Атырау, 29 желтоқсан 22:40
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Аққу құстай қалықтаған биші ару

7 118 просмотра

Қазанның 25-і күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында облысымызға танымал талантты биші Назгүл ЖҮСІПОВАНЫҢ шығармашылық есеп беру концерті өтті.

 

Назгүл  жастығына қарамастан, өн бойында тұнып тұрған өнерімен бірге талабы мен табандылығының арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бірақ, бұл оның шығар шыңының басы ғана.

Назгүл кеш шымылдығын «Ерке қыз» биімен ашты. Биді қойған ұстазы - Зүлфия Әубәкірова шәкіртінің концертіне Алматыдан арнайы келген.

Н.Әубәкірова -  би өнерін 2001 жылы Қытайдан келген әйгілі биші Шұғыла Сапарғалиқызының Астанадан ашқан «Шұғыла» би мектебінде меңгерген. Ал 2010 жылы Қазақ педагогика университетінде «балетмейстер» мамандығына ие болды.

Қазір Назгүл қаладағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның бишісі және Атырау мұнай және газ институтының «Асыл мұра» би тобының балетмейстері қызметін атқарады.

Назгүлдің репертуарындағы би түрі де сан алуан: хорезм биі «Лязги», қытай биі «Весенний цветок», тибет биі, ұйғыр биі «Чинтакса», испан биі  деп жалғасып кете береді.

Бұл концертте республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы фольклорлық «Мұрагер» ансамблі де өнер көрсетті. Сондай-ақ, Францияның Ницца қаласында өткен халықаралық сайыстың «Алтын саксафон» белгісінің иегері Рафаэль Сәрсенов Фрэнк Синатраның «Strangers in the night» композициясын әуелетcе, қобызшы Гүлжан Жұматаеваның Әлқуат Қазақбаевтың «Жаппас қобыз - домбыра» шығармасы қобыз үнінің пәлсафалық мазмұны мен тереңдігіне бойлатты.

Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» әні Жанна Аманованың орындалуында көрерменнің көңілін бір марқайтып қойды. Серік Әлімбековтің шертуіндегі Өскенбайдың күйі «Жаңылтпаш» туралы да осылай айтуға болады. Ал «Жас қанат-2004» республикалық конкурстың гран-при иегері Хамиль Сүйекбаев таяуда ғана көлік жол апатынан көз жұмған композитор Ержан Серікбаевтың «Кім білген» әнін орындады.

Концертке қонақ ретінде шақырылған белгілі скрипкашы Муслим Әубекеров көрерменге «Гүл-Алматы» және «Алатау» композицияларын ұсынды.

Кеш соңын Назгүл «Ғасыр үні» биімен аяқтады. Бұл биді мың бұралған биші қазақ ұлтының тарихынан сыр шертетін сақ дәуірінен бастау алған ғасыр үндестігін өрнектейді деп біледі.

Айнұр САПАРОВА

3 қараша 2011, 20:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.