Атырау, 23 қараша 05:26
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Зағиптарға арналған навигатор

3 293 просмотра

Келесі жылы Атырауда, сондай-ақ ел бойынша мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын «Болашақтың қаласы» бағдарламасы басталады.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВА хабарлады. Қыркүйекте Атырауда түрлі топтағы мүгедектерге арналған нысандарға қолжетімділік электронды картасын жасау бойынша жұмыстар басталды. Облыс орталығында бүгінде тек арнайы құралдардың көмегімен ғана қозғала алатын 200-ден аса зағип жандар, 400 арбаға танылған мүгедек, сондай-ақ тірек-қозғалыс аппараттары бұзылған адамдар көп. Карта қолжетімді нысандарды есепке ала отырып, оларға өз маршруттарын жоспарлауға көмектеседі. Қажетті нысандар тізбесіне дәріханалар, аурухана, ХҚКО-лар және басқа әлеуметтік сала ұйымдары, сондай-ақ музейлер, мәдениет үйлері, вокзал мен әуежай – барлығы 53 нысан енгізілді.

- Ғимаратқа кіру, ішінде жүру жолдары, дәліздер, холдар, қызмет көрсету аймағы бағаланады. Ғимарат ішінде кедергісіз орта қалыптасуы қажет. 2012 жылы біз қалалық нысандарды төлқұжаттауды өткіздік, кейін бұл қызметті архитектура бөліміне бердік, олар осы бағытта маманданған ғой, - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің халықтың әлеуметтік осал бөлігімен жұмыс секторының меңгерушісі Анар ЖҮНІСОВА.

- Көзі көрмейтін адамдарға арналған мобильдік құрылғының көмегімен оның қай жерде тұрғанын анықтап, белгілі бір орынға, мәселен, аялдамаға немесе кафеге дейін неше метр қалғанын ескертуге болады. Бағдарламаны пайдаланудың алдында қолданушы мекенжайы мен баратын жерін атауы керек. Осы сияқты қарапайым бағдарламалардан айырмашылығы бұл бағдарлама нысан атауларын дыбыстап айтады. Оның көмегімен зағип адам жеке көмекшісін ертпей-ақ, өз бетінше жүре алады. Әрине, бұл жағдайда да жолындағы ой-шұңқырларды, кедергілерді, қауіп-қатерлерді анықтауы үшін таяқ ұстап жүруі қажет, - дейді көзі көрмейтін мүгедек Айбек ИДАЯТОВ. «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ көмегімен ол арнайы оқудан өтті, компьютерде жұмыс жасап, зағип адамдарға арнап әзірленген бағдарламаларды қолдануды үйренді. Мысалы, біздің azh.kz сайтындағы мақалаларды дыбыстық режимде тыңдайды. Керекті клавиштерді басып, Интернетке кіруге де қозғалысын «дыбыстайтын» сол бағдарлама көмектеседі.

Бүгінде «Қазақ соқырлар қоғамының» облыстық филиалы 197 адамды біріктіреді. Қоғам орынжайы 5 компьютермен және 2 «оқитын машинамен» жабдықталған. Бұл мәтінді сөйлеу синтезаторы арқылы дыбыстауға мүмкіндік береді. Керек кезінде оқушы өзі қалаған мәтіні өз даусымен сақтай алады.

- Әлеуметтік грант алсақ жақсы болар еді, бұл қаржыға біз жергілікті соқырлар қоғамының барлық мүшелерін компьютерлік сауаттылыққа үйрету үшін Айбекті шақырар едік, - дейді «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ филиалының төрағасы Марат ҮМБЕТАЛИЕВ. – Навигация бағдарламасын пайдалану да өмірімізді жеңілдетер еді, алайда мұны пайдалану үшін смартфондар мен интернет керек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

3 қараша 2015, 10:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.