Қазан айының басында қазақтың талай ақын-жыраулары, би-шешендері, баһадүр батырлары өмірге келген, жерұйықты іздеп сабылған Асан қайғының «қақпақты қара қазан» деп атап кеткен Қызылқоға ауданындағы Тайсойған, Бүйрек құмдарындағы Беріштам жайлауында айбынды Пыштанай батырдың басына салынған мазардың ашылу салтанаты өтті.
«ҚЫЗЫМДЫ ЕЛ ҚОРҒАҒАН БАТЫРҒА БЕРДІМ»
Бізге мектепте оқыған тарихтан белгілі қазақтың батырларының қатарына Қанжығалы Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Исатай, Махамбеттерді жатқызамыз. Алайда Пыштанай, Құлсары, Алақай сияқты батырлардың тарихы туралы білетініміз аз. Осы мақаламызда біз Тайсойғанның тарланы Пыштанай туралы сөз қозғағанды жөн санадық.
Кеңес үкіметі кезінде полигон аймағына айналған Тайсойған жеріне халық қырық жылдай еркін кіре алмады. Осы сынақ алаңының аумағында Ақмола деген жер бар. Ол жердің Ақмола аталуы мал сүйектерін саз балшыққа араластырып қаланған бейітке байланысты деп топшылайды. Осы бейітте кіші жүздің қайсар батырларының бірі Пыштанай Ер Қосайұлы жатыр. Ел аузындағы аңыздарда, жазбаларда Пыштанай батырдың бейіті Үш жүздің батыр-билері мен игі жақсылары шақырылған асына сойылған ірі малдың сүйегінен қаланған деген сөз бар. Батыр бейітінің қалған бір құлағындағы сүйектер ақ топыраққа айналған екен, алыстан ағараңдап көзге түседі.
Мен танысқан тарихи зерттеулерге сәйкес, Пыштанай Ер Қосайұлы 100 жасаған батыр, ел тәуелсіздігін қорғау үшін жанын салған батыр қолбасшы болған. Өлкетанушы Кенжеғали ҚАЙЫПТЫҢ мақалаларына зер салсақ, Пыштанай батыр 1693 жылы дүниеге келіп, 1793 жылы дүниеден өткен екен. Ол қазақ хандығының тарихында маңызды рөл атқарған Аңырақай шайқасында қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайыр ханның мыңбасы әрі ту ұстаушысы болған деп айтылады.
Пыштанай жүріс-тұрысы жәй, аяғын асықпай басатын зор денелі, екі қабағы екі көзін жауып тұратын, қараған кезде қабағын қолымен көтеретін түрі сұсты адам болған деседі. Қабақтары жауға қаһарланып ашуланғанда ғана ашылып, жайшылықта жабық жүреді екен. Осы бітіміне орай жеңгелері оны «Шабанқара» деп атап кеткен деседі. Бегіс руының шежірелерінде «Шабанқара» деген бөлім бар. Осы Шабанқара мен Пыштанай бір адам. Сонымен қатар, ел аузында батырдың Пыштанай аталып кетуі туралы да аңыз бар. Кезекті бір шайқаста қарсыласы мұрнының ұшын сойылмен соғып, батыр сол себепті Пыштанау (Пыштанай) аталып кеткен.
Бір деректерде батырдың азан шақырып қойған аты Ерсары делінген. Маңғыстау бойының тұрғындары батырды осылай атаған. Пыштанай өзі адай руына күйеу екен. Адайда Қарамойын батырдың Мамаш атты қызына үйленеді. Пыштанайдың оған дейін де әйелдері бар екен. Ата дәстүр бойынша Мамаш батырдың тоқалы болады. Қыздың ағайындары қызды тоқалдыққа берді деп ренжігенде Қарамойын «Мен талай жорықта оның батырлығы мен тапқырлығына тәнті болдым. Елді қорғайтын батыр болғасын қызымды бердім» деп жауап қайтарған екен.
Маңғыстаудағы Ералиев кеңшарының орталығы Сенектен Ақтауға қарай жолға шыққанда көзге биіктігі 4 метрдей үлкен қайрақ түседі. Адай жұрты оны «Ерсарының қайрағы» деп атайды екен. Өлкетанушы Мақсұт НЕТАЛИЕВТІҢ зерттеулеріне қарасақ, Хиуа хандығымен ұрыс кезінде адайларды Пыштанай батыр басқарған көрінеді. Хиуа хандығы осы соғыста ойсыра ұтылып, батырдың жеңісіне осы қайрақты ескерткіш ретінде орнатыпты.
Қазақ-жоңғар шайқастарында Пыштанай батыр Әбілқайыр ханның туын ұстаушы мыңбасы болып, талай рет жекпе-жектерге шыққан.
Батыр найзаның, садақтың, айбалтаның, семсерді жетік меңгерген, соғыстың айла-тәсілін бүге-шігесіне дейін білген. Пыштанай батыр аса алып денелі, қайратты адам болған деседі. Тіпті, ол мінетін белді аттар шет елдерден көп мөлшердегі таза алтын-күміске сатып әкелінетін деседі.
БАТЫРДЫҢ МЫЛТЫҒЫ
Батырдың дүниеден өткен жылы Сырым батырдың көтерілісінің бір кезеңімен байланысты. 1793 жыл Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шегіне жеткен кезі еді. Ойыл, Жем өзендері бойларында, Тайсойған мен Бүйрек құмдарында болған шайқастарда отарлаушылардан көп адам тұтқынға түскен. Сол тұтқындардың біраз бөлігін Пыштанай батыр аяушылық танытып босатып жіберген. Осы оқиғадан соң көп кешікпей батыр дүниеден өтеді. Батырдың өлімін жұрт тұтқындарды босатқанына назаланған батырдың аруағы – қара бурадан көреді. Ашуланған бура батырды басып өлтірді деген әңгіме ел арасында сақталып қалған.
Пыштанай, сонымен қатар, құралайды көзге атқан мерген болған деседі. Ел ішінде батырдың «Ақбикеш» деп аталған мылтығы жайлы аңыздар көп. Ол еуропалық стильде жасалынған от алатын патронды мылтығы болған. Ұңғысы, шүріппесі, серіппесі, сырты түп-түгел никельденген. Астында қол пулеметіндегідей екі аяқты тіреуіші бар. «Ақбикеш» жау келе жатқанда өзі қозғалып, керегеге соғады екен. Бұл, әрине, қиялдан туған дүние болуы мүмкін.
«Ақбикеш» мылтығы өте ауыр әрі ұзын болғандықтан астына биік тіреу қойылады екен. Бірақ батыр Пыштанай соғысарында бұл тіректі пайдаланбай, жерде жатқан үлкен тасты егеп-қырнап, мылтығына тірек еткен көрінеді. Жоғары айтылған «Ерсарының қайрағы» осыдан келіп шықса керек-ті.
Пыштанайдың жерленген жері, жоғарыда айтып өткеніміздей, Қызылқоға ауданына қарасты Алабие аймағының Ақмола деген жер. Енді жақында батыр басына үлкен мазар тұрғызылды.
Біздің қолымызға Пыштанай батыр бейітінің 30 жылға жуық уақыт бұрын түсірілген суреті түсті. Суретте сазға араласқан малдың бас сүйектері айқын түсірілген. Суретті облысқа белгілі фототілші, көп жылдар бойы «Қызылқоға», «Атырау» газеттерінде қызмет еткен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қайролла ҚАБДЕШЕВ түсірген екен: «Мен бұл суреттерді сонау 1987 жылы түсірдім. Өлке тарихына бей-жай қарамайтын, сол кездегі Қызылқоға ауданының әкімі Есенгелді Нұршаев әскери полигон аймағына кіруге рұқсат алып, өзі бастап барып Пыштанай батырдың басына зиярат еттік. Фотосуреттер де сол сапарда түсірілді. Аудан әкімінің зират қабырғаларынан бөлініп түскен ірі қара малының бас сүйегін ұстап түскен суреті сол жылғы республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланды. Сол кезде зираттың қабырғасының ұзындығы екі құлаштай, биіктігі бір құлаштай болды. Қалған бөлігі жермен-жексен күйде жатты».
ЖЕЗТЫРНАҚ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Пыштанай батырдың есімі аталғанда ең бірінші ойға оралатыны – жезтырнақ. Ел аузында сақталған аңызға сәйкес, «Аңырақай шайқасы» (1729-1730 жылдардағы үш жүздің жоңғар басқыншыларына қарсы күресі – авт.) жеңіспен аяқталған соң Пыштанай батыр елге жалғыз қайтып келе жатады. Жолда аң атып, қалың орманның шетінде аңның етін отқа қақтап отырады. Осы кезде орман жақтан денелі үлкен кісі үн-түнсіз от басында отырған Пыштанай батырға қарама-қарсы келіп отырады. Отқа қақталып, піскен етті батыр әлгі кісіге ұсынады. Қара қойдың терісінен тігілген тонды айналдырып киген әлгі адам етті алмай, басын шайқайды. Көп аялдамай, орнынан тұрып, келген жағына кетіп қалады. Пыштанай бұл кісінің жезтырнақ екенін білген екен. Себебі, ол батыр ұсынған етті қолымен алмады, саусақтарын көрсеткісі келмеді. Тіпті, ләм-мим деген де жоқ. Үн-түнсіз кетіп қалады. Жезтырнақ көзден кеткен соң Пыштанай қорғанудың амалына кіріседі. Үлкен томарды алып, оның үстіне сырт киімін жабады, бас жағына бас киімін кигізеді. Ал өзі оқ жететін жердегі бір ағаштың тасасына тығылады. Түн ортасы болғанда бағанағы дәу келіп, томарды қапсыра құшақтап, қос қолымен бүріп, тырнағын батырады. Осы кезде аңдып отырған Пыштанай жезтырнақты атып өлтіреді де, қос қолын кесіп алады.
Осы айтылған жезтырнақ пен «Ақбикештің» тіреуіші қазіргі кезде батыр ұрпақтарында сақтаулы.
Батыр туралы халық арасында сақталған аңыз-әңгімелер жетерлік...
ХVIII ғасырдың 30-жылдарында Маңғыстауда жергілікті қазақтар мен түркімендер арасында жер дауына қатысты шайқастар болып тұрған. Сондай шайқастардың бірі тарихта Шерқала соғысы деген атпен қалды. Осы шайқаста адайларға Пыштанай да көмекке келген. Шерқала – шағын қырат. Сол қыратқа бекінген түркімендер қырат басындағы шыңырау құдықтың мөлдір суын пайдаланатын болған. Пыштанай бастаған қазақ жасағы әлгі қыраттың бүйірін тесіп, құдықтың қабырғасынан шыққан. Сөйтіп, шыңырауға түскен қауғаның арқанын кесіп, түркімендердің су алуына мүмкіндік бермеген. Ақыры шөлден қаталаған қарсылас берілуге мәжбүр болған.
БАУЫРЫН ІЗДЕП БАРҒАН ПЫШТАНАЙ
К.Қайыптың зерттеулерінде батыр туралы тағы бір ел аузындағы әңгіме бар. Пыштанайдың әкесі Қосайдың ағасы Қожай Ақжан есімді қызды айттырады. Алайда ел шетіне Еділ қалмақтары шабуыл жасап, ұрыс даласында Қожай қаза болады. Ақжан қыз жесір қалады. Бойына Қожайдан біткен баланы беріштің билері «басқа біреуге береміз бе, Қожайдың орнын жоғалтпау керек» деп Ақжанның баласы Бөлекті елге алып келу үшін Пыштанайды жұмсайды. Сауыт-сайманын киіп, бес қаруын асынып, атына мінген Пыштанай Отар аулына келеді. Отар – Ақжанның әкесі, Есенғұлдың үлкен ұлы. Жайықтан 75-80 шақырым жерде айдын көл бар. Оқиға осы жерде болса керек.
Алып адамға үлкен үй тігіледі. Оның атын жайлап, дастархан жайып, қой сояды. Пыштанай тұрмастан жеті тәулік ұйықтайды. Оянған соң ту бие сойып, тағы қонақ етеді. Биені жеген соң да ол жақсылап тыныққан. Сөйтіп, Отар бидің аулында бір айдай уақыт болған. Батыр аулына қайтуға ыңғайланғанда ауыл үлкендері батырдың жұмысын сұрайды.
- Осында інім бар. Оның әкесі қалмақтармен соғыста қаза тапқан, бала биыл алтыда болуы тиіс. Соны алып кетуге келдім. Інімді тауып беріңдер, - дейді.
- Інің бар, аты Бөлек, бірақ бере алмаймыз. Анасы басқа күйеуге шықты, бала біреуге бала болды, - дейді ақсақалдар.
- Олай болса, билеріңізге жүгінеміз, - деген Пыштанайдың сөзінен кейін барлығы Төбе биге барыпты.
Сонда би төрелік етіпті: «Бөлек анасымен бір жағында, сен бір жағында боласың. Ашамай ер салған құнан атқа Бөлекті мінгіземіз. Әрбір жағы жүз қадам қашықтықта баланы ортаға аламыз. Ортада тұрған баладан кімге баратынын сұраймыз. Бала атымен қай жаққа барса, сол жақтыкі болады».
Мылтықтың тіреуіші мен оқшантайыБаланың бір жағында бүкіл Есенғұл ауылы мен шашын жайып жылаған баланың анасы, екінші жағында жалғыз Пыштанай тұрады. Би әлгі шартты орындап, айқайлайды. Бөлек жылаған анасын аяп, аттың басын анасына қарай бұрады. Осы сәтте Пыштанайдың аруағы қарабура «Атпай неғып тұрсың?» деп сұрайды. «Сәби ғой, қорқытып атайын ба, өлтіріп атайын ба?» деп сұрайды батыр аруағынан. «Әрине, қорқытып атасың» дейді аруағы. Анасына қарай кетіп бара жатқан баланың астындағы ашамай ердің астынан зулаған жебе баланың май құйрығын жалап, ердің бір бөлігін жұлып түседі. Бала қорқып кетіп, атының басын ағасы Пыштанайға қарай жалт бұрады да, оған еріп кетеді. Пыштанай інісі Бөлекті ержеткізіп, үйлендіріп, алдына мал салады, үстіне үй тігеді, еншісін беріп, бөлек шығарады…
Бөлек те батыр болған екен. Оның ұрпақтары қазір Талғайраң, Бесікті, Қызылтал, 17-ауыл, т.б. елді мекендерде тұрады. Бөлек ұрпақтары 1801 жылы Бөкей хандығы құрылғанда Жайықтың оң бетіне өтпеген.
Біз Пыштанай батыр туралы ел есінде сақталған аңыздар мен деректердің тек бір бөлігін келтірдік.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА