– Биылғы жылдың қазанынан бастап бүкіл кәсіпкерлерде онлайн-режимде мәліметтер жолдау қызметі бар кассалық аппарат болуы тиіс деп әлденеше рет хабарланды. Бұл аппараттар болуы міндетті емес кәсіпкерлер санаты бар ма?
Телефон бойынша
Сұраққа Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Жәнібек НҰРЖАНОВ жауап берді:
– ҚР Салық кодексінің 644-бабының 18-тармақшасына сәйкес, ақшалай есеп айырысулар – тауар сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін қолма-қол ақша және төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы жүзеге асырылатын есеп айырысулар. ҚР СК-нің 645-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан аумағында ақшалай есеп айырысулар мiндеттi түрде бақылау-касса машиналарын қолдану арқылы жүргiзiледi.
Осы тармақтың ережесi: 1) жекеше нотариаттық қызметті немесе атқарушылық құжаттарды орындау бойынша қызметті жүзеге асыратын адамдардан басқа, дара кәсіпкерлер ретінде міндетті мемлекеттік тіркелуге жатпайтын жеке тұлғалардың; 2) қызметін: патент негізінде арнаулы салық режимiн қолдана отырып; ашық сауда базарларының аумағында шағын бизнес субъектiлерi үшiн арнаулы салық режимi шеңберiнде; шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданылатын қызмет бойынша осы арнаулы салық режимі шеңберінде жүзеге асыратын дара кәсіпкерлердің (акцизделетін тауарларды өткізушілерден басқа); 3) билеттер бере отырып, қоғамдық қала көліктерінде тасымалдау бойынша халыққа қызмет көрсету бөлігіндегі; 4) ҚР Ұлттық Банкінің ақшалай есеп айырысуларына қолданылмайды.
Қызметі ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желiсi жоқ жерлерде орналасқан салық төлеушіні қоспағанда, бензиндi (авиациялық бензиндi қоспағанда), дизель отынын, алкоголь өнімін көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын салық төлеуші ақшалай есеп айырысулар арқылы сауда операциялары кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдануға міндетті.
Бұл ретте бензинді, дизель отынын, алкоголь өнімін көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын салық төлеушіде осындай бақылау-касса машиналарын қолдану жөніндегі міндет 2015 жылғы 1 шілдеден бастап туындады.
ҚР Үкіметі белгілеген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде, қызметі ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желiсi жоқ жерлерде орналасқан салық төлеушіні қоспағанда, дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.