Жақында құрбыларымның бірі тұрмысқа шықты. Өте салмақты, шаруақор әзірбайжан қызы тақуа неміс жігітімен бас қосты. Ал бірер жыл бұрын шыққан тегі шым-шытырық тағы бір танысым қазақ-татар қаны бар бозбаламен тұрмыс құрды. Мен осынау қызықты үрдіске ойланып қалған едім, бірақ өзімнің де грекпен шаңырақ құрғаным есіме сап ете түсті.
Дегенмен, таңқалатын дәнемесі де жоқ. Қазақстанға кезінде түрлі ұлыстар мәжбүрлі түрде қоныстандырылды. Соның салдарынан қазақтар мен орыстардан басқа, бұл жерде гректер, болгарлар, кәрістер, украиндар және басқа да көптеген халықтар тұрады. Мектепте оқып жүрген кезде тарих пәнінің мұғалімі: Қазақстан – көпұлтты ел, сондықтан бүкіл халық бейбітшілікпен және келісіммен өмір сүруі тиіс деп қайталап айта бергенді ұнататын еді.
Бейбітшілік пен келісім болған, әрине, жақсы ғой, бірақ достыққа қатысты... Әйел мен еркектің арасында ешқашан достық болмағанын және болмайтынын да айтпай-ақ қояйын. Уақыт өткен сайын түрлі ұлыстар бір-бірімен қан араластырып, әдемі метис балаларды дүниеге әкеле бастады. Енді олар ержетіп, ана сүті арқылы ұлттық түсініктерге қарсы иммунитетті бойларына сіңіріп өсті. Бұрынғыша кәріс қызы орыс ұлтының жігітіне тұрмысқа шығып, қазақтың татар қызына, ал болгардың украин қызына үйленіп жатқанына ешкім таңқалмайды. Бұл адамдардың қандарының баяғыда араласып кеткені, қаны таза адамды тек дұрыстап іздегенде ғана табуға болатыны түсінікті де.
Ал соңғы жылдары біздің мұнайлы астанамызда жаңа үрдіс байқалып жүр.
«Атырауда шетелдіктер көп болғандықтан Мендельсон маршы қазір солардың құрметі үшін ойналатын болды, - дейді Атырау қалалық әділет басқармасының іс жүргізушісі Құралай ХАЙРОШЕВА. Биылғы жыл ішінде көптеген түріктер, ағылшындар, итальяндықтар, тіпті бір Оңтүстік Африка Республикасының азаматы неке тіркеуге өтініш берді. Шетелдіктердің барлығы – ер адамдар, ал олардың қалыңдықтарының 99 пайызы жергілікті қазақ қыздары, бір пайызы – орыс қыздары. Бұл некелердің барлығында дерлік жас ерекшеліктерінде көп айырмашылық бар. Мәселен, осы жазда жастары 25-тен аспаған бірнеше ондаған қыздарымыз елудің үстіндегі шетелдік ағайларға тұрмысқа шықты.
Өкінішке орай, өткен жылы тіркелген некелердің 30 пайызы дерлік бұзылды. Әдеттегідей, оған себеп – менталитеттерінің үйлесім таппауы. «Итальяндықтарды олардың ақылға қонбайтын достық пейілмен баршасына жылы шырай танытулары, саны жоқ туысқандарының көптігі ашуларын келтіреді», - депті интернеттегі сайттардың бірінде бір итальяндықтың орыс әйелі. «Түрік күйеуім менің жеке тұлға болуыма мүмкіндік бермейді, - деп жазады екіншісі. – Ол мені кез-келген нәрседен қызғанады». «Қыздар, көмектесіңдер! Күйеуім ағылшын еді. Беймазалығымен жүйкемді жұқартып болды. Бұршақты оң жаққа, сәбізді сол жаққа, мынаны олай етпе, ананы бұлай етпе деуден талмайды...» дейді басқасы. Қалай дегенмен де, бәрі бірдей керемет болмайды ғой.
Тағы бір байқағаным: әйелдердің көбі өз фамилияларында қалғанды жөн көреді. Бірақ шетелдіктермен некеге отырған әйелдерге қатысты керісінше жағдай орын алған.
Анастасия ПАСТУХОВА
Әділет министрлігінің мәліметтері бойынша, 2010 жылы Қазақстанда 144 мың неке қиылған. Оның 8 300-і – шетелдіктермен қиылған неке. Атырау облысында биылғы жыл басынан бері осындай 122 неке тіркеліпті.
11.11.11 – жүз жылда бір рет болатын ерекше күн. Осы күні атыраулықтардың қаншасы үйленуді жоспарлады екен? Сөйтсек, бар болғаны 37 жұп екен. Осы күні үйленгісі келгендер көп болғанмен, ол үшін өтінішті 11 қазанда беру керектігін бәрі бірдей біле бермепті.