Атырау, 23 қараша 05:13
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Бәріне қауіппен қарауға болмайды»

5 769 просмотра

Облыс мектептерінде бүгінде ақыл-ой дамуы кешеуілдеген 300-ден астам ерекше бала инклюзивті білім алуда. Ал физикалық тұрғыда сырқаты бар балаларды, өкінішке орай, біздің мектептер қабылдауға дайын емес.

КІШКЕНТАЙ ЛӘЙЛАНЫҢ ҚУАНЫШЫ МЕН ҚАЙҒЫСЫ

Ләйла 9 жаста. Бала кезінен балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан қыз тек биыл ғана бірінші сыныпта оқи бастады. Мектеп оған қатты ұнады. Мұғалім де оған ерекше ықыласпен қарайтын. Қуанған анасы Ләйлаға түрлі мектеп құрал-жабдықтарын алып берді, әдемі форма, түрлі бантиктер мен шұлық сатып әперді. Жалпы бұл міндетті емес еді, оған сабаққа әдеттегі киіммен баруға рұқсат берген болатын. Алайда Ләйла өзін нағыз оқушыдай сезінгісі келді. Дегенмен, оның қуанышы ұзаққа бармады. Біздің мектептер тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балалар үшін мүлдем бейімделмеген. Ғимараттарда пандустар, көтергіштер, ерекше жиһаздар, арнайы жабдықталған әжетхана мен басқа заттар жоқ.

- Жалпы, мектеп әкімшілігінің үйде оқу жөніндегі ДКК (дәрігерлік-консультативтік комиссия) мен ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия) ұсынымдары бар баланы қабылдауға құқығы жоқ еді. БЦС-дан бөлек балада жалпыға білім беретін мектеп жағдайында оқуға қиындық келтіретін басқа да диагноздар бар, - дейді №1 қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының (ПМПК) меңгерушісі Гүлрайхан ҒҰМАРОВА (суретте).

Әдістемелік ұсынымға сәйкес, мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпыға білім беретін мектепке қабылдау ата-анасының жазбаша өтініші мен оқу формасын ұсынатын психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысының негізінде жүзеге асырылады. Алайда ПМПК өз қорытындысын емдеу мекемесі ретінде баланың сырқаттық деңгейін анықтайтын ДКК анықтамасының негізінде жасайды. Қысқаша айтқанда, ДКК баланың физикалық денсаулық дәрежесін, ал ПМПК – ой-өрісінің даму дәрежесін анықтайды.

- Біз Ләйланың мектепке барып, балалармен араласқанын қалаймыз. Бұл оған қатты ұнайды. Үнемі төрт қабырғаға қамалып отыру 9 жасар сәбиге ауыр. Бұған құқылы болу үшін не істеуіміз керек? – деп мұңаяды Ләйланың анасы Зере.

Гүлрайхан Ғұмарованың айтуынша, бала заңды негізде мектептегі сабаққа бару үшін оның ата-анасы мекенжайы бойынша ДКК-ге үйден білім алудан бас тартатындығы туралы өтініш жазулары керек. Содан соң комиссия оған мектеп жағдайында сабақ оқу мүмкін бе, жоқ па, шешетін болады. Алайда баланың денсаулығына және оған қойылған диагноздың салмақтылығына байланысты маман бұл нақты жағдайда мүмкін емес деп жорамалдайды.

Ең алдымен қыздың өзіне ауыр әрі қауіпті.

Жалпыға білім беретін мектеп оны қабылдауға дайын емес. 4 сабақ бойына 45 минуттап отыру тіпті дені сау бала үшін ауыр. Оның үстіне қызға сыныпта отыруға, үзіліс кездерінде қозғалуға ыңғайлы болу үшін бейімделген жабдықтар болуы тиіс. Өйткені, сыныптастары байқамай оны қағып кетуі мүмкін.

«ОЛАРҒА ҚАРАПАЙЫМ СЫНЫПТА ҚИЫН»

Осы себепті біздің мектептерде тірек-қозғалыс аппаратында проблемасы бар балалар жоқ. Көру қабілеті нашар балалар бар – олар бірінші партада отырады. Есту қабілетінде проблемасы бар бірнеше бала кохлеарлы аппаратпен жандандыру операциясынан кейін мектепке барып жүр. Бірақ инклюзивті білім алатын балалардың көпшілігі – бұлар жеңіл және орташа деңгейде ақыл-ойы артта қалған және психологиялық дамуы кешеуілдеген, ата-аналары Махамбеттегі арнайы интернатқа жіберуден бас тартқан балалар.

– Дамуында ерекшеліктері бар балалар қоғаммен тұтастықта болуы тиіс. Қарапайым мектептерде білім алуы керек. Мен осыны толықтай қолдаймын. Алайда бәрі біздің мектептердің дайын болмауына келіп тіреледі, - дейді Г.Ғұмарова. – Мұндай балаларға қарапайым сыныптарда оқу өте қиын. Педагогтарға да 30 оқушымен қатар ерекшелігі бар баланы оқыту оңай емес. Сондықтан біз ата-аналарды олардың балаларын оқыту үшін арнайы мектеп көбірек лайықты екендігіне сендіреміз: біріншіден, ол жерде арнайы білім беру бағдарламасы бойынша дефектолог маман жұмыс істейді. Екіншіден, оқу орнын аяқтағаннан кейін оларға аттестат беріледі. Ал қарапайым мектепте тек анықтама беріледі. Үшіншіден, интернаттың оқу комбинатында балаларға тігінші, аспаз және т.б. мамандықтар беріледі. ҚР Үкіметінің 17.05.13 күнгі қаулысымен бекітілген №499 Білім беру мекемелері қызметінің үлгілік қағидаларында жалпы сыныпқа қабылданған мүмкіндіктері шектеулі балалар жалпыға бірдей бағдарлама бойынша оқытылады деп белгіленген. Ерекше емес, жалпыға бірдей бағдарламамен. Бірақ ата-аналар оларды арнайы интернатта оқытуға үзілді-кесілді қарсы болады. Ал жалпыға міндетті оқу туралы заң бар болғандықтан, ата-аналардың талап етуімен біз оларды «жеке әдіспен оқыту» деген белгі салып, қарапайым мектепке оқуға жібереміз.

Мұндай бала үшін облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметінің әдістемелік кабинетінде жеке бағдарлама жасақтауға көмектеседі. Ақыл-ойының дамуы кешеуілдеген, сөздік қоры шектеулі, ең қарапайым мәтінді оқуға және баяндап беруге мүмкіндігі жоқ балаға шет тілін немесе химияны оқытудың мәні жоқ. Бұл жағдайда ең қарапайым және қажетті заттарды оқытуға көңіл бөлінеді. Психикалық дамуы кешеуілдеген (ПДК) балалар емтихан тапсырудан босатылады, бірақ қарапайым мектепті аяқтағаннан кейін аттестат алады. Өйткені, ПДК қайтымды диагноз деп есептеледі. Сауатты түзету жұмыстарын жүргізіп, ата-аналар, педагогтар, мамандар тарапынан үнемі ықылас болған жағдайда баланың жағдайы түзеліп, одан бұл диагнозды алып тастауы мүмкін. Мамандардың айтуынша, мұндай мысалдар түрлі жастағы балалар арасында жеткілікті екен.

Атыраудың 14 мектебінде ПДК диагнозы бар балаларға арналған арнайы 57 сынып ашылған. Мұратбаев атындағы мектепте ақыл-ойының дамуы кешеуілдеген балаларға арналған 2 төменгі сынып ашылды. Өзгешелігіне қарай онда 8 баладан артық оқытылмайды, ал сабақтарды арнайы білімі бар педагогтар береді.

- Астанада психикасы бұзылған жасөспірімнің қаламымен өз сыныптасын өлтірген қайғылы оқиғадан кейін ата-аналар қарапайым мектептерде ерекшеліктері бар балалардың оқуына қауіптене қарайтын болған.

- Иә, әңгіме мінез-құлқы бұзылған ақыл-ойы кешеуілдеген бала туралы болып отыр. Мұндай диагнозы бар балалар мектепте оқытылмауы керек, олар үйде білім алуға тиіс, - дейді Г.Ғұмарова. – Бірақ ерекше балалардың бәріне бірдей солай деп қарауға болмайды. Сырқаттың түрлі формалары бар. Содан кейін, баланың өзгеретінін, есейетінін ескеру қажет. Бәлкім, ол жағдайдың әсеріне қарай ызақор болатын шығар. Қарапайым сыныпта ол үлгермейді. Балалар онымен араласқысы келмейді, ол шеттетіліп қалады. Уақыт өте келе реніші ызақорлыққа, озбырлыққа ұласады. Баланың жағдайын маман ғана бағалай алады. Биыл ашу-ызасы байқалған, сыныптастары мен олардың ата-аналары шағымданған балаларды психикалық-неврологиялық диспансерде комиссиядан өткізуді өтіндік. Бірақ оны өткізу үлкен қиындықтармен жүргізілді. Ата-аналар балаларында мұндай проблемалар жоқ деп растап, комиссияға құлықсыз барады. Нәтижесінде 7 баланы үйден оқытуға жіберуге тура келді.

ҮЙДЕН ОҚЫТУ

Тірек-қозғалыс аппаратында – туа біткен немесе түрлі зақымдар салдарынан алған проблемасы бар балалар үйден оқытылады. Үйден оқыту туралы анықтамасы болған жағдайда балаға мүгедектігі бойынша жәрдемақыдан басқа оның отбасына күтім жасау және үйден оқыту бойынша жәрдемақы төленеді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі осы жәрдемақы тағайындалған ПМПК қорытындысын басшылыққа алады. Егер отбасы бұл жәрдемақыны алатын болса, онда баланың мектепке баруға құқығы болмайды.

- Интеллектуалды дамуының және тірек-қозғалыс аппаратының бұзылуынан бөлек басқа көптеген сырқаттар бар. Балаға үнемі бақылау жасау қажет болады. Мәселен, эпилепсия, қант диабеті. Олар қалай білім алады?

- Оқу формасын ДКК арнайы диагноздар тізіміне сәйкес белгілейді. Жақында бізге қант диабетінің ауыр түріне, инсулинге тәуелді формасына шалдыққан баланың анасы хабарласты. Кез келген уақытта оның қанында инсулин деңгейі көтеріліп кетуі мүмкін, шұғыл дәрігерлер көмегі қажет болады. ДКК анықтамасына сәйкес, ол үйден білім алуға тиіс. Ал анасы оны үйден оқытуға мүлдем қарсы. Бұл жағдайда ата-аналар да бала тап болатын тәуекел деңгейін түсінуі тиіс деп ойлаймын. Егер ол мектепке барса, ол ата-анасының, мектеп әкімшілігі мен медбикенің (егер олар бұған келіссе) үнемі бақылауында болуы тиіс.

- Ал мектеп бұл баланы қабылдауға міндетті ме?

- Мектептің ауыр диагноздары бар балаларды алмауға құқығы бар.

- Мектептер қазір мұндай балаларды қабылдауға әзір болмағандықтан, бүкіл жауапкершілік оларды үйде оқытуға міндетті педагогтарға жүктеледі. Ата-аналар мұғалімдерді балаларға құлықсыз барады, сабақтарды жүрдім-бардым өткізеді, уақыт шеңберлеріне шыдамайды, яғни, әр сабақты 10-15 минуттан өткізеді деп шағымданады.

- Бұған мүлдем жол беруге болмайды. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес, бастауыш деңгейіндегі оқушылар үшін балалар үйде аптасына 8 сағаттан кем емес, негізгі және орта білім деңгейіндегі оқушылар үшін аптасына 10-12 сағат уақыт оқытылуы тиіс. Сабақтар күні, олардың саны мен ұзақтығы және кезектілігі, сондай-ақ, оқу аптасының ұзақтығы баланың жүйке-психикалық жағдайы есебімен анықталады. Яғни, мұғалім баланың жағдайына қарай және ата-аналардың келісімі бойынша сабақтың күндері мен ұзақтығын өзгертуі мүмкін. Алайда олардың саны ережеде көрсетілген уақыттан аз болмауы керек. Балаларға үйде тек негізгі пәндер: тіл мен әдебиет, математика оқытылады. Содан кейін сыныптан сыныпқа көшуіне орай шет тілі, информатика, тарих, география, биология, химия, физика оқытылады. Қажет болса, бала дамуындағы кемшілікті түзету мақсатында оқу жоспарына түзету сабақтары үшін міндетті түрде арнайы сағаттар (аптасына 2 сағаттан кем емес) қосылады. Оны мамандар: логопед-мұғалім, психолог-мұғалім немесе дефектолог-мұғалім жүргізеді. Бұл, әрине, қиындау. Өйткені, мектептердің бәрінде бірдей логопедтер мен дефектологтар жоқ. Кеңес дәуірінен бері сабақтардың арнайы кестесі қолданылады. Мұғалімдер сол бойынша жұмыс істейді, онымен ата-аналар танысып шығуы тиіс. Мұғалім келу дәптерін жүргізуі тиіс, оған ата-ана қол қойып, мұғалімнің өздеріне келіп, сабақ өткізгенін растайды. Бұдан басқа, педагогта баланың білімін есепке алу журналы мен оның дамуына динамикалық бақылау жасау күнделігі болуы тиіс. Ал мектеп баланы барлық қажетті оқулықтармен қамтамасыз етуге міндетті. Мүгедек балалар мектептерге мекенжайы бойынша бекітіледі. Лицей немесе гимназия мәртебесі болса да, оқу орнының баланы үйден оқытудан бас тартуға құқығы жоқ.

МЕКТЕПТЕР ӘЗІР ЕМЕС

Облыстық білім беру басқармасының ақпараты бойынша, инклюзивті білім беру бізде көбейіп келеді. Егер өткен жылы 92 мектепте 264 бала инклюзивті білім алса, 2015 жылы 98 мектепте 323 бала білім алуда. Көбінесе инклюзивті білімді түрлі деңгейдегі ақыл-ой дамуы кешеуілдеген балалар алады. Ал БЦС бар балаларға негізінен физикалық жағдайына және көптеген ілеспелі сырқаттарына қарай үйден оқу ұсынылған.

Дегенмен, ата-аналардың өздері БЦС сырқаты бар балаларды мектепке апармауды жөн көреді. Біріншіден, қиындықпен (немесе арбамен) қозғалатын баланы көп қабатты үй подъезінен шығару оңай емес. Өйткені, біздің үйлеріміз белгілі бір ерекшеліктері бар адамдардың өмір сүруіне мүлде бейімделмеген. Екіншіден, мектептер БЦС-ға шалдыққан балаларды қабылдауға әзір емес. Жаңа оқу орындарына пандустар салынуда, алайда бұл ерекшеліктері бар балаларға назар аударудың жалғыз белгісі ғана. Арнайы көтергіштер, дәретханалар, жабдықталған тұтқалар, жазық табалдырықтар туралы әңгіме қозғалмайды да. Ал ескі мектептерді БЦС бар балаларды қабылдауға бейімдеу үшін онда күрделі жөндеу жүргізу керек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

29 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.