- Менің апам ІІІ топ мүгедегі, Вокзал маңы ықшамауданында тұрады. Денсаулығына байланысты бірнеше жылдан бері сыртқа шықпайды, жалғыз тұрады және тұрғын үй жәрдемақысын алады. Біз, оның туыстары, оны ресімдеуге көмектесеміз: тоқсан сайын құжат жинап, барлық қажетті қағаздарды ХҚКО-ға тапсырамыз. Алайда соңғы рет бізден қабылдамады, ХҚКО мамандары апамыздың өзі келуін немесе сенімхат жазып беруін талап етті. Алайда апамыздың сенімхат ресімдейтін жағдайы жоқ, бұл үшін үйге нотариус шақыру керек, ал бұл қосымша шығын. Тұрғын үй жәрдемақысын алатын адамда мұндай ақша қайдан болсын? ХҚКО қызметкерлері қандай негізде бізден сенімхат талап етті, бұрын еш кедергісіз ала беретін еді ғой.
Альбина Ли
Сұраққа «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК Атырау филиалының директоры Тұрлан НҰРЖАНОВ жауап берді:
- Қызметті алатын тұлғаның өзі немесе оның заңды өкілдері – қамқоршысы немесе сенімді тұлғасы – құжат тапсырарда болу керектігі мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарында жазылған. «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» бірыңғай контакт-орталықтың 2015 жылғы 1 қазанда бекітілген өзара ынтымақтастық регламентінің негізінде өзі-өзіне күтім жасау, еркін қозғалу, бағдарлау қабілеттерінен толық немесе жартылай айрылған (I және II топтағы мүгедектер) тұлғаларға ғана тұрғылықты жеріне барып мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Ал ІІІ топ мүгедектігі бар мүмкіндігі шектеулі адамдарға мұндай қызмет көрсету қарастырылмаған. Осыған байланысты ХҚКО-ға өтініш берушінің өзі немесе нотариус растаған сенімхаты бар өкілі келуі керек.