Атырау, 23 қараша 23:28
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Үш тағдыр - ұқсас тұрмыс

2 748 просмотра

Мақатта  жұмыссыздар саны 1 мыңға жетіп отыр. Бұл ресми дерек. Ауданда 38 мың тұрғын бар екенін ескерсек тіркелмегені қанша екенін есептей беруге болады. Бұл жолы мұнайлы аудандағы отбасылар күйін саралауға тырыстық.

ВОКЗАЛ ЖАҒАЛАҒАН ҚЫЗ

Тағдырлары талқыға түскендер ертеңге деген үміттерін сейілтпегенімен жүздері жадау көрінді. Елуді еңсерген әйел өзін БАЯРОВА Айсұлу (суретте) деп таныстырды. Екі баласы бар, ұлы жиырма жеті жаста, қызы енді он сегіз жасқа толады екен. Отағасы жоқ.

 Балам Қарабатанда жұмыс жасайтын, қысқартуға ұшырағаннан кейін жұмыссыз. Ақылы қоғамдық жұмысшы есебінде 18 мың теңге аламын. Бұл бірақ ештемеге жетпейді. Қазір қарызға белшеден баттым. Тамақты жаздыртып аламын, ақша түссе таратып беремін, сосын тағы қарызға кіремін, - дейді А. Баярова. 

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, жазда үйі өртеніп, шағын тоңазытқышынан, басқа да тұрмыстық заттарынан айырылып қалыпты. Өрт керосиннен шыққан. Жарық, газдың өтемақысын төлемегендіктен бір жылдан бері ажыратып тастаған. Ас, суы тақыл-тұқыл отбасының қазіргі қалі осы. Айсұлудың қызы вокзал жағалап, самса, манты сатады екен. Енді газ болмағасын ол да қиындап кеткен. Бірақ пысық қыз керосинді пайдаланып амалдауда. Базар жағалаған қыз әзірге анасының көмекшісіне айналған.

 

КИІМ АЛАМЫН ДЕП ҚАРЫЗҒА БАТТЫ

Балқаш Бақтыгереева да жалғыз басты ана, қызы тұрмысқа шыққан, қолындағы жалғыз баласы тоғызыншы сыныпта оқиды. Баласына берілетін жәрдемақы мен ақылы қоғамдық жұмыстан табатын табысын қосқанда айына 19 500 теңге кіріс кіреді. Балқаш та дүкеншілерге беретін 30  мың теңге қарызын ойлап шошып отыр.

 Отбасының жалғыз асыраушысы болғандықтан ақылы қоғамдық жұмысқа ілігіп жүрмін. Біз көше тазалаймыз. Мен не жұмыстан болса да жиіркенбеймін, тек тұрақты болса деп армандаймын. Себебі ақылы қоғамдық жұмыстағыларды үш ай сайын алмастырып отырады, - дейді Балқаш БАҚТЫГЕРЕЕВА.

Ол биылғы жаңа оқу жылында баласының тозған киім-дерін ауыстыру үшін біраз киер киімдер алған. Енді сол қарызды қайтару оған оңай тимей отыр.

 

45 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ 7 АДАМ ҚАЛАЙ ӨМІР СҮРУГЕ БОЛАДЫ?

Өзін Сүйіндік деп таныстырған отағасы үш айдан бері қысқартуға ұшырап, жұмыс таба алмай жүргенін алға тартты. Отбасында бес баласы, әйелі бар. Жұбайы мұғалім, алатыны 55 мың теңге. Коммуналдық шығындарды төлегенде таза 45 мың теңге кіріс кіреді екен. Жеті жанға бөлгенде алты мың теңге құрайды. Мұнымен өмір сүру мүмкін емес екенін Сүйіндік ашына жеткізді. Себебі азық- түлік күннен күнге қымбаттап барады. Бұлар оған ілесе алмай шаршаған. Сүйіндік кез-келген жұмысты денсаулығы көтермейтіндіктен лайықтысын таппай сандалып жүр.  

Аудандық жұмыспен қамту орталығының бастығы Бисенбай ТАСБАЕВ биыл адамдарды жұмыспен қамту үшін бюджеттен 2 млн 800 мың теңге қарастырылғанын айтады. Ал оларды тұрақты жұмысқа тарту мүмкін емес, себебі тиісті қаржы тек әр айға бөлінеді. 

- Әзірге бес серіктестік және бес жеке кәсіпкермен келісіп, біраз адамды жұмысқа тартып отырмыз. Еңбекақысы бізден төленеді,-деді ол.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

9 қараша 2011, 18:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.