Атырау, 10 желтоқсан 22:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Нұрлан САНЖАР: «Қазіргі көлігім – 67-ші автобус»

15 688 просмотра

Жуырда бізге бірнеше ұрпақ өкілдерінің сүйікті киносына айналған «Менің атым Қожа» фильмінде басты кейіпкер рөлін сомдаған әйгілі сценарист, жазушы Нұрлан САНЖАРМЕН сұхбаттасудың сәті түскенеді.

 

-Нұрлан аға, сіз кино мен әдебиетке қатар түрен салып келесіз. Киногер бола тұра, әдебиетті одан жоғары қоятыныңыз таңқалдырадыСіз бала кезіңізде жазушы болуды армандадыңыз ба? Мектепте әдебиеттен қандай баға алатын едіңіз?

- Мен өзім тентектеу бала болсам да, сол кезден бастап кітап жазуды армандайтынмын. Тағдыр қызық қой, кинода маған жазушы болуды армандайтын тентек Қожаның рөлі бұйырды. Сол бала күндегі арман әлі күнге дейін жүрегіме сәулесін төгіп, өзіммен бірге келеді. Бірақ мен мектепте орташа оқыдым. Орыс тілін ұнатқан жоқпын. Алайда, кейін маған оны терең үйренуге тура келді. Ал қазақ тілін бізге мүлдем оқытқан жоқ. Сол себепті менің қатарлас достарымның көбі маргинальды, орыс тілді ұрпақ. Оның үстіне мен қалада туып-өстім ғой. Дегенмен, мен қазақ тілін үйрену және ұлтымның алтын бесігі ауылдың өмірін көру үшін Өскемен пединститутын бітіргеннен кейін Шығыстағы Қатон-Қарағай ауданының Қатон селосында орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі боп жұмыс істедім. Мен бұл қадамға ешкімнің мәжбүр-леуінсіз, өз еркіммен бардым. Бір жағынан ауылдың қарапайым адамдарына пайдамды ти-гізгім келді.     

-«Менің атым-Қожа» фильміндегі сүйікті кейіпкерлерімізді ойнаған актерлердің көбі көрермендермен сан мәрте жүздесті. Тек Қожаның «ата жауы» - Жантастың рөліндегі Ерік Құрмашев қана төбесін көрсетпей қойды. Ол жөнінде хабарыңыз бар ма? Жалпы, оны іздестіріп көрдіңіз бе? Жанармен (Гүлнәр Құрабаевамен) хабарласып тұрасыз ба?

-Гүлнәр Құрабаеваны көптен көрген жоқпын. Әйтеуір, энергетика саласында жұмыс істейтінін білемін. Ал Ерік Құрмашевтан мүлдем хабар жоқ. Бүкіл Қазақстан бойынша сұрау салып көрдік, еш мәлімет болмады. Ал Сұлтан рөлін ойнаған Марат Көкенов осыдан көп жыл бұрын қайтыс болған.

-Сценарист пен режиссерді немесе жазушыны көшеде немесе қызмет көрсету мекемелерінде ешкім тани бермейді. Ал киноактерді көбіне танып, тіпті, кейбір шаруасын шешуге көмектесіп жатады. Сол себепті сізде: «қап, киноактер болмадым-ау» деген өкініш болған жоқ па? Әлде сіз танымалдық ауруымен ауырмайсыз ба?

-Мен ешқашан танымалдық ауруымен ауырған емеспін. Мені жұрттың бәрі қарапайым адам дейді. Өзгелерге қандай да бір әсер қалдырып, өзіме назар аудартуды ұнатпаймын. Болмысым қандай болса, сондай боп қалуға тырысамын.

-Сіздің бүгінгі келбетіңіз-ден өте мәдениетті, салмақты, ізетті адамды көреміз. Үнемі терең ойда жүретін сияқтысыз. Бала кезіңізде шынымен де тентек болдыңыз ба?

-Бала кезінде бәрі де тентек болады. Бірақ есейіп, ақыл тоқтату кезеңі де ешкімді айналып өтпейді ғой. Білімді, мәдениетті, сыпайы адамдарды ұнатамын. Мен екі жоғары оқу орнын - Өскемен пединститутының филология факультетін және Мәскеудегі кинематография институтын бітірдім. Оған қоса өз бетімше білімімді жетілдірумен үзбей айналысып келемін. Философия ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Ғылыми монография жаздым, жуырда драматургия бойынша оқулық кітабым (лекциялар курсы) шықпақ. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде дәріс те бердім. Жуырда менің жастар мен махаббат тақырыбындағы киносценарийім мақұлданды. Құдай қаласа, 2012 жылы өзім режиссер ретінде осы тақырыпта таза зиялы фильм түсірмекпін. Сәтті болғай деп үміттенемін.

 -«Қош бол, Гүлсарыда» сіздің Шора рөлін шынайы сомдағаныңыз сондай, мен сізді шынымен ауырып қалды ма деп қорқып кеттім. Шеберлік деген осы шығар? Ал өзіңізді осы рөл қанағаттандырды ма?

-Мен артист емеспін. Бірақ барынша шыншыл ойнауға тырыстым. Ал сіздің де шошуыңыздың жөні жоқ емес, өйткені жасы ұлғайған сайын адамдар кейде ауырады ғой.

-«Ангелочек» арқылы сіз бүгінгі заманның бала кейіпкерін тудырдыңыз. Ол кино мен әдеби ортада Қожа сияқты үлкен рухани жарылыс туғызды. Әрі қарай да әдеби жоспарларыңыз бар шығар. Егер құпия болмаса, кітаптарыңызды шығаруға қаражатты қайдан табасыз?

-«Ангелочек» менің сүйікті кітабым. Оның басты кейіпкері Шыңғыс менің тәрбиемде болған бала. Мен осы бір жетім қалған балаға ұзақ жылдар бойы көмектескем. Ол бүгінде ер жетіп, азамат болды. «Ангелочекті» шығарған «Интел групп» баспасы. Берген қаламақылары күлкі келтіретіндей еді. Оның есесіне кітап қалың оқырманға ұнады. Ал менің өз кітаптарымды шығаратын ақшам жоқ. Мен де өзге көптеген жазушылар секілді кітапты шығарып беретін адамдардың көмегіне мұқтажбын. Әлі де жарыққа шықпаған дүниелерім бар. Олардың бәрі сәті түсер күнді тосуда. 

-Сәті түсер демекші, сіз баспаналы болудың сәтін 28 жыл күттіңіз ғой.  Иманғали Тасмағамбетов берген үйіңіз өзіңізді қанағаттандыра ма? Адамда арман таусылмайды емес пе. Әлде сіз тоқтай аласыз ба?

-Тасмағамбетов өз мүмкіндігінше шығармашылық адамдарына қамқорлық жасап келеді. Оған алғысым шексіз. Әрине, мен хан сарайындай үйге ие болған жоқпын. Қарапайым, дұрыс адамдар секілді өмір сүріп жатырмын. Жуырда Имекең маған 60 жасыммен құттықтап адресхат жіберіпті. Осы үшін-ақ оған бек ризамын.

- Айтпақшы, сіз өтпелі кезең деп аталатын тоқсаныншы жылдардың ішінде көнетоз жигулиіңізбен такси қызметін көрсеткен екенсіз. Ал бүгін қандай көліктер мініп жүрсіз?

- Менде Тойота деген машина болған. Ал қазіргі көлігім – 67-ші маршруттағы автобус.

- Дінге қалай қарайсыз? Намаз оқып, ораза тұтасыз ба?

- Ислам дінін қатты құрметтеймін. Бірақ қоғам бізді ұзақ жылдар атеист қылып тәрбиеледі ғой. Менің ойымша, адам Алланың көмегіне өзі де себепші болуы керек. Яғни, құр жатып алып, көмек сұрағаннан гөрі, тыным таппай еңбек еткен дұрыс. Алла адамның ниеті мен әрекетіне қарап береді ғой. Бүгінгі заманның қазағына уақытты тиімсіз пайдалануды қою керек. Мәселен, немістерді алайық. Олар жанын аямай жұмыс істейді. Бізге де аз сөйлеп, балалардың болашағы үшін көп жұмыс жасаған жөн. Әрине, бұл міндетті түрде күрек алып, жер қазу емес, балаларымызды білімді және мәдениетті азамат қылып шығару – нағыз еңбектің көкесі осы.  

- Бала күнгі сүйікті кейіпке-ріміздің бүгінгі отбасылық өмірі де бізді қызықтырады...

- Отбасылық өмір – бұл адамның жеке меншік территориясы. Бұлай ойлау менің бұлжымас қағидам. Менің отбасылық өмірімде журналистерге сенсация болатындай дау-дамайлар немесе әлдебір қанағатсыздық танытулар жоқ. Бұл жағынан мен қатардағы қазақстандықпын.

Осы сұхбатты пайдаланып, мына жайды айтқым келеді. Біз Жетірудың ішінде Жағалбайлы деген ел боламыз. Ата-бабамыз Ақтөбе мен Орал аралығындағы кең байтақ сахарада өсіп-өнген. Атырау да сол маңда ғой. Мен бұл жақтарда ешқашан болған емеспін. Кеңес заманында ата-текті білуге мән берілмеді ғой. Дегенмен, мен атамекенге деген құрметімді үнемі жүрегіме сақтап жүремін. Бәріне менен үлкен сәлем!

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Тарас НАУРЫЗӘЛІ

10 қараша 2011, 19:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.