіме қозғады. Бірнеше жыл қатарынан ол «Арнаулы автобазаның» бастамасымен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін осы мекемемен шартқа отырған. Содан бір күндері қызмет көрсетуші үш жылдан бері шартта көрсетілгеннен артық көлемдегі қалдықты шығарып жүргендігі және сол себепті қосымша жұмыс көлемі үшін 67 млн теңгеден астам ақша төлеуі керектігі жөнінде талап қойған. Арада жүргізілген келіс-сөздерден соң бұл сома 25 млн теңгеге дейін төмендетілген және «Арнаулы автобаза» осы ақшаны талап етіп, сотқа талап арыз берген. Қызмет көрсетушінің талап арызына жауап ретінде біз дауға қатысты өз көзқарасымызды білдірдік: егер осы жылдар ішінде кәсіпорын жоғары жұмыс көлемін атқарған болса, онда неге келісім-шарт талаптарын қайта қарамады ма? Өйткені, бұл шарт жыл сайын дәл солардың бастамасымен жасалады емес пе? Кәсіпорын қызметкерлері шарт талаптарын жасақтайды, нақты қалдықтар көлемін шығару құнын есептейді. Олар өздерінің артық қалдық шығарғандарын қалай дәлелдей алады? Сот бұл жағдайда қызмет берушінің талаптарын негізсіз деп шешті, - дейді Валентина Клименко. Сот шешімі әлі заңды күшіне ене қойған жоқ және «Арнаулы автобазаның» тағы да шағымдануына уақыты бар. Дегенмен, Клименко ханымның айтуынша, сот ісінің бұл мысалы әдеттегідей емес. Қарама-қайшы пікірлерге қарамастан, кәсіпкер әрбір тиыны үшін күресуге бар, біздің бизнесмендеріміз қызмет берушілермен құлықсыз соттасады, әсіресе, олар монополистермен байланысқанды ұнатпайды.
Қаладағы сот даулары көбіне жер мәселелеріне байланысты болады. Бір учаскені қателесіп бірден бірнеше кәсіпкерге немесе бір бизнесмен қолданбай отырған учаске басқа біреуге барлық қажетті деген үдерістерді сақтамастан беріліп жатады.
Алайда, кәсіпкерлер сәтті нәтижеге қол жеткізгеннен соң мәселелерді сот арқылы шешудің қиын емес екендігін түсінді.
МАРКЕТИНГ: ӨЗ ҚАТЕЛІГІҢДІ ТАП
– Тек селода ғана емес, қалада да кәсіпкерлер өздерінің маркетингтік саясат проблемаларының неден туындайтынын толық түсінбейді. Оның үстіне маркетингтік саясат олардың ісінде жоқ. Кәсіпкерлерге біз ұсынып отырған шаралар ешқандай қосымша салымдар мен күшті талап етпейді. Олар клиенттерден жай ғана оларға қызмет көрсету барысында не ұнады, не ұнаған жоқ, сервисті жақсарту бойынша оларда қандай ұсыныстар бар, міне, осыны сұрау керек. Және өз жұмыстарын клиенттің қалауына қарай ыңғайландыруы қажет. Осының өзі жеткілікті, -дейді бизнес-кеңесші Олег Янушко. Мәселен, маған жиһаз шығаратын шағын кәсіпорын басшысы мынадай мәселемен жолыққан болатын. Ол клиенттер базасын кеңейтуді армандайды, бірақ, оның клиенттері керісінше азайып барады. Фирмаға келген 50 адамның тек 10-ы ғана тапсырыс береді. Клиенттердің үнемі қызмет көрсетулеріне риза еместігі анықталады: тапсырыстарды орындау мерзімі ұзаққа созылады, жиһаз берілген мөлшерлемесімен сәйкес келмей жатады, талап еткен түстері де сәйкес болмай жатады, сөйтіп, тауарды қайта жасауға тура келеді. Өлшеуге қатысты менеджерлер мен мамандардың жұмысының мониторингінен кейін олардың бір қателікті қайталап отырғандығы анықталды, олар нақты коэффициентті ескермеген, яғни, жиһаз көлемін жазу барысында бұрыштарға түзетулер енгізілген. Қателерді жөнге келтіргеннен соң іс барынша дұрыс жолға қойыла бастады. Демек, алдымен оның себебін табу керек еді.
Кәсіпкердің ісінің табыстылығы үнемі ізденісте болып, өзінің жұмысын нақты қолға алуына байланысты ғой. Орталықта оларға көмек беруге әрқашан дайын және оның бәрі тегін жасалады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА