ҚР Ұлттық Банкінің Атырау филиалы еске салады: теңгемен салынған депозиттер бойынша өтемақы төлеуге өтінімдер қабылдау 2015 жылдың 1 желтоқсанында аяқталады.
Еске сала кетейін, ҚР Ұлттық Банкінің еркін айырбас бағамын (девальвация) бекітуіне байланысты жеке тұлғалардың ұлттық валютада ашқан депозиттері бойынша бағамдық айырманы төлеу механизмі құрылып, төлем жүргізудің тәртібі бекітілді.
Екінші деңгейлі банктерге өтінімдер беру мерзімі 2015 жылдың 1 қазанынан 1 желтоқсанына дейін ұзартылды.
Өтемақы салымшыға 2015 жылдың 18 тамызындағы операциялық күн соңындағы екінші деңгейлі банктерде және «Қазпошта» АҚ-да ашылған 1 миллион теңгеге дейінгі депозиті болған жағдайда төленеді. Бір шарты бар: сонымен қатар, салымшы депозитті қайта ресімдеуден соң арнайы есепшотта 1 жылдан кем емес уақыт ішінде сақтауды өз міндетіне алады. Бір жыл аяқталмай тұрып қандай да бір операциялар жүзеге асса, өтемақыға деген құқығы жойылады. Өтемақы алу үшін қайта рәсімдеуден өткен жеке депозитін бір жылға дейін пайдалануға шектеу шарты салымшылардың көпшілігін ойландырып тастаған сияқты.
Ұлттық Банктің мәліметі бойынша, Атырау облысында өтемақыға құқылы 1 миллион теңгеге дейінгі 52 мыңнан астам депозит бар екен. Алайда 20 қазандағы ахуалға сәйкес, екінші деңгейлі банктер небары 2 мың өтінім қабылдаған.
Қайрат Келімбетовтың қолы қойылған Ұлттық банкінің теңгелік депозиттерге курстық өтемақы жүргізу туралы қаулысының қосымшасына сәйкес, өтемақы тек девальвация күні, яғни 18.08.2015 күні, шотта тұрған сомаға ғана жүргізіледі.
Ұлттық банктің ақпараттары бойынша, конвертация арнайы шот ашылған күні емес, бір жылдан кейін ғана мүмкін болатын осы шоттан ақша алу сәтінде ғана жүзеге асырылады.
- Өтемақы сомасын есептеуге 2015 жылғы 18 тамызда және кері ресімдеу жүргізілгеннен бір жылдан кейін депозиттік ақшаны алу күнінде қалыптасқан ұлттық валютаның (теңгенің) АҚШ долларына шаққандағы курсы қолданылады, - дейді ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің басшысы Айнагүл АҚҚҰЛОВА.
Өтемақы курсы ретінде келесі жылы, 2016 жылғы 30 қыркүйекте шығатын курс бекітілді. Өтініштерді қабылдау мерзімінің ұзартылуына байланысты кері есептеу курстарына 2016 жылғы 31 қазан және 2016 жылғы 30 қараша күндеріндегі, арнайы шоттан ақшаны алу күніне байланысты, АҚШ долларының курсы алынады.
Сонымен, өтемақы сомасын есептеу үшін «Қазақстанның қор биржасы» АҚ-тың 2015 жылғы 18 тамыз және 2016 жылғы 30 қыркүйегінде Астана уақытымен 11-00-дегі таңғы (негізгі) сессиясында қалыптасқан ұлттық валютаның (теңге) АҚШ долларына шаққандағы орташа биржалық курсы пайдаланылады.
Өтемақы сомасы келесі формула бойынша есептеледі:
Т2:Т1-1х 18.08.2015 күнгі депозиттегі қалдық
Мұнда:
- Т1 – 2015 жылғы 18 тамыздағы ұлттық валютаның (теңге) АҚШ долларына шаққандағы курсы;
- Т2 – 2016 жылғы 30 қыркүйектегі ұлттық валютаның (теңге) АҚШ долларына шаққандағы курсы.
Мәселен, 18.08.2015 күні депозитте 1 миллион теңге болып, келесі жылдың 30 қыркүйегінде доллар курсы 260 теңгені құрайды делік. Естеріңізге салсақ, 2015 жылғы 18 тамызда Ұлттық банкінің курсы бойынша бір доллар 188,35 теңге болды.
Формула бойынша өтемақы сомасын есептеуге болады:
260:188,35-1х1000000 теңге=380 408 теңге. Сіз депозит сомасымен бірге 1 380 408 теңге алуыңыз қажет.
Осылайша, курстық айырма 380 мың теңгеге жуық немесе шамамен бір долларға 71 – 72 теңгені құрайды.
Сыйақы мөлшерлемесінің сомасын 2015 жылғы 18 тамыздағы операциялық күннің аяғында депозиттік шотта тұрған қаржыға байланысты есептеледі. Тағы да шотта сол шартты миллион теңге бар делік. Дәл осы өтемақы қосылмаған сомаға пайыздар қосылады.
Мұның барлығы арнайы шотқа аударған ақшаларыңызды бір жылға дейін қозғамаған жағдайда ғана орындалады. Негізгі сомадан да, жиналған пайыздан да алуға рұқсат етілмейді. Басқа жағдайда кері ресімдеу туралы шарт бұзылды деп есептеледі.
Сіздің барлық қаражаттарыңыз арнайы ашылған шотыңызда факт бойынша көбейіп отырады, олармен жасалған кез келген операциялар өтемақыны жоғалтуға әкеліп соқтырады.
Егер депозитті кері ресімдегенде арнайы шотқа 18 тамызда болған ақшадан (шартты 1 000 000 теңге) асатын сома салдыңыз делік. Бұл жағдайда өтемақы тек 18.08.2015 күнгі операциялық күннің аяқталу кезіндегі депозитте болған сомаға, яғни, 1 000 000 теңгеге есептеледі.
Егер кері ресімдеуде арнайы шотқа жинаған миллионыңыздан кем, шартты 800 мың теңге салсаңыз, өтемақыны осы 800 мыңға аласыз.
Ұлттық банкінің маңызды ескертпесі: физикалық тұлғаның бір банкте бірнеше депозиті болса, әрқайсысында қалған ақша миллион теңгеден аспаса, өтемақы барлық депозиттер бойынша төленеді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА