Атырауда Құрман-ғазы атындағы мәдениет үйінде VI республикалық Махамбет оқулары өтті. Бұл шара дәстүр бойынша қаламызда күз айларында өтеді.
14 облыс, Астана және Алматы қалаларынан, сондай-ақ, үш республикалық мектеп – Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін терең оқытатын мамандандырылған мектеп-интернаты, С. Рахымов атындағы әскери мектеп-интернаты және О. Жәутіков атындағы мамандандырылған физика-математика мектебінің 5-11 сынып оқушылары келді.
Оқу байқауы үш турдан тұрды: «Ел құтқарар ер едім» - Махамбеттің, сондай-ақ, оның жерлестері Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз Жарылғасұлы және Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін жатқа оқу; «Ұлы арман» - Махамбет күйлерін домбырамен орындау; «Тартынбай сөйлер асылмын» - Махамбет, оның асыл мұрасы туралы өз өлеңдерін оқу.
Қатысушылар дәстүр бойынша Махамбет атымен байланысты жерлерге, бірінші кезекте оның жерленген жері, Индербор кентінен 40 шақырым жердегі Қараойға барды.
Міне, мәдениет үйі залында өр өлеңдер төгілді:
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Ерлердің ісі бітер ме?
Жас қатысушылардың өнерлеріне құрамына белгілі ақындар, ҚР өнері мен мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткерлер, үлгілі ұстаздар кірген қазылар алқасы баға берді. Белгілі ақын, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Жәниба ҚАРАСАЙҚЫЗЫ төрағалық етті.
Қатысушылар қазыларға аталған ақындардың жатқа білетін өлеңдерінің тізімін ұсынды. Тізімдер таңғаларлық. Мұнда ең азы 200 өлең, ал, Ақмола облысының 10 сынып оқушысы Саяна ИБРАГИМОВА 351 өлеңді мүдірмей айта алады екен. Әрине, әділ қазылар мұны тексеріп, тізімдегі кез келген өлеңді таңдап, оқытқызып, бәрі де шын екеніне көздері жетті.
Қорытындысында бас жүлдені жерлесіміз, Қызылқоға ауданынан келген, Махамбет күйлерін шебер ойнап, қазылар алқасын тәнті еткен Жоламан ӘДІЛХАН алды. Бірінші орынды Ахай Мадияр (Жамбыл облысы), Ғабит Ғафуров (ОҚО) және Әселхан Балерке (СҚО) бөліссе, Өмірбай Мұрат (ОҚО), Жекен Мұхтар (Алматы), Тельман Гүлім (Ақтөбе), Нұрлыбек Манапов (ШҚО), Ораз Елмұрат (Атырау) және Бағыт Нұрлыбек (Махамбет ауданы) екінші орынды, Саяна Ибрагимова (Ақмола облысы), Саят Әмірханов (БҚО), Манап Ербұлан (СҚО), Орал Бірлес (Ақмола облысы), Сұлтанбек Тәжіғалиев (Алматы), Асылхан Амангелдиева (Маңғыстау облысы), Сағидолда Елназар (Алматы), Азамат Бақиев (БҚО) және Азатбек Бергенбек (Ақмола облысы) үшінші орынды иеленді.
Жеңімпаздарға дипломдармен бірге ноутбук, ұялы телефон, планшет сияқты бағалы сыйлықтар табыс етілді.
- Махамбет тарихи тұлға ретінде ғана емес, шығармашыл жан ретінде де өрліктің, рухани байлықтың және зор адамгершіліктің үлгісі болды, - дейді ақын, зерттеуші және аудармашы Бекет ҚАРАШИН. – Міне, сондықтан да біз ғасырлар бойы оның өлеңдерінің әсерінен шыға алмай келеміз.
- Мұндай байқаулар өте пайдалы, өйткені, қазір жастар көп кітап оқымайды, ал мұнда поэзияны сүйетін және өлең жазатын құрдас-құрбыларыңмен кездесіп, танысуға болады. Жанға жағымды бұл ауан шабыт әкеледі, - дейді жас ақын, Кіші өнер академиясының 10 сынып оқушысы Ораз Елмұрат.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА
Суретті түсірген автор