Атырау, 22 желтоқсан 19:10
 бұлттыВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Әскери болуға ынталанғандар қатары өсіп келеді

8 222 просмотра

Біз «әскери ант қабылдаған» деп әскери борышын өтеуге аттанған жігіттер жайлы емес, әскери оқу орындарына түсуге ниет танытқан талапкерлер жайлы айтып отырмыз. Атырау қаласының әскери комиссариат басқармасының әскерден тыс дайындық бойынша бөлімшесінің бастығы Жасұлан САТЫБАЛДИЕВТІҢ айтуынша, басқа жылдармен салыстырғанда биылғы оқу жылында еліміздегі әскери оқу ордаларына алыс аудандардағы көрсеткішті санамасақ, қаладан жеті ер бала әскери оқуға түскен.

Бұл салыстырмалы статистика бойынша үлкен жетістік деп есептейді бөлімше бастығы. Мәселен, биылғы оқу жылы Астанадағы «Жасұлан» әскери мектеп-интернатына Атыраудан 26 бала оқуға түсуге үміт білдірген. Олардың көбі психологиялық тестілеуден өтпей қалғандықтан, сынға түскен 14 үміткер іріктеліп, олардың құжаттары Астанаға жіберілген. Алайда, сол үміткерлердің тек үшеуіне ғана оқуға жолдама берілді. Оның екеуі қаладан болса, біреуі Құрманғазы ауданынан. Жалпы, «Жасұлан» мектебіне түсу қиынның қиыны. Оған биыл 4-сыныпты бітірген өрендер ғана оқуға мүмкіндік алса, ендігі оқу жылында 6-сыныпты бітіргендер ғана қабылданбақ. Атырау қалалық әскерден тыс дайындық бөлімшесінің бастығы Жасұлан САТЫБАЛДИЕВ: - «Еліміздегі «Жасұлан» мектеп-интернатына түсу үшін бала ең алдымен денсаулығы қалыпты, оқу үлгерімі, тәртібі жақсы болуы шарт, сонымен бірге спортқа бейім, психологиялық жағынан салмақты, төзімді келуі тиіс. Отбасылық жағдайы да ескеріледі, - дейді.

Әр өңірден «Жасұлан» мектебіне 290 бала жиналса, соның 34-і ғана оқуға түсті. Атыраудан барғандардың бірі - 10 жастағы Рахат УТЕУЛИЕВ (суретте) биыл 5-сыныпты сол Астанадағы «Жасұлан» мектеп-интернатында жалғастырып келеді. Ол былтыр №6 орта мектептің 4-сыныбын бітірісімен сонда оқуға түскен балалардың бірі. Рахат әскери мектепте оқу басында қиын болғанымен, кейін темірдей тәртіпке үйреніп кеткенін айтады. Оның бұрынғы апайы Әлия АЙТМАҒАМБЕТОВА Рахаттың өзге балалардан ерекшелігі – зеректігі мен ұстамдылығында дейді. Сондай-ақ, мектепте оқу үлгерімі де өте жақсы болғанын айта келе, оның математика пәнінен бөлек, гуманитарлық салаларға да жақындығын аңғартты. Әсіресе, рөлдік ойындарда Қобыланды, Алпамыс батырларының рөлдерін шын ықыласымен салатынын сөз етті. Астанадағы мерзімді баспасөз тілшілерінің біріне Рахат болашақта генерал болғысы келетінін жеткізіпті. Ендеше, бала тілегі қабыл болуға жазсын дейік.

Келесі атыраулық түлек - 18 жастағы Мират МАРХАБАЕВ (суретте). Миратбиыл Алматыдағы радиотехника және байланыс әскери-инженерлік институтының радиотехникамен қамтамасыз ету факультетінің 1-курсына қабылданды. Ол ҰБТ-дан 55 балл жинаған болатын. Онымен қоса, әрине, әскери тәртіпке бағынатын қасиеті де бағаланады. Мират әскери мамандықты өз еркімен таңдағанын және қазір бір топта өздерімен бірге Қырғызстаннан келген 9 студенттің оқып жатқанын айтты. Ал келесі жылдан бастап өзбек, тәжік, түрік елдерінен келіп түсетіндер күтілуде екен. Олар келісім-шарт бойынша өз елдерінен ант қабылдап келеді де, Қазақстанда оқып білім алып, кейін өз Отандарына қайта оралады.

Жасұлан Асылбекұлының айтуынша, аталмыш оқу орындарынан бөлек, Көкшетаудағы кәсіпқой сержанттарды даярлайтын жалғыз Шоқан Уәлиханов атындағы кадеттік корпус колледжіне түсу сәл жеңілірек. Онда ҰБТ белгіленген 50 балын жинамасаң да, таңдаған пәніңмен қоса 35 баллдан жоғары көрсеткішке қол жеткізсең де жетіп жатыр. Бір көңілге толымсыз жағы – онда 11-сыныпты бітірген түлектер ғана қабылданады. Себебі, мектепті тәмамдаған жастың колледж емес, жоғары оқу орнына түсуге ынталы екенін ескеру керек болар.

Десек те, бір ерекшелігі - бұл екі жылдық әскери колледжінде үздік оқыған курсанттар АҚШ елінде әскери білім алуларына мүмкіндік бар. Ал АҚШ-тағы курсанттар Көкшетаудағы колледжде білім ала алады. Екі ел арасында әскери білімді жетілдіру мақсатында бірлескен тәжірибе алмасу жұмыстары жүзеге асырылып келеді.  

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Cуретті түсірген автор

6 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.