Жаңа оқу жылының басында кейбір мүгедек балалар үйден оқу үшін компьютер алды. Олардың қатарында Инамат НҰҒЫМАНОВ (суретте) та бар болатын. Алайда, кейін оған компьютердің қателесіп берілгендігі анықталды, енді оны кері қайтару қажет болған көрінеді, ал оның орнына басқа бір құрал-жабдық алмастырылып берілмекші екен.
Лейкемиямен сырқат бұл бала оқырмандарға «Инаматты қолдауға арналған концерт» деген мақала («АЖ» 7 сәуір) арқылы таныс. «5 қыркүйек күні біз Абай атындағы мектептен компьютер алдық, Инамат оны меңгеріп те үлгерді. Ол интернетті көп пайдаланады, жалпы еркін қозғалысқа мұқтаж ол секілді жандарға компьютер әлемге терезе ашқанмен бірдей. Оның сыныптастары мен достары жиі келіп тұрады. Дегенмен, эпидемиологиялық маусым басталысымен Инаматтың көпшілікпен кездесуін шектеуіме тура келеді, өйткені, оның иммунитеті нашар. Ал, жақында мектептен компьютерді қайтару керек деген хабар алдық, бізге басқа құрал-жабдықтар – жаттығу құрылғысы немесе сол секілді басқа бір заттар берілуі керек екен. Алайда, бұл менің балам үшін ауыр соққы болмақ, ол кенет сыртқы әлеммен тілдесу құралынан айырылуы мүмкін»,-деп алаңдайды Инаматтың анасы Айнұр.
Бұған орай түсінік алу үшін біз қалалық білім бөліміне хабарласқан болатынбыз. «Атырауда 80 мүгедек-бала мектепке бармайды және білімді үйден оқып алып отыр. Алайда, компьютер олардың тек 23-не ғана тиесілі,-дейді қалалық білім беру бөлімінің бастығы Фариза ШАНГЕРЕЕВА. – Нұсқаулық-әдістемелік хатқа сәйкес, балалардың сырқаттарына байланысты балалардың әрбір тобы үшін өз бағдарламасы жасақталады және сол бағдарлама аясында құрал-жабдықтар, оның ішінде компьютерлер де сатып алынады. Алайда, құрал-жабдықтар балаларға сыйға берілмейді, оқу кезінде пайдалану үшін беріледі және ол жөнінде ата-аналармен тиісті келісім-шарттар жасалады. Оқу жылының аяғында оларды тапсыру міндеттеледі. Осы құрал-жабдықтарды өз балансына алған мектептер оның қалай жұмыс істейтіндігін тексеріп, қажет болған жағдайда жөндеуден өткізіп немесе жаңалап алады. Инаматқа келетін болсақ, оның компьютерін қазір ешкім де алып кетпейді, оны жазғы каникул басталғанға дейін алаңсыз қолдана беруіне болады».
«Біздің мектепте мұғалімдер үйлеріне барып оқытатын 3 мүгедек-бала бар. Жазда бізге олардың үшеуіне бірдей компьютер бөлу керек деп хабарлаған болатын, біздер оларға компьютерлер бердік,-дейді Абай атындағы орта мектептің директоры Лұқпан СПАНОВ. – Балаларға барлық қажетті деген бағдарламаларын, антивирусты орната отырып, компьютерлерді үйлеріне апарып бердік. Ата-аналармен шартқа отырдық. Ал, жақында нұсқамалық-әдістемелік хатты түсіндіру жөніндегі арнаулы мәжіліс өтті. Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес мамандарының пікірінше, біздің мектебіміздің үш мүгедек-баласының ішінен бір қыз балаға ғана компьютер, қалған екеуіне басқа құрал-жабдықтар берілуі тиіс екен. Мәселен, Инаматқа арнайы жаттығу құрылғысы тиісті еді. Алайда, біз баланың көңілін жараламау үшін компьютерді кері қайтарып алмайтын болып шештік».
Бұдан басқа, Л.Спанов егер баланың анасы компьютердің техникалық жағдайына жауап беруге дайын болса, онда мектеп әкімшілігі оны Инаматқа жазғы каникул кезінде де қалдыруға дайын.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген В. Истомин