Тіл мүкістігі бар балаларға арналған облыстық №3 арнаулы мектеп-интернаты екінші оқу тоқсанынан бастап Химпоселкедегі ғимаратқа көшеді.
Ал сол жерде орналасқан есту қабілеті бұзылған балаларға арналған интернат Пушкин көшесі бойындағы ғимаратқа қоныстанады. Билік балалардың мүддесі үшін және алаңдарды анағұрлым тиімді пайдалану үшін екі интернат арасында алмасулар жүріп жатқандығына сендірді.
АТА-АНАЛАР ҚАРСЫ, ДИРЕКТОР ҚОЛДАЙДЫ
Алайда №3 интернат оқушыларының ата-аналар тобы бұл шешіммен келіспей, «АЖ»-ға жүгінді: «Біз, сөйлеу тілі бұзылған балалардың ата-аналары, мектепті көшіруге қарсылық білдіреміз. Балалардың көпшілігінде мүгедектік тобы бар. Бізге бәрі болған соң хабардар етті, енді мектепті көшіру туралы мәселе қалалық әкімдікте бекітілуі тиіс. Қазір мектеп Пушкин көшесі, 186 мекенжайында орналасқан. Оның орналасуы өте қолайлы, өйткені, балалар ол жерге қаланың әр шетінен келіп оқиды. Химпоселке жаққа қарай бар болғаны бір маршрут жүреді. Ол да сирек қозғалады, кейде сағаттап күтуге тура келеді. Өз көлігі және таксиге ақшасы жоқ ата-аналар балаларын арнайы мектептен алып, мекенжайы бойынша мектептерге ауыстыруға мәжбүр болады. Яғни, мұндай балаларға жасалатын арнайы жағдайы, арнайы оқыту әдісі жоқ қарапайым орта мектепке береді. Оның үстіне, қарапайым мектептің балаларының бәрі бірдей мүмкіндігі шектеулі баланы дұрыс қабылдай алмайды. Бұл да бала психикасына ауыр тиеді. Біздің жалпы білім беретін мектептерде түрлі ауытқулары бар балаларға көмектесуден гөрі оларды елемеуге тырысады. Бұл баланың өз проблемасымен жеке бір өзі қалуына әкеліп соқтырады...».
Ата-аналардың шағымдарына интернат пен облыстық білім беру басқармасының басшылары комментарий берді.
№3 мектеп-интернат директоры Серік ҒАЛИДЫҢ айтуынша, басқа ғимаратқа көшіру ең алдымен балалардың өздерінің мүддесіне сай қабылданған:
- Біз білім беру басқармасына баяғыда шығып, бізге анағұрлым кең, заманауи ғимарат беруді өтінген едік. Басқарманың жаңа бастығы Нұрсәуле Сайлауова Авангардтағы ғимаратты (жетім балаларға арналған интернат) ұсынды. Алайда әкімдік оны қыздарға арналған қазақ-түрік лицейіне жобалап қойған болып шықты.
Бізде қазір 182 оқушы бар, одан көп қабылдай алмаймыз. Мұндай тіл мүкістігі бар балалар қарапайым мектептерде оқуға мәжбүр. Химпоселкедегі анағұрлым кең, бейімделген ғимаратқа көшкенде алаңдардың тапшылық проблемасы шешіледі. Ол жерде қазір есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп орналасқан. Олар анағұрлым аздау. Сондықтан оқу корпустарында сыныптар, жатақханалар бос.
Біз облыс бойынша 280 шақты баланы қабылдауға тиіспіз. Оның 150-дейі жатақханаға мәжбүр. Біздің ғимаратымыз өте ескі – 1961 жылы салынған. Кабинеттер мен бөлмелер жетіспейді. Спорт залы, акт залы жоқ. Біз қазақ және орыс тілі кабинеттері үшін жабдықтар алдық. Бірақ интерактивті тақталарды ілетін жер жоқ. Мен химия және биология кабинеттерінің жабдықтарына сұраным бердім. Мұның барлығын жаңа ғимаратта пайдалана алатын боламыз.
- Қазіргі ғимараттың иесі кім?
- Ғимарат облыстық білім беру басқармасына қарайды.
- Ата-аналар Атырауда нашар жұмыс жасайтын қоғамдық көлікке байланысты проблемалардан қауіптенеді.
- Бізге Ресейден осы мақсатта сатып алынған мектеп автобустары келді. Ол «Стройконтора» аялдамасынан таңертең балаларды алып кетіп, кешке балаларды сол жерге таситын болады. Мұның бәрін біз осы аптаға белгіленген ата-аналар жиналысында түсіндіретін боламыз.
«БҰЛ БАРШАСЫ ҮШІН ЖАҚСЫ БОЛАДЫ»
Ал Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА былай дейді:
- №3 мектеп-интернатын есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының ғимаратына көшіру туралы шешім облыстық прокуратураның ұйғарымы бойынша «Баланың құқықтары туралы» нормативтік-құқықтық актілердің сақталуымен қабылданды. Мәселе мынада, түзету мектеп-интернатын кеңейту мәселесі тұрақты көтеріліп отырды. Өйткені, тіл мүкістігі бар балалар саны жылдан жылға көбеюде. Көшіру қазіргі уақытта үйде отыруға немесе жалпыға білім беретін мектепте оқуға мәжбүр анағұрлым көп баланы оқытуға мүмкіндік береді. Балалар жалпы білім беретін мектепте өзінің сырқатынан ұялып, жасқаншақтай бастайды. Бұл, әдетте, әрі қарай мұндай балалардың тілдік қана емес, психикалық дамуда қалыс қалуын тудырады.
- Тілдік түзету мектебінің орнына қарапайым мектептерде бүгінгі күні қанша бала оқиды?
- Бүгінде сөйлеу тілі бұзылған балаларға арналған интернатта 6 жастан бастап 18 жасқа дейінгі 182 бала оқиды. Ал облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның мәліметтері бойынша, биылғы жылғы қыркүйекте тілдік ауытқулары бар 80-нен астам бала бұл интернатқа іліге алмады. Яғни, олар жалпыға білім беретін мектептерде мекенжай бойынша оқуға жіберілген. Бұл мүмкіндіктері шектеулі балалардың құқығын өрескел бұзу болып табылады.
Медициналық комиссия жорамалы бойынша, 2016 жылғы қыркүйекте тілдік мектептің «0» және «1» сыныбына қала мен аудандардан 196 бала жолдама алуға тиіс. Егер мектеп-интернатта кеңейту мәселесі қазір шешілмесе, онда олар да логопедтердің білікті көмегінен құр қалады.
- Химпоселкедегі ғимараттың алаңы мен жағдайы қандай?
- Химпоселкедегі Сырдария көшесі, 3 мекенжайындағы ғимараттың жалпы алаңы 4898 шаршы метрді құрайды. Ал қазіргі Пушкин көшесінің бойындағы ғимараттың алып отырған алаңы 1200 шаршы метр.
Химпоселкедегі ғимарат барлық талаптарға сай келеді. 2012 жылы ол жерде күрделі жөндеу жүргізілді, орталықтан жылыту және сумен қамту жүйесі бар. Кең асхана 200 орындық, акт және спорт залы заманауи талаптарға сай келеді. Сынып кабинеттері жеткілікті, 200 орындық жатақхана оқу корпусынан жеке орналасқан.
Н. Сайлауованың айтуынша, бүгінде осынау алып ғимаратты бар болғаны мүмкіндіктері шектеулі – есту қабілеті бұзылған 62 бала пайдаланады. Олардың 22-сі жатақханаға мұқтаж. Яғни, мұндай айырбас жасаудың мақсаттылығы күдік туғызбайды. Оған қоса, Н.Сайлауованың айтуынша, таяу болашақта мектеп-интернатты балаларды тасымалдау проблемасын шешетін арнайы көлікпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА