Атырау, 21 желтоқсан 06:43
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

ЕМГ қоғамдық тыңдауы кейінге қалдырылды

3 668 просмотра

Өткен жұмада, 16 қазанда, «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) акт залында 2016 жылға арналған табиғат қорғау іс-шаралары жоспары бойынша қоғамдық тыңдау басталды. Алайда мұнай өндіруші компания өз жобасын қорғай алмады. Тыңдау өткен жоқ деп танылды.

Қоғамдық тыңдаудың төрағасы болып Жайық-Каспий Орхусс орталығының жетекшісі Шынар ІЗТІЛЕУОВА тағайындалды. Залда қатысып отырған қоғам белсенділерінің көбі компанияның табиғат қорғау бойынша жоспарымен алдын ала танысты. Сондықтан баяндаманы оқымастан бірден сұрақ-жауап сессиясына көшті. Дәстүр бойынша бірінші болып Мұфтах ДИАРОВ сөйледі. Ол өзінің әр тармақ бойынша ескертуі бар екенін мәлімдеді.

- Бәрін оқып керек емес. Келесі жолы тағы жиналармыз, осы күйінде жіберуге болмайды.

Атап айтсақ, қоғам белсенділері жоспарда нақты қандай іс-шаралар жоспарланғаны, зиянды заттарды лақтыру көлемін азайтуды, суды және басқа да табиғи ресурстарды тұтынуды көрсететін сандардың жоқтығына сын айтты. «Жасылдарды» Прорва кен орнындары тобында ілеспе газды жағу мәселесі ашық күйінде қалғаны қынжылтты. Естеріңізге салсақ, «Жер қойнауы туралы» заңда ілеспе газды жалынмен жағуға тыйым салынған, алайда жер қойнауын пайдаланушыларға айналып өтетін тармақ та бар – технологиялық еріксіз жағуға рұқсат беріледі және компаниялар осыны кеңінен пайдалануда. Мұнай операцияларын жүргізгенде өртеу көлемдерін есептеуге арналған үкімет белгілеген арнайы әдістеме бар. Мәселен, 2015-16 жылдарға «Прорва» кен орны бойынша экология департаменті «Ембімұнайгаз» АҚ-қа 85 млн тонна ілеспе газ жағуға рұқсат берген. Кезінде, 2013 жылы, ҚМГ БӨ газды Прорва кен орындары тобынан «Интергаз Орталық Азия» АҚ магистралды құбыр желісі арқылы тасымалдау бойынша жоба дайындаймыз деп уәде еткен.

Тыңдауды ұйымдастырушылардың айтуынша, «Прорва» кен орнында орта есеппен 125 млн тонна ілеспе газ өндіріледі, олардың 40 миллионы компанияның жеке өндірістік қажеттіліктеріне бөлінеді де, қалғаны жағылады.

- Кешіріңіздер, бірақ газды жалында жағу қазір қылмыс. Сіздер үнемі газ жағып, Прорвадағы өз қызметкерлеріңізді улап жатырсыздар. ХХІ ғасырда осылайша қалай жұмыс жасауға болады? - деп жауап берді академик Диаров. – Сіздер 100 жылдан аса уақыт жұмыс жасап жатырмыз деп мақтанасыздар... Бұл жақсы, алайда сіздер осымен бірге облыстың атмосферасы мен аумағын бүлдіріп келдіңіздер ғой. Техникалардың жұмысы, лақтырындылар зардабынан жер құмданып, облысымыздың кейбір аудандарында жер құмайттанып бара жатыр. Бұлай жұмыс жасаған ұят.

Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ осы ескертпелерге қолдау білдіріп, былай деді:

- Суға қатысты ештеңе естіген жоқпын. Соңғы үш жылда ауыз суды тұтыну қаншалықты төмендеді? Екіншісі зиянды заттардың атмосфераға шығарылуына қатысты: лақтырындылардың жалпы көлемі қанша және негізгі құрамы туралы нақты мәліметтер. Үшінші сұрақ шлам жинағыштар жөнінде: олардың мөлшерін азайту бойынша жоспарлар бар ма? ЕМГ-де буландыру алаңдарын жою бойынша нақты іс-шаралар бар ма? Мәселен, ТШО жерді қалдық сулармен ластамас үшін буландыру алаңдарын жою бойынша жобаны экология департаментіне ұсынды.

Ілеспе газ мәселесіне келетін болсақ, ұмытпасам, Прорва тобындағы газды пайдалану мәселесі 2005 жылы шешілуі керек еді. Содан бері бұл тақырыппен ешкім шұғылданған жоқ. Қазір, 10 жылдан кейін, осы мәселені тағы естіп отырмын. Бұл ешқандай сын көтермейді.

...Микрофонды қолыма алған екенмін, келесілерді айтайын. Таныстыру мен сұрақтарға жауап берудің қалай өтіп жатқанынан кәсіпорынның қоғамдық тыңдауға дайындалмағанын көріп отырмыз. Театр киім ілгіштен басталады демей ме? Біз тыңдауға келдік, бірақ бізді ғимаратқа кіргізбеді, сөйлескілері де келмеді. Біз осында жанжалдасып келдік. Тыңдауға қатысқысы келген қарапайым адам мен сияқты ұрыс шығарып, кіруге әрекет жасамайды ғой. Біз осында осылай ғана өте алдық, ал олар бұрылып кетіп қалар еді. Егер Ембімұнайгаздың бұған әлі келмесе, Шынарға айтсын, қоғамдық тыңдауды жалғыз өзі өткізіп берер еді.

Image 2Жұртшылық тыңдауды 10 күнге кері шегеруді талап етті. Президиумда отырған «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Айболат ҒАБДУЛЛИН ғимаратқа кіруде болған келеңсіздіктер үшін кешірім сұрап, алға қарай мұның қайталанбайтынын айтты. Кері болатын тыңдауды жақын күндердің бірінде өткізуді өтінді:

- Біздің 500 қызметкеріміз бар, олардың отбасында бес адамнан бар, біз жұмыстарды тоқтатып қоя алмаймыз, уақыт өтіп жатыр. Біз уақыт аламыз, бірақ көп емес, сейсенбі күніне келісейік. Бүгін жіберілген қателіктерге кешірім сұраймын. Келесіде бір сағат бұрын жиналайық, мен сіздерге мұражайымызды көрсетемін, содан кейін тыңдауды бастаймыз.

Диаров:

- Сіздерде 500 адам жұмыс жасайды, түсінеміз. Алайда облыста 581 мың тұрғын бар. Олардың денсаулығы сіздердің қызметтеріңізбен тікелей байланысты. Осыншама жылдар бойы осы мәселелерді шеше алмағандарыңызға қатты қынжыламын, жассыздар, білімдеріңіз, технологияларыңыз бар.

Өкілетті органның уәкілі, табиғат ресурстары және табиғатты пайдалану басқармасының мемлекеттік сараптама бөлімінің басшысы Анфира САРСАЛОВА алдағы бес күн ішінде дөңгелек үстел өткізіп, барлық туындағын мәселелерді талқылап, өтпеген тыңдаудың хаттамасына ескертпелер ретінде енгізейік деп ұсыныс жасады. Алайда қоғам белсенділері бұған үзілді-кесілді қарсы болды.

Диаров:

- Жоқ, бұлай болмайды. Қайдағы дөңгелек үстел? Не айтамыз?

«Глобус» ҚБ жетекшісі Галина ЧЕРНОВА:

- Кешіріңіздер, алайда бізді қалай қарсы алғандарыңыздан бастап, - бізді осы залға кіргізу үшін пақырларша қол қусырып жүрдік, жоспар деп атауға келмейтін мына жоспарларыңызбен өздеріңізді өздеріңіз форс-мажорлық жағдайға душар еттіңіздер. Сіздердің 45 кен орындарыңыз бар, әрқайсысы қалай қолданылады? Қандай нақты іс-шаралар жүргізіп жатырсыздар? Мұнда жазылған сомалар түк те емес. Біз қоғамдық тыңдауды кейінге қалдыруымыз керек, ешқандай хаттама жасалмайды.

Ш. Ізтілеуова көпшіліктің пікірімен келісіп, қоғамдық тыңдау өтпеді деп танылып, ережелер бойынша 10 күннен кем емес уақытқа белгілену керек екенін хабарлады.

- Тағы да ішке кіргізілмеген адамдардан кешірім сұраймыз, - деді ол.

Диаров:

- Осындай жағдай орын алғандықтан, келесіде бұрынғыдай қонақ үйлердің бірінде өткізейік.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

19 қазан 2015, 10:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.