«Атырау» қонақ үйінде «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның 2016 жылға арналған табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша қайталанған қоғамдық тыңдауы өтті.
БАҚЫЛАУ СТАНЦИЯСЫ ӘЗІРГЕ ЖОСПАРДА ҒАНА
Естеріңізге салсақ, компанияның алдыңғы қоғамдық тыңдауы өткізілмеген деп танылған болатын («ЕМГ қоғамдық тыңдауы кейінге қалдырылды»). Қайталама тыңдау басталар алдында ЕМГ бас директорының орынбасары Айболат ҒАБДУЛЛИН оны «жоғарғы деңгейде» өтеді деген үмітін білдірді. Тыңдау төрағасы болып Жайық-Каспий Орхусс» орталығының жетекшісі Шынар ІЗТІЛЕУОВА сайланды.
Жұртшылық сұрақтары ЕМГ қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Сәлима АБИТОВАНЫҢ Жоспары таныстырылғаннан кейін басталды. Әдеттегіше академик Мұфтах ДИАРОВ талқылау екпінімен сөз алды:
– Үш жыл бұрын «Ақ Жайықта» менің мақалам жарық көрді. Газеттің сайтында жазылған комментарийлерде, атап айтқанда, былай делінген: «“Прорва" кенішіне келіңіздер. Ол жерде мұнай өнімдері мен мұнай қалдықтарын өртейді». Мұндай жағдайға неліктен жол бересіздер? Адамдар өтірік айтады деп ойламаймын. Сіздерде қатты және сұйық қалдықтар сақтайтын полигондар қандай? «Прорва» кенішінде санитарлық-қорғау аймағының периметрі бойынша атмосфералық ауаның сапасын автоматты бақылау станциялары бар ма?
ЕМГ өкілдері ЕмбіМұнайГаз кеніштерінде мұнай қалдықтарының өртенбейтінін айтты. С.Абитованың айтуынша, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ кенішінде термокрекинг әдісі бойынша жұмыс жасайтын KASC-30M жабдығы бар. Төрт МГӨБ-де мазутталған топырақ пен мұнай шламын сақтау полигондары бар. Толтырылу шамасына қарай олар тазартылады. Өткен жылы 25 000 тонна, 2015 жылы – 4 000 тонна тазартылды, 2016 жылы 10 000 тоннадан астам тазарту жоспарланып отыр. Төрт МГӨБ-де булану алаңы бар – ол жерге тазартудан кейін кәріздік тазарту құрылғыларына сұйық тұрмыстық қалдықтар түседі. Сондай-ақ, металл сынықтарын және келісімшарт бойынша арнайы компанияларға тапсырылатын химреагенттердің ыдыстарын сақтауға арналған орындар бар.
Ал мониторингтік бақылау станцияларына келер болсақ, ЕМГ-де олар болмай шықты.
– «ЕмбіМұнайГаз» АҚ Экологиялық бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін «Жол картасын» әзірледі. Онда OPSIS компаниясынан мониторингтік станцияны сатып алу жоспарланған. Осы мақсатқа 2018 жылы 200 млн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланды, - деді осыған қатысты ЕМГ өкілі.
– Прорва неше жыл бұрын ашылды? Елу жыл ма? Тек жаңа ғана мониторинг станциясын орнатып, атмосфералық ауа сапасына бақылау жасау керек екендігі ойларыңызға келді ме? Қызық, неліктен бақылаушы органдар бұған жол берген? – деп сұрақ қойды академик Диаров. Содан соң компанияның қандай мерзімде және қандай әдіспен сынама жасайтынын сұрады.
Абитованың айтуынша, сынама тоқсан сайын бүкіл стационарлық көздерден алынады екен. Мониторингті «Экоаналитик» ГӨО ЖШС жүргізеді.
ГАЗ ТЕК ПРОРВАДА ҒАНА ӨРТЕЛЕДІ
Әрі қарай академик өндіруші ұңғымаларда атмосфералық ауа сапасы мен ахуалына бақылау жүргізіле ме деп сұрады. ЕМГ өкілі тек Прорвада ғана алаулар жанып тұратынын, өртелген газ көлемінің есебі жүргізілетіндігін, тоқсан сайын санитарлық қорғау аймағы мен алауасты аймақ шекарасындағы атмосфералық ауа ахуалына бақылау жасалатынын айтты.
М. Диаров неліктен алдағы жұмыс көлемінің ауқымдылығына қарамастан табиғат қорғау шараларын қаржыландыруды қазіргі жылмен салыстырғанда екі есеге азайту жоспарланғанын сұрады. Ол су басқан кеніштер мен көшпелі құмдар проблемасын да қозғады:
– Бұрын жел Каспий теңізі жақтан соғып тұрған кезде, желқума құбылысы нәтижесінде Мартыши мен басқа кеніштерді су басты. Мұнай қалдықтарының бір бөлігі теңізге кетті. Қазір бәрі сол күйі қалды ма, әлде қорғау шаралары алынды ма? Көшпелі құмдармен күрес шаралары жоспарланып отыр ма? Көптеген поселкелердің құм жамылып отырғаны, облыс аумағының шөлейтке айналып бара жатқаны ешкімге құпия емес. Мұны ғарыштан түсірілген суреттермен расталған ғылыми зерттеулер көрсетіп отыр.
ЕМГ өкілінің айтуынша, 2015 жылдың табиғат қорғау шараларына 2015 жылғы бүкіл экологиялық бюджеттің жартысын құраған Прорва кеніштер тобының газды күкірттен тазарту құрылғысын салу бойынша экологиялық бөлігінің шығындар сомасы енгізілген.
Кеніш периметрі бойынша Каспий теңізі аймағын желқума құбылыстан қорғау үшін бөгеттер Рено матрацтарымен (жағалауларды нығайту үшін және ылдиды эрозиядан қорғау үшін сым тордан жасалған бұйымдармен) нығайтылған.
Көшпелі құмға қатысты ЕМГ өкілдері былай деді:
– Біз бұл проблеманы білеміз және зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Диаров осы мәселені компанияның Табиғат қорғау шараларының жоспарына енгізуді өтінді.
ЛАСТАНУ ТАРИХЫ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ
Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ өткен жолғымен салыстырғанда оңды өзгеріс бар екенін атап өтті. Шамасы, ЕМГ өкілдерінің әзірлігіне қатысты айтса керек. Ол шығарындылардың ненің есебінен және қандай ингредиенттер бойынша азайғанын, жинақталған мұнай шламдарының көлемі қаншалықты төмендегенін сұрады.
Абитованың айтуынша, қазіргі кезде «Доссормұнайгаз» МГӨБ мен «Жайықмұнайгаз» МГӨБ аумағында екі газ дайындау қондырғысы жұмыс жасайды екен. 2013 жылдан бері өңделген газ тұрғындарға беріліп, осының есебінен ысыту пештерінің саны азайған. Ингредиенттер бойынша 2015 жылдың тоғыз айы ішінде: көмірсу тотығы - 4,8 тоннаға; күкіртті ангидрид – 0,81 тоннаға; азот диоксиді – 0,653 тоннаға; азот оксиді – 0,106 тоннаға; метан – 4,8 тоннаға шығарындылар азайған.
Қалдықтар саға маңындағы кәріз ысырмасы бар алаңдарды салу есебімен қысқарады. Тағы бір фактор – ескірген құбырлар жарылмас үшін оларды шыны-талшықты түріне ауыстыру.
Өз таныстырылымында ЕМГ өкілдері су тұтыну көлемі азайтылғанын айтып мақтанды. Сүлейменов соған қатысты сұрақ қойды. Тарихи ластану бойынша да сұрады:
– Өз таныстырылымыңызда сіз тарихи ластанулардың толықтай жойылғанын айттыңыз. Бірақ енді сіз тағы да оларды жою туралы жобаға тапсырыс беріп отырсыз ба? Мұны қалай түсінуге болады?
ЕМГ жауабы:
– 2014 жылы «Забурын» кенішінде, ал 2015 жылы «Қисымбай» кенішінде су тазарту құрылғылары салынды. Сондықтан су тұтыну азайды. 2016 жылы «С. Қотыртас» кенішінен «В.Мақат» кенішіне дейін су таратқыш салу жоспарланып отыр. Осылайша біз тұщы су тұтынуды азайтуды жоспарлап отырмыз.
Тарихи ластанулар бойынша:
– 2012 жылы топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жобасы жасақталды. Жоба мәліметтеріне сәйкес, тарихи ластанған жерлер алаңы келісімшарт аумағының 119 гектарын және келісімшарттан тыс
Б. Сүлейменов:
– Мен ешқашан ауыз суды үнемдеу туралы мәселені қойған жоқпын. Адамдар аз ішсін демедім. Әңгіме өндірістік циклдағы судың тұтынылуы туралы болды. Сонда сіздер өндірісте суды үнемдеудің ешбір шараларын алмаған боп тұрсыздар ғой. Тарихи ластану бойынша: сіздер бұл туралы тек бүгін ғана біліп отырғандай айтып отырсыздар. 25-30 жылдан бері мұнай ластанулары 9 м-ге дейінгі тереңдікте жатыр деген ақпарат бар. Мен тарихи ластануды жою жөніндегі жұмыстар жартылай орындалды деп есептеймін.
ТАҒЫ ДА ҰСЫНЫСТАР
Тыңдауға қатысып отырған «Батыс сараптама» ЖШС директоры Мәлік САҒИТОВ ЕМГ-ге шлам жинағыштарды жалға беруді ұсынды:
– Кезінде ЕмбіМұнайГаз шлам жинағыштардың көп мөлшерін салуға мәжбүр болды. Өйткені мазутталған топырақ көлемі кеңес дәуірінен бері жинақталған болатын. Қазір компанияда оларды осындай мөлшерде ұстаудың қажеттілігі жоқ. Ендеше неге олардың бір бөлігін сатуға немесе жалға беруге болмасқа? ЕМГ кенішінің төңірегінде шағын компаниялар көп орналасқан. Олар да мұнай өндірумен айналысады, бірақ аз көлемде. Олар да экология департаментінің ұйғарымына сәйкес, өз полигондарын салуға мәжбүр. Сондай-ақ, тендерге қатысу кезінде жеке шлам жинағыш талап етіледі. Осыған байланысты бұл полигондар көбейеді, яғни, ауқымды көлемде жер ластанады.
Компания өкілдері осы мәселені қарастыруға уәде берді. Жұртшылық тарапынан тағы да сұрақтар қойылды, бірақ ұсыныс сипатында болды. Осылайша, ЕМГ тыңдауы өтті деп танылды.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА