Атырау, 26 желтоқсан 12:32
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Бәрі де тәртібіне байланысты

3 420 просмотра

- Адам бірінші рет 10 жылға сотталып, соның 5,5 жылын отырып үлгерді. Тәртібі жақсы. Алған мадақтаулары да бар. Ешкіммен жанжалдаспайды. Мекеме режимін бұзбайды. Ешкімге физикалық та, моральдық та зиян келтірмеді. 2013 жылы жеңілдетілген талаптарға көшірілді, ал бұл мадақтаудың ұзақ нысаны болып табылады. Жазасын өтеп жүріп үйленді. Оны қатаң режимнен жалпы режимге ауыстыруға бола ма? ҚР ҚК-нің 73-бабы 4-тармағын, яғни, онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр қылмыстар немесе аса ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, егер ол жазаны өтеу кезеңінде қылмыстық топ жасаған қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал еткен не процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, сот қалған өтелмеген жазасының жартысынан аспайтын бөлігін қысқарта алады деген норма қолданыла ма?

Жазаны жеңілдеу түрімен ауыстырудың қандай түрлері бар? Ол қандай ауырлықтағы қылмыстарға қолданылады? Бұл процестер қалай жүреді?

ҚР ҚПК-нің 66, 67 және 70-баптарына сәйкес, егер жұбайы жазасын өтеп жатса (жаза мерзімінің көп бөлігі өткен), заңды әйелі қорғаушысы болып тағайындала ала ма?

Сотталушы әйелінің кепілгерлігімен және жұмысқа қабылданғаны туралы анықтама ұсыну арқылы үйқамаққа шыға ала ма?

Осындай жағдайда үйқамақ кімдерге қолданылады?

Жаңа қылмыстық кодексте аса ауыр қылмыстар бойынша қандай өзгерістер бар?

Егер шартты мерзімінен бұрын босату беруден бас тарту отырған мерзімінің жеткіліксіздігімен уәжделген болса, алайда бұл адамға жеңілдетілген ұстау талаптары қоланылатын, жақсы мінездемесі бар болса, сондай-ақ, шартты мерзімінен бұрын босату беруге ұсынысты отырған мерзіміне байланысты ұстау мекемесінің өзі ұсынса, бас тарту заңды ма?

Сұрақтар azh.kz сайтынан

Сұраққа Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ жауап береді:

ҚР ҚК-нің 48-бабы 5-бөлімі б) тармағына (жаңа редакцияда 3-тармақ) және ҚР ҚК-нің 46-бабы 5 бөліміне сәйкес, бірінші рет сотталып тұрған адамға аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қатаң режимдегі түзету колониясында бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Сәйкесінше, сұрақта көрсетілген адам аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған.

Тәртібіне және еңбекке деген қарым-қатынасына байланысты сотталушыларға түзету мекемелерінің түрлері өзгертілуі мүмкін. Қылмыстық атқару кодексінің 73-бабы 2-бөліміне сәйкес, өзiн жақсы жағынан көрсеткен сотталғандар жазасын одан әрi өтеу үшiн түрмеде сот үкiмi бойынша тағайындалған мерзiмiнiң кемiнде жартысын өтегеннен кейiн ұстаудың жеңiлдетiлген жағдайларындағы түрмеден түзеу колониясына, қатаң режимдегi түзеу колонияларынан колония-қонысқа ауыстырылуы мүмкiн.

Осы баптың 3-бөліміне сәйкес қылмыстардың аса қауiптi қайталануы жағдайында сотталғандар, аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн сотталғандар, өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ, өмiр бойы бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар, өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылып сотталғандар, мiндеттi емделуден өтпеген, сондай-ақ, жабық үлгiдегi медицина мекемелерiнде арнайы емдеудi талап ететiн сотталғандар; колония-қонысқа ауыстыруға жазбаша түрде келiсiм бермеген сотталғандар колония-қонысқа көшiрiлуге жатпайды.

ҚК-нің 73-бабы 4-тармағы жазаны өтеу кезеңінде қылмыстық топ жасаған қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал еткен не процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда ғана қолданылады. Бұл жағдайда сот қалған өтелмеген жазасының жартысынан аспайтын бөлігін қысқарта алады.

ЖҰМЫС ҚАЙДА, ҮЙ ҚАЙДА?

Жазасының өтелмеген мерзімін жазалаудың жеңіл түріне ауыстыру немесе жазаның тағайындалған мерзімін қысқарту ҚР ҚК-нің 73-бабында көрсетілген. Өтелмеген жаза мерзімінің бөлігін жазаның жеңіл түріне ауыстыру мәселесі сотталушының өтініші бойынша, сондай-ақ, ҚПК-нің 478-бабы 5-тармағында қарастырылған (ҚР Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының ынтымақтастық туралы процестік келісім аясында өтініш беруі) жағдайда қаралады.

Жазаны орындайтын орган сотқа заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар материалдарды, атап айтсақ, жазалау мерзімін өтеу туралы мәліметтерді, қылмысы арқылы келтірілген шығынды өтегені туралы мәліметтерді, сотталушының жазасын өтеу мерзіміндегі тәртібін сипаттайтын нақты деректерді, оның маскүнемдік пен нашақорлықтан емделгені және оның нәтижелері, міндетті түрде емдеуді қажет ететін басқа да ауруларының бар екендігі жөнінде, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы туралы мәліметтерді ұсынуы керек. Сонымен қатар, осы орган сотқа сотталушының дәл осы сәттегі түзелу дәрежесі туралы пікір жазып, оның жазалау мерзімін толық өтеуі керектігі немесе мұндай жағдайлардың жоқтығы туралы, сондай-ақ, сотталушының босатылғаннан кейін тұратын жері және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы мәліметтерді (туыстарының жазбаша келісімі, жұмыс жасайтын ұйымынан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тұрғын үй беруі) ұсынады.

КІСІ ӨЛТІРГЕНІ ҮШІН ЖАЗА ҚАТАЙТЫЛДЫ

Жазадан шартты мерзімінен бұрын босату мәселесін қарағанда сот отырысына сотталушы, қорғаушы, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілі, прокурор міндетті түрде қатысуы керек.

Істі қарау нәтижелері бойынша сот өтінішті қанағаттандыру туралы, өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы немесе шартты мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартып, жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін жеңіл жазамен ауыстыру туралы шешім қабылдайды.

Аса ауыр қылмыс жасаған тұлғаға әрқашан кез келген жағдайда бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Осы қылмыс түрлері бойынша жаңа кодексте көп өзгеріс жоқ, көптеген баптарда жаза сол күйінде қалды.

Алайда ҚК-нің 96-бабы 1-тармағы («Адам өлтіру») бойынша санкция 8 жастан басталады (бұрын 6 жас болды), 2-бөлімдегі санкция 25 жаста аяқталады (бұрын 20 жас болды).

Сонымен қатар террористік немесе экстремистік қызметтерді қаржыландыру және терроризм мен экстремизмге басқа да қолдау көрсеткені үшін жаза күшейтілді (ескі редакцияда – 5 жылға дейін, жаңада – 3 жылдан 7 жылға дейін).

ӘЙЕЛІ ДЕ ҚОРҒАЙ АЛАДЫ

ҚР ҚК-нің 66-бабына сәйкес, Қорғаушы – қорғалуға құқығы бар куәнің, күдіктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оларға қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде заң көмегiн көрсететiн адам. Сотталушының жазбаша арызы бойынша оларды адвокатпен қатар қорғауды жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, қорғаншысы, қамқоршысы не қорғалатын адамды қорғаншылыққа немесе асырауына алған ұйымның өкілі жүзеге асыра алады. Сәйкесінше, сотталушының өтініші бойынша іске жұбайы қорғаушы ретінде қылмыстық өндірісті жүргізіп отырған органның қаулысы бойынша қатыса алады.

ҚПК-нің 137-бабына сәйкес, үйқамақ бұлтартпас шарасы болып табылады. ҚПК-нің 146-бабына сәйкес, Үйқамақ күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстамай, бірақ осы Кодекстің 147-бабында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен судья белгілеген шектеулер қолданыла отырып, оларды қоғамнан оқшаулауды білдіреді. Сотталған адамға үйқамақ қолданылмайды.

ҚПК-нің 147-бабы нормаларына сәйкес, Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өтінішхатын қолдау, күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы мәселені шешу кезінде күзетпен ұстаудан бас тартып, тергеу судьясына басқа бұлтартпау шараларын, мәселен, үйқамақ тағайындауға өтініш жіберуге құқылы. Сонымен қатар, ҚПК-нің 148-бабы 7-тармағына сәйкес, тергеу судьясы күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қарау нәтижесі бойынша күзетпен ұстауды санкциялау туралы не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Тергеу судьясы екі ай мерзімге күзетпен ұстауды санкциялау үшін жеткілікті негіздер барын байқамаса, он тәулікке дейінгі мерзімге күзетпен ұстауды не үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын немесе кепілді қолдануды санкциялауға құқылы.

ҚПК-нің 146-бабы 2-тармағына сәйкес, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты үйқамақ қолданылған кезде бір немесе бірнеше шектеу қолданылуы мүмкін:

1) тұрғынжайдан барлық уақытта немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салу;

2) осы бөліктің 5) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, телефонмен сөйлесуге, хат-хабар жөнелтуге және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салу;

3) белгілі бір адамдармен араласуға және кімді болса да үйінде қабылдауға тыйым салу;

4) электрондық бақылау құралдарын қолдану және осы құралдарды өзімен бірге алып жүру міндетін жүктеу;

5) бақылау мақсатындағы телефон қоңырауларына немесе өзге де бақылау сигналдарына жауап беру, анықтау органына немесе күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының мінез-құлқын қадағалауды жүзеге асыратын басқа да органға телефон шалу немесе оларға белгілі бір уақытта жеке өзінің келу міндеттерін жүктеу;

6) күдіктіге, айыпталушыға немесе олардың тұрғынжайына бақылау орнату, сондай-ақ, олардың тұрғынжайына немесе оларға тұрғынжай ретінде бөліп берілген үй-жайға күзет қою;

7) күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын және қоғамнан оқшаулануын қамтамасыз ететін басқа да шаралар қолданылады.

Осыған сәйкес, үйқамақ түріндегі бұлтартпас шара күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға ғана қолданылады.

ШМБ-ҒА ҚАТЫСТЫ

Шартты-мерзімінен бұрын босатуды (ШМБ) қолдану негіздерінің бірі тұлғаның ҚР ҚК-нің 72-бабы 3-тармағында көрсетілген жасаған қылмысының дәрежесіне байланысты жазалау мерзімін өтеу болып табылады. Шартты-мерзімінен бұрын босату сотталған адамның төмендегі мерзімдерді өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін:

1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;

2) ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын;

3) аса ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екісiн іс жүзінде өтегеннен кейін, сондай-ақ, егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша жойылған болса;

4) осы Кодекстің 120-бабы үшінші бөлігінің 3) және 5) тармақтарында, 121-бабы үшінші бөлігінің 3) және 5) тармақтарында көзделген қылмыстар үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде төрттен үшін іс жүзінде өтегеннен кейін, сондай-ақ, егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша жойылған болса;

5) сотталған адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін не аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын іс жүзінде өтегеннен кейін ғана шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылуы мүмкін.

Қандай жағдай болмасын, сот сұрақта аталған адамның өтінішті қарау кезіндегі емес, барлық жазасын өтеу мерзіміндегі тәртібін мұқият зерделеуге міндетті.

Дайындаған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

15 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.