Қазіргі таңда мемлекеттік органдар жүзеге асырып отырған әлеуметтік маңызды қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар өз құзырларына ала ала ма? Бұл мәселе 20 қазан күні Атырауда Қазақстанның Азаматтық альянсы ұйымдастырған қоғамдық тыңдауда талқыланды.
ТІЗІМДІ КЕҢЕЙТЕЙІК
Тыңдауға денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік сектордың өкілдері, сонымен қатар облыстағы ҮЕҰ-дар шақырылды.
Биылғы жылдың наурызында ұлттық экономика министрлігінде әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді дайындықтарына қарай азаматтық қоғам институттарына беру мәселелерімен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Сәуірде түрлі ведомстволармен, соның ішінде денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен, экономика министрлігімен, ішкі істер министрлігімен кездесулер өтіп, олардың нәтижесінде ҮЕҰ-дарға беру мүмкіндігі бар 34 мемлекеттік қызметтің тізімі дайындалды.
Бүгінгі таңда орталық атқарушы органдар 4 418 қызмет, ал, жергілікті органдар 757 қызмет көрсетуде. Және бұл тізім үнемі өзгеруде. 14 өңірдегі 70 шақты ҮЕҰ мемлекеттік тапсырыс бойынша халыққа кейбір, негізінен, мүгедектерге көмекпен байланысты, қызметтер көрсетуде – мәселен, сурдотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету; жеке көмекші тағайындау үшін құжаттар ресімдеу; кресло-арбалар беру; шипажай-курортты демалыспен қамту; үйден күтім жасайтын жағдайда арнайы әлеуметтік қызметтерге құжаттар ресімдеу.
Енді Азаматтық альянс мемлекеттік жоспарлау, қауіпсіздік, қорғаныс сияқты стратегиялық функциялардан басқа осы тізімді кеңейтуді ұсынуда. Мемлекеттік қызметтерді беру формалары төмендегідей: мемлекеттік тапсырыс, өзін-өзі реттеу, аутсорсинг, қызмет алушылардың қаржысы есебінен. Қазіргі таңда Азаматтық альянс мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен сәйкесінше ұсынымдар жасақтауда. Бұл жұмысқа сарапшылар мен еліміздің 14 өңірі, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларының ҮЕҰ-дары тартылған. Әр өңірде азаматтық сектор мемлекеттік қызметтерді көрсете ала ма деген сұрақты талқылауда.
ҚАРЖЫ МЕН МАМАНДАР КЕРЕК
Атыраудағы тыңдауда, сонымен қатар, мүмкіндіктері шектеулі балаларға психологиялық-медико-педагогикалық көмек көрсетуді, дамуында қиындықтары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту мен әлеуметтік бейімдеуді азаматтық секторға беру мүмкіндігі де талқыланды. Жергілікті ҮЕҰ-дар өкілдері барлығы қаржыландыру мен мамандарға келіп тірелетінін атап өтті.
- Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз және лайықты қаржыландыру жүзеге асса, ҮЕҰ-дар сапалы қызметтер көрсете алатынын сеніммен айта аламыз. Алматы және өзге өңірлерден мысал келтірейік – олар өз-өзіне қызмет көрсетуді үйретіп, тіпті, дәрігерлер бас тартқан балаларды әлеуметтендіру мүмкін екенін көрсетті, - дейді «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ басшысы Күлбаршын НҰРЖІГІТОВА.
- Қызметтерді беру мүмкін, алайда тек мамандандарылған мекемелерге беру керек – бұл қарапайым ҮЕҰ-ның қолынан келмейді, - деп есептейді «Болашақ-К» ҚҚ басшысы Жібек БИСЕНОВА.
- Біз оңалту жұмыстарымен 16 жылдан бері айналысып келеміз, қазір «Өмірге оралу» жобасында оңалтудың жаңа бағыттарына көштік, білесіз бе, көп сұрақтар пайда болды! Басты қиындық – сәйкесінше сертификаттары бар мамандар тапшылығы. Ал осы қызметтерді бізге бере отырып мемлекет қызметтер бұрынғыдан сапалы орындалатынына сенеді, - дейді ол.
- Гипертония бойынша жобаны біз облыста бес жылдан бері жүргізіп келеміз, бізде үлкен мамандар бригадасы бар. Егер мекеме дұрыс жұмыс жасаса, ол мүмкіндіктерді де, мамандарды да таба алады, - деп пікірін білдірді Қазақстанның отбасылық дәрігерлері Ассоциациясының өкілі Людмила АСТАШКИНА. Алайда оның құлшынысын әріптестері қолдамады.
- Сіздерге ТШО үнемі қолдау көрсетіп отырады, ал мемлекет ондай қаржыны бөлмейді, мемлекеттік тапсырыстың ақшасы, тіпті, тиын, - деді бір ауыздан олар.
НАҒЫЗ ЭНТУЗИАСТАР АЗ
- ҮЕҰ жаңа міндеттерді орындай ала ма деген сұрақтың жауабы олардың әлеуметтік бейнесін жасауды талап етеді, - деп есептейді «Глобус» ҮЕҰ басшысы Галина ЧЕРНОВА. Олардың көпшілігінің әлеуметтік мәртебелері бар, ресми тіркелген, алайда, шынында, өз кеңселері немесе барлығына таныс әрі қолжетімді болу үшін үнемі жұмыс жасайтын алаңдары жоқ. Мемлекет басқару алаңында әлеуметтік сала болып қала береді, алайда осы қызметтерді орындайтын штатты қысқартып, аппарат көлемін азайтады. Ал жаңа маңызды міндеттерді өз мойындарына алғысы келетін ҮЕҰ көп емес. Тәуекелділіктің тағы бір қауіпті жері – қаржыландыру, себебі, дағдарыс жағдайында мемлекеттің қанша ақша бөле алатыны белгісіз. Мамандар мәселесі тағы бар.
- Мен өзім «Бота» қорының маңызды бағдарламасы бойынша жұмыс жасадым. Бізге 17 адам жинау керек болды. Көптеген адамдармен сөйлестім, олардың арасынан жеке уақыты және қиындықтарымен санаспай ауылдарды аралап жүруге дайын адамдарды табу керек болды. Жақсы мамандар керек, ал білім беру саласы бізде ақсап тұр, - дейді Г.Чернова.
Барлық факторларды есепке ала отырып, бұл жерде тек ең мықты деген ҮЕҰ-дар қалады-ау деген қауіп бар. Олар өздерінің мүмкіндіктерін бұрыннан көрсетіп үлгерген, ал істерін жаңа бастаған ұйымдар олармен бәсекелес бола алмайды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА