Атырау, 27 қараша 13:29
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Тауарларды түске дейін талап әкетті

2 503 просмотра

Өткен демалыс күндері әдеттегі апта сайын өтетін Жилгородоктағы жәрмеңкеден бөлек, Привокзальный ықшамауданындағы Арбат бойында ауыл шаруашылығы күніне орайластырылған облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Облыстың барлық аудандарынан 60-тан аса өндірушілер өз өнімдерін әкелді. Олармен бірге жәрмеңкеге астрахандықтар да қатысты. Ресейлік жеткізушілер қала тұрғындарына жемістер, көкөністер, кондитерлік және шұжық өнімдерін, қалбырларды ұсынды.

«Апта сайынғы жәрмеңкелерде ең алдымен етті, балықты және көкөністерді ғана сатып аламын. Бүгін сиыр етін 800 теңгеден, екі қапшық картоптың келісін 50 теңгеден сатып алдым. Оның базардағы бағасы 100 теңге, біздің «Лидерде» келісі 63 теңге тұрады. Қазір басқаларын сатып аламын. Өзім осы маңда тұратын едім. Жәрмеңкенің Привокзальныйда ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын, - дейді Сәния Жақыпова. - Ал жалпы, егер ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері қаланың әр ауданында: Привокзальныйда, Авангардта, Балықшы мен Жилгородокта өткізілсе керемет болар еді».

Шынымен де, қала тұрғындарының көкөністерді қапшықтап сатып алатыны жергілікті өндірушілерді қуантады. Жәрмеңкеден үнемі орын алатын Махамбеттің көкөністері мен жемістеріне Мақат ауданының өнімдері бәсекелес болды. «Картопты 27 га жерге еккен едік, бұдан басқа сәбіз бен қызылшаны да өсіреміз», - деп әңгімелейді«Жігер» шаруа қожалығының экономисі Роза ЕРЕКЕШЕВА.

Мал шаруашылығы тауары ерекше сұранысқа ие болды. Жарты күн ішінде 400-ден аса мал басы сатылды. Мереке күндерін және облыс пен одан тысқары жерлерге танымал шаруа қожалықтары, мәселен, «Сүйіндік» ЖШС-нің жәрмеңкеге өз тауарларын әкелгендігін ескерсек, бұл түсінікті де. Шаруа қожалықтары өкілдерінің айтуынша, шаруашылықта еділбай тұқымды қойлармен қатар мүйізді ірі қаралар да өсіріледі екен. Олар қолға алған басты жұмыстарын да қатар алып келеді. Әлі күнге дейін Алматыдағы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірге жұмыс істеп, оралдық әріптестерімен бірге еділбай тұқымды қойды будандастыру жұмыстарын жүргізіп отырған көрінеді. Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға және Жылыой аудандарынан әкелінген қойлар тез сатылып кетті. Өйткені олардың бағалары қонымды болатын, ірі қошқар үшін 25 мың теңгеге дейін саудаласқан.

Жәрмеңкедегі қалған өнімдер де базар бағасынан төмен болды. Мәселен, картоптың келісі 50-55 теңгеден, сәбіз бен пияз – 45-50 теңгеден, сүт – литрі 100 теңгеден, сиыр еті – келісі 800 теңгеден сатылды.

Шамасы, бағалар осындай төмен болғандықтан шығар, тауарлар тез өтіп кетті. Жәрмеңкені ұйымдастырушылар – қалалық әкімдік пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жәрмеңке бір күнге созылады деп үміттенген болатын, алайда түскі сағат 1-ге қарай сөрелерде тауарлар қалмады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

10 қараша 2011, 19:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.