Атырау, 5 мамыр 01:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Бангкоктен келген үш қола

3 367 просмотра

Атыраулық тай боксы мектебі – «Қайсар» спорт клубы жанкүйерлерін жетістіктерімен қуантуды жалғастыруда. Осы спорт түрінің биылғы басты оқиғасы атыраулық тайбоксшылардың Тайландта өткен Әлем кубогының «А» санатынан қола жүлдегер атануы. Қол жеткізген жетістіктері туралы облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрберен ӘМІРЖАНОВ әңгімелеп берді.

- Өткен жылы Атыраудың спорт қауымдастығы жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Әлішер Мұхтаров, Әбіл Ғалиев және Еламан Саясатовты қошеметтеп қарсы алды. Шәкірттеріңіздің биылғы жетістіктері қандай?

- Қаңтар айында Алматыда жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. 45 келіге дейінгі салмақта финалда қос атыраулық – Дидар Жеңіс пен Парасат Құттыбеков кездесті. Дидар «алтын» алса, Парасат «күміс» иеленді. 48 келіге дейінгі салмақта оқиға қайталанды: Е. Саясатов «алтын», Абылай Құралбаев «күмістен» алқа тақты. 51 келіге дейінгі салмақта Айбек Ақылбеков «қолаға» қол жеткізді. 54 келіге дейінгі салмақта Бағытжан Нүкеев те осындай табысқа жетті. Қыздар арасында 48 келіге дейінгі салмақта Айнель Қадырова чемпион атанса, 51 келіге дейінгі салмақта Диана Қадырова (туыс емес) күміс жүлде алды.

Image 0Нұрберен ӘМІРЖАНОВ. Ақпанда оңтүстік астанамызда ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Облыс құрамасы сапында Ищан Ғалиев (57 келіге дейін) пен Ғалымжан Қалимов (91 келіге дейін) чемпион болды. Күміс жүлдегерлер: 57 келіге дейін – Д. Болатов және 60 келіге дейін – А. Ғалиев. Қола жүлдегерлер: 60 келіге дейін - Аман Қабдоллаев, 67 келіге дейін - Айболат Ізтелеуов, Жұмабек Тілекбаев, 75 келіге дейін - Ерлан Өтешев.

Бангкокте өтетін муай-тайдан Дүниежүзілік Универсиадаға дайындалу мақсатында наурыз айында Алматы түбіндегі тау бөктерінде Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бұл жиынға Ищан мен Әбіл Ғалиевтер қатысты. Әбіл жаттығу кезінде жарақат алып, Таиландқа бара алмады. Ал Ищан Универсиадаға қатысып, екі айқас өткізіп, «қолаға» қол жеткізді.

Тамызда Бангкокте «А» және «Б» санаттарында Әлем кубогы өтті. «А» санатында әлемнің ең мықты спортшылары - әр ел құрамасының бірінші нөмірлері мен тай шеберлері өнер көрсетеді. Қазақстандық тайбоксшылар «А» санатты жарыстарға бірінші рет қатысып отырған жоқ. Алайда атыраулықтар бұл додаға биыл ғана қосылды. Әлем кубогы алдында Алматы таулары бөктері мен Самоа аралдарында оқу-жаттығу жиындарын өткізді.

Қазақстан құрамасы сапында Әлем кубогының «А» сыныбында ағайынды Әбіл мен Ищан Ғалиевтер өнер көрсетті. Әбіл 2014 жылғы жастар арасында әлем чемпионы, ал Ищан 2013 жылғы Әлем кубогының иегері, әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері болып табылады. Сонымен қатар, Әлем кубогының «Б» санатында атыраулық спортшы Абылай Құралбаев өнер көрсетті. Үшеуі де жарыстардан қола жүлдемен оралды.

2014-2015 жылдар аралығында қол жеткізген жетістіктері үшін «Қайсар» спорт клубы Мәдениет және спорт министрлігіне И. Ғалиевке Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ә.Ғалиев, Е.Саясатов, А. Құралбаев, А. Мұхтаров және А. Қабдоллаевқа спорт шебері атақтарын беру туралы ұсыным жіберді.

- Сіз бұрыннан қалыптасқан спортшылар туралы айттыңыз. Жастар арасында қандай жетістіктер бар?

- Бұлардың арасында Д.Жеңіс, Айбек Ақылбеков, Еламан Өтегенов, Әбухасан Әнуаровтар жақсы өнер көрсетіп жүр. Олар – Қазақстан чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Балалар арасында Жомарт Тынышқалиев, Жұмабек Орынғалиев және Еркебұлан Асқарұлы осындай жетістіктерге жетті.

- Атыраулық мамандар халықаралық турнирлерде төрелік ете ме?

- Халықаралық дәрежедегі төреші, атыраулық Бағытжан Мұхамбеталиев биыл Бангкокте өткен Бүкіләлемдік Универсиада мен Әлем кубогында төрелік етуге қатысты.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Қазан айында біз облыс чемпионатын өткізіп, қазанның аяғында Алматыда өтетін жастар арасындағы Қазақстан кубогына және қарашада Астанада болатын ересектер арасындағы Қазақстан кубогына іріктеу жүргізуді жоспарлап отырмыз.

«Қайсар» СК-нің муай-тай секцияларында жүзге жуық бала жаттығады. Секциялар «Мұнайшы» СК, «Балықшы» ДСК-нде, Доссордағы «Алан» спорт клубында, Авангардтың 4-ықшамауданындағы 1-ОРМБЖСМ, Еркінқала ауылындағы Болат Ізбасқановтың спорт залында және Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық колледжінде жұмыс жасап жатыр, биыл Привокзальныйдағы 1-БЖСМ-де және Индер ауданының Көктоғай ауылының мектебінде топтар ашылды. Береке ауылы мен Құлсары қаласында тағы екі секция ашу жоспарлануда. Спортшыларды Айбат Рахман, Мейрам Ғалиев (Доссор) Б.Мұхамбеталиев, Б.Ізбасқанов, Әнуар Рахманов, Нұрлыөркен Әміржанов, Ислам Ғалиев (Доссор), Дастан Жұмаханов (Көктоғай) жаттықтырады. Спортшылар мен жаттықтырушылар қолдау көрсеткені үшін облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұхановқа алғыс айтады.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

1 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.