Атырау, 23 қараша 05:06
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Көне Сарайшықтың екінші өмірі

4 383 просмотра

«Ортағасырлық Сарайшық» жобасы жүзеге асуға дайын. Бір қызығы, XIII ғасырда негізі қаланған Сарайшық қаласын орнынан кері көтермейді, бір жарым шақырым жерден «көшірмесін» салады.

ГАЗЕТТЕН ОҚЫДЫҚ

Естеріңізге салсақ, 2013 жылы тілшілеріңіз Астрахан облысы Селитренное ауылы аумағында орналасқан жасанды көне Сарай-Батуды көріп келгеннен кейін «АЖ» осы идеяны көтерген болатын («Орданы құтқару» мақаласын қараңыз). Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы біздің жарияланымға назар аударып, әкімдік мамандары көп ұзамай кезінде «Орда» тарихи көркем фильміне үлкен декорация ретінде салынған осы туристік нысанды нақты зерделеу үшін Астрахан облысында болды.

Тәжірибе алмасу сәтті өтті, алайда атыраулық суретшілер, декораторлар, өлкетанушылар мен тарихшылар өз жобаларында астрахандық әріптестерінің кейбір идеяларын алғанымен, негіз ретінде шынайы ақпарат көздерінен келген тарихымызға тән нақыштарды таңдады.

ЖАСАНДЫЛЫҚТЫ АЗАЙТУ

Өр суының әсерінен суға шайылып бара жатқан көне Сарайшықтың тағдырын қайталамас үшін «жаңа ескі» қала жобаға сәйкес жағалаудан алысырақ орналасады. Шын Сарайшық болашақ құрылыс алаңынан 1,3 км қашықтықта жатыр.

- ...Астрахандық Сарай-Батуға барып қайтқаннан кейін мамандарымыздың пікірі екіге бөлінді, - дейді Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының туризм бөлімінің басшысы Қарлығаш БЕКБАЕВА. – Бірі көне қаланы Сарай Бату сияқты, яғни, арғы жағында ештеңесі жоқ, тек есік-терезесі салынатын жасанды, бутафорлық үйлер мен зындандар түрінде салу керек десе, келесілері бұл ғимараттарды туристер осы үйлерге, мәселен, қолөнерші үйіне кіріп, құралдары мен жасаған бұйымдарын көре алатындай шынайы салу керек деді. Басқа ғимараттардан ол мұражай жәдігерлерімен танысып, құмырашы, зергер, темір ұстасы ұстаханаларынан адамдарды көре алар еді. Олар туристерге ата-бабаларымыздың көне ғасырларда немен шұғылданғандарын көрсетіп, қажет болса, үйрете алар еді.

Ұзақ та қызу пікірталастан кейін екінші нұсқаға тоқтадық. Басқарма мамандары мұның қымбатырақ шығатынын мойындағанмен, туристер үшін қызықты болатынын алға тартты. Болашақ Сарайшықтың болжалды ауданы 8 га болатынын ескерсек, осы кең аумаққа фильмнің қарапайым декорацияларынан шынайы танымдық туристік нысанның айырмашылығын көрсететін барлық ғимараттарды салуға болады. Бұл облысымыздың тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналар еді.

...ҚАЙЫҚ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ

Сарайшық-2 жобасын суретші-көркемдеушілер қалай елестетті? Біріншіден, үшбұрыш қылып салынатын қала ортағасырлық қалалар сияқты қамал қабырғаларымен қоршалады.

Тарихи деректерге сәйкес, көне Сарайшық керуен жолындағы қолөнер, сауда-саяси орталық, бір уақыттарда Ноғай Ордасының астанасы да болған. Сондықтан екінші Сарайшықта қолөнер және тұрғын үй көшелері, сондай-ақ, әміршінің сарайы салынады. Сарайға келетін болсақ, әрине, ол толықтай салынбайды, тек бір бөлмесі ғана ХІІІ ғасырда хандардың қалай тұрғанын көрсететіндей жабдықталады.

Сол жерге мінәраты, медресесі және ханакасы (сопының тұратын жері) бар медресе салынады. Бұл қаланың екі бағыттан келетін үлкен керуендерге қызмет көрсететін бай орталық болғанын да ұмытпауымыз керек, сондықтан жобада базар мен керуен сарайлар бар. Киіз үй, сардоба (су сақтайтын күмбезді құдық), зындан, сондай-ақ, монша, жасақ жатыны да салынады... Алайда, маған үлкен әсер еткені үлкен қорапшалардың қасында елеусіз тұрған шағын қайық болды. Белгілі аңызға сәйкес, көне қала аумағында жасанды көл – Жәнібек ханның сұлу қызы «алтын» қайықпен жүзіп жүретін Секер көлін жасау жоспарлануда.

Бұл жобада атыраулықтар ғана емес, астаналық ғалымдар да жұмыс жасады. Мысалы, Ә. Марғұлан атындағы Археология институты Астана филиалының директоры Зейнолла САМАШЕВ.

ИНВЕСТОРЛАР КЕРЕК

Осының барлығы неден салынады? Сарай-Батуда қамыс пен балшық пайдаланылып, негізіне қарапайым ағаш қораптар алынды. Біздің мамандар қаланы дәстүрлі құрылыс материалдарымен салмақшы, яғни, ғимараттар құрылысына темір бетон, силикат кірпіш, қайыршақ тас пайдаланады. Ал ғимараттардың сыртын көне қаланың кейпін келтіретіндей балшықпен соғып, қамыспен, керамикалық тақтайшалармен, гипс бұйымдарымен қаптамақшы.

«Ортағасырлық Сарайшық» жобасының қазіргі кезеңінде сызбасы, макеті және ғылыми негіздемесі әзірленді. Бұл жұмыстарды құрамына мемлекеттік органдар, АМУ-дің ғылыми қызметкерлері мен тарихшылар кірген комиссия бекітті. Алайда үлкен құрылыстың басталу мерзімі әлі анықталған жоқ. Қазір басқарма жобаны жүзеге асыратын инвесторлар іздеумен айналысуда. Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында болса да бұған инвесторлар табылады деген үміт бар. Өлкеміздің тек мұнайға емес, тарихы да бай екенін еске алатын уақыт жеткен сияқты.

Анастасия ПАСТУХОВА

15 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.