Өткен демалыс күндері «Мекен» шаруа қожалығындағы атыс алаңында Атырау облысы тарихында алғаш рет стендтік атудан турнир өтті. Ол өңіріміздегі алғашқы жеке меншік аңшылық шаруашылығының негізін қалаушы Олжас САҒАТТЫ еске алуға арналды.
Бүгінде «Мекен» шаруа қожалығы - аумағы 29 гектарды құрайтын үлкен демалыс базасы. Оның тарихы бес жыл бұрын аңшылық үшін қырғауыл өсіру фермасын құру идеясынан басталды. Алайда уақыт өте шаруашылық кеңейіп, бұл аңшылардан басқа табиғат аясында уақыт өткізгісі келетін кез келген адам демалатын орынға айналды. Мұнда спорттық балық аулауға арналған екі жасанды айдын, асыл тұқымды жылқыларды баптайтын ат қора (атқа мініп, серуендеуге болады), аңшы иттер өсіретін орын, бассейн және тағы басқалар бар.
Екі жыл бұрын «Мекен» шаруашылығының негізін салушы Олжас Сағат ЖКО-да қайғылы қазаға ұшырады. Алайда туыстарының арқасында бастаған ісі жалғасын тапты.
...Күннің бұлыңғырлығына қарамастан турнирге елуге жуық қатысушы келді. Араларында кәнігі аңшылар да, қолына қаруды алғаш ұстаған адамдар да болды. Қатысушылар қозғалмалы нысаналар – лақтыру машинасынан ұшырылған тәрелкелерді атты. Нысана атқыштан 16 метрге ұшып, 40 метр биіктікке дейін көтерілді. Тек 36 грамдық бытыралы контейнерлік оқтармен аңшы мылтығынан атуға рұқсат берілді. Әр қатысушыға 6 нысана – үшеуі оң жақтан, үшеуі сол жақтан – бөлінді. Тәрелкені аз атып түсірген адам ойыннан шығып қалды. Тәжірибелі аңшылар Александр МАТВЕЕВ пен Герман ХАН төрешілік етті.
- Осындай турнир өтетінін таныстарымнан естідім және достарыммен бірге міндетті түрде қатысамын деген шешімге келдім, - дейді атқыштардың бірі Олег КУВЫЧКО. – Қазір аңшылық маусымы болса да, ататын құс аз, оған қоса синоптиктер демалыс күндері жаңбыр болады деп хабарлады. Өзіңді осындай аңшыларға арналған жарыстарда сынап көрген қызық, әңгімелесіп кеткеннің өзіне не жетсін!
Жарыс өте қызықты өтті және нәтижесі соңына дейін белгісіз болды. Іріктеу турында жақсы өнер көрсеткен атқыштардың жартылай финалда жолы болмаса, басында үйлесе алмағандар, керісінше, соңында керемет өнер көрсетті.
Ал итальяндық Паоло МАЙНОЛИ ең үздік атқыш атанды. Бірде-бір оғы мүлт кетпеді! Мерген әр атқан сайын тәрелкенің қақ ортасынан тигізіп, жарқыншақтар күлдей шашылып, жоқ болды. Паоло – үлкен тәжірибесі бар аңшы, сондай-ақ, стендтік ату жарысына бірінші рет қатысып отырған жоқ екен.
Менің кәсіпқой атқыштың қатысуымен спорттық қағида бұзылған жоқ па деген әлсіз ескертуімді басқа атқыштар жоққа шығарды.
- Керісінше, бұл жақсы ғой! Паоло турнирге үлкен азарт енгізді. Үйренетініміз көп әлі, - деді финалда итальяндықпен тең өнер көрсетіп, тек соңғы нысанадан мүлт кеткен Григорий СТЕКОЛЬНИКОВ.
Қорытындысында бірінші орынды Паоло Майноли, екінші орынды Григорий Стекольников, үшінші орынды Павел ГОЛУБЕВ алса, жақсы нәтижелері үшін ынталандыру сыйлығы Сәбит НҰРҒАЛИҒА бұйырды.
Жарыстан кейін қатысушыларды үлкен қазанға пісірілген палау мен кәуап күтіп тұрды. Үлкен ортақ үстелде оларға өз сезімдерімен бөлісіп, қару-жарақтарды талқылап, аңшылық аңыздар айтудың сәті түсті.
Марқұм Олжастың әкесі Сағат ТҮГЕЛБАЕВ турнир қатысушыларына ризашылығын білдіріп, бұл жарысты жыл сайын өткізуге уәде берді.
Стендтік ату – ату спорты түрлерінің бірі. Жарыстар ашық ату алаңдарында өтеді. Тегіс ұңғылы мылтықтан бытыралы оқпен арнайы нысана – тәрелкелер атылады. Бірнеше бытыра тисе де, тәрелке сынады. Нысаналар битум пекі (асфальт жасайтын қоймалжың) мен цементтің қоспасынан жасалып, арнайы машинаның көмегімен аспанға лақтырылады. Стендтік ату аңшы мылтығымен құстарды ататын аңшылар сайысынан шыққан. Мұндай жарыстар Еуропада (Англияда жақсы дамыған) орта ғасырларда өте бастаған. ХІХ ғасырдың аяғында және ХХ ғасырдың басында алғашқы Олимпиадалық ойындарда атқыштар аспанға лақтырылған тірі көгершіндерді атып жарысқан. Кейін көгершіндерді тәрелкемен ауыстырды. Стендтік ату Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енеді және көне олимпиадалық жарыстардың бірі болып табылады. Стендтік атудан алғашқы жүлделер 1900 жылы Парижде өткен ІІ Олимпиадалық ойындарда сарапқа салынды. Содан бері 1904 және 1936 жылдардан басқа барлық Ойындарда бағдарламаға кірді. Стендтік атудан әлем чемпионаты 1935 жылдан бері өткізіліп келеді.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор