Біздің сұхбаттасушымыз – жуырда Женевадан оралған «Демос» қоғамдық құқық қорғау бірлестігінің төрайымы Тоғжан ҚИЗАТОВА (суретте). Ол жерде ТМД елдерінің адвокаттары мен құқық қорғаушылар тобы Халықаралық заңгерлер комиссиясының оқу семинарына қатысқан болатын.
- Тоғжан Әбілқызы, егер біз Еуропа Кеңесінің мүшесі боп табылмасақ және біздің азаматтарымыз Халықаралық адам құқықтары жөніндегі Страсбург сотының сот жүргізу құқығына ие болмайтын болса, Қазақстанда халықаралық нормаларға сүйену қаншалықты шынайы болмақ?
– Әдетте, біздің адвокаттарымыз бен құқыққорғаушыларымыз БҰҰ конвенцияларына сілтеме жасамақ болғанда, прокурорлар мен судьялар шамамен осылайша әрекет етеді. Бірақ бізде қазақстандық заңнамаға сәйкес соттайды ғой. Алайда кезінде еліміз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні, Азаптауларға қарсы конвенцияны және адам құқығы саласындағы басқа да маңызды конвенцияларды ратификациялады. Сондықтан өзіне жүктелген міндеттемені орындауы тиіс.
ЖЕНЕВАДАҒЫ «АЖ» САЙТЫ
- БҰҰ-дағы адамдар құқығы жөніндегі комитетте қандай талап арыздар бойынша жеңу мүмкін болады? Қандай жағдайларда адамдар құқығы анағұрлым жиі бұзылады деп санайсыз?
- Әрбір екінші жағдайда. Әсіресе бұл заңсыз қамауларға қатысты. Біз семинарда дәл осы мәселе туралы айтқан едік. Ал адамдар құқығы жөніндегі Страсбург сотында Ходорковскийдің мүддесін қорғайтын танымал ресейлік адвокат Каринна МОСКАЛЕНКО әрбір қамау заң бұзушылықтармен жүзеге асырылып жатыр деп есептейді. Егер Норвегия азаматы БҰҰ комитетіне өзін 8 сағатқа полицей учаскесінде ұстағандығы туралы шағым айтар болса, жеңіп шығады. Ал біздің азаматтар үш тәулік бойына ешқандай негізсіз қамауда отырады және өздерін сәл ғана сілкілесе де аман-есен босатқандарына риза болады. Тергеушілер мен прокурорлар сталиндік дәуірден бері: «Сіздің бостандықта болуыңыз – Сіздің еңбегіңіз емес, біздің аяқталмаған ісіміз!» деп айтқанды жақсы көреді ғой.
Осы тұрғыда кез келген игі әрекет үміт ұялатады. Мен, мәселен, Женевадағы өз әріптестеріме сіздің газетіңіздің сайтындағы Қазақстан үшін нағыз оқиғаға айналған еңбекші мигранттардың - өзбекстандық сатушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі іс туралы жазылған мақаланы мақтанышпен көрсеткен едім.
БИЛІКТІ ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК
- Сіз біздің елімізде митингтер мен шерулердің, сөз бостандығының өрескел бұзылғандығы, азаптаулар туралы жер жерден жанайқайлар естіліп жатқанда, әлі де үміт бар деп есептейсіз бе?
– Егер өз құқығыңды, соның ішінде, халықаралық инстанцияларда сауатты түрде қорғасаң, адам құқығы аз бұзылатынын түсіну керек. Билікті тәрбиелеу қажет: сотты да, атқарушыларды да, заң шығарушыларды да. Ал ол бізде Қазақстанда тәрбиеге көнеді.
БҰҰ Комитеті ұсынымдарының тиімділігі туралы пікір алмасулар барысында Қазақстанның осы ұсынымдарды орындамайтындығына және митингтер мен шерулер үшін хабарландыру сипатын енгізуді ойға да алмайтындығына қатты қапаландым. Ал сол күні кешкісін ғаламтордан Бас прокуратураның «Бейбіт жиындар, митингтер, шерулер және пикеттер өткізу туралы» заң жобасын жасақтауға кіріскенін және осы заң жобасының басты тармағы көпшілік шараларын өткізуге рұқсат ету сипатында емес, оны хабарлау сипатында жазылғанын білгенде қатты таң қалдым. Әрине, бұл 2012 жылы БҰҰ Комитетіне адам құқықтары жөнінде Қазақстанның есеп беруі керек болғандықтан ғана жасалып отыр деуге болады. Дегенмен, осының өзі қандай да болмасын БҰҰ механизмдерінің Қазақстанда іске қосылғандығын білдіреді емес пе?! Қиындықпен болса да, процесс жүріп жатыр. Тек табанды болып, алға қадам басып, берілмеу қажет және тізе бүкпеу керек. Өйткені бұл жерде көп нәрсе субъективті факторларға: пассионарлыққа, оптимизмге, жеке тұлғаның да, жұртшылықтың да батылдығына байланысты болады.
P.S.Адвокаттар, заң факультеттерінің студенттері мен барлық ниет білдірушілер БҰҰ-на жеке шағымдар беру процедураларымен толық танысқылары келсе, Тоғжан Әбілқызы Қизатованың тренингтер мен кеңестерді тегін өткізуге дайын екендігін қосымша хабарлаймыз. Байланыс телефондарын редакциядан ала аласыздар.
Сәния ТОЙКЕН