Атырау, 29 желтоқсан 23:08
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

№30 үй тұрғындарының әңгімесі

5 201 просмотра

31 қазан күні таңертең Сарыарқа ықшамауданындағы №30 үйдің маңында орын алған жарылыстан кейін құқыққорғау органдарының қызметкерлері оқиға болған жерге жиналған адамдарды маңайлатпай қойды. Олар сол маңдағы аумақты қоршап тастапты. Тіпті қас қарайған кезде де қоршау алынып тасталмаған. Біз полицей қарауылынан өтіп, облыстық прокуратура хабарлағандай, белгісіз біреу өзін-өзі жарған маңдағы үйге кірдік. 

Жарылыс толқынынан негізінен соңғы подъездің пәтерлері зардап шегіпті. Бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейінгі пәтерлердің бүкіл терезе әйнектері қирап қалған. Терезесінің түбінен жарылыс құрылғысы іске қосылған бұрыштағы пәтер күшті дүмпуді бастан өткеріпті. Осы пәтерде тұратын Айдын аға жарылыс кезінде бұл бөлмеде бір жарым жастағы немересінің ұйықтап жатқанын айтты:

– Бұл сәтте жұбайым басқа бөлмеде болған еді. Оның айтуынша, сұмдық тарсыл естіліп, бүкіл үй дірілдеп кеткен. Ол не боп жатқанын түсінбей, немересі жатқан бөлмеге құстай ұшып жеткен. Ол жерде әйнек сынықтары шашылып, терезе жақтауы ұшып түскен екен. Люстра қисайып, терезе пердесі жерге құлап, бөлмедегі бүкіл ыдыс күл-талқан боп сынған. Ол сәбиден әйнек сынықтарын сілкіп түсіріп, көтеріп алып, көшеге жүгіре шығыпты.

Оның подъездегі көршісі Руслан бізге лоджияның ағаш жақтауын көрсетті. Жарылыстан кейін оның әйнектері быт-шыты шығып сынып, жан-жаққа ұшқан екен:

– Мен сол кезде бөлмемде, компьютерде жұмыс істеп отырған едім. Кенет әлдебір түсініксіз дірілді сездім, содан кейін қатты тарсыл естілді. Есімді жисам, еденде жатыр екенмін. Үсті-басым әйнек сынықтарына толыпты. Жарылыс толқыны мені есікке қарай лақтырып жіберген екен. Басқа бөлмеге жүгіріп шықтым. Не боп жатқанын түсіне алмадым. Содан соң көшеге шықтым. Ол жерге халық жиналып қалыпты. Полицейлер, жедел жәрдем, өрт сөндірушілер де жеткен екен. Газ құбыры жарылған ғой деген ой келді басыма. Теракт деген жорамалға әлі сене алар емеспін. Үйдің артында бос жер бар, ол жерде бомждар жүретін. Бәлкім, шынымен де бір жерден газ шығып, біреулер темекі тартып, содан жарылыс болған шығар. Рас, бізде газ бар, оны ажыратқан жоқ. Ыстық су жоқ, тұрба жарылыс салдарынан жарылып қалыпты.

Оның қарсы пәтердегі көршісі Наталья ВОРОБЬЁВА пәтер ішіндегі шашылған әйнек сынықтарын сыпырып алыпты. Ал әйнегі жоқ терезе жақтауына полиэтилен үлдір жапсырып қойған:

– Мен шәйнегімді өшіріп, басқа бөлмеге кіріп кеткенмін (жарылыс болған маңға қарама-қарсы бөлме). Терезеге көз тастап, аула сыпырып жүрген ПИК-тің аула тазалаушысын көрдім. Сол кезде үйдің дірілдеп кеткенін сездім. Тарсылдың қатты болғаны сондай, оны сөзбен жеткізе алмаймын. Қорыққанымнан сыртқа жүгіре шықтым. Көршілеріммен бірге сырттан жарылыс болғанын білдім. Лоджия жанындағы сыртқы қабырғам қанға боялыпты, сплит жүйенің блогы қисайып қалған. Онда әлі күнге дейін шашылып қалған сүйек еті ілініп тұр. Бізге үйге барып, құжаттарымызды алуға рұқсат берді. Сол кезде пәтерімнің іші әйнек сынықтарына толғанын көрдім.

Күні бойы тұрғындар сынықтарды жинап қана қоймай, ТЖ, ҰҚК мен полиция қызметкерлерімен сөйлескен, түсініктемелер жазған. Адамдар төбелерінен жай түсірген оқиғадан соң психологиялық тұрғыдан әлі өз-өздеріне келмепті. Бірақ тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Оларды енді мемлекет пәтерлерін жөндеуге көмек берер ме екен деген сұрақтар мазалап отыр.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген В. Истомин

3 қараша 2011, 18:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.