Атыраулық садақшылар – мұнайшы Мұрат ҒАБДУСАЛИМОВ (суретте – оң жақ шетте) пен облыс мүгедектерінің спорт клубы Нұрберен ӘМІРЖАНОВ (суретте – сол жақ шетте) Қытайдың Леду қаласында өткен дәстүрлі садақ ату фестиваліне қатысты.
ПІКІРЛЕСТЕР СЪЕЗІ
М. Ғабдусалимов:
- Бұл жарыстар пікірлестер съезіне ұқсайды. Барлық қатысушылар ұлттық киіммен өнер көрсетіп, бір-біріне садақтарын, жебелерін көрсетті, кейбірі өздерімен бірге сауыт-саймандарын алып келіп, дайындау құпияларымен бөлісті. Қазақстан атынан мен, Нұрберен және алматылық Алмас Сүлейменов барды. Бізбен бірге Бейжің, Франция, Латвия жән Қытай құрамалары сайысқа түсті.
Біздің командамыз мен дайындаған садақпен атты. Мен бес садақ әкелдім. Біреуі досым, башқұрт Юлай Галиуллинге ұнап, сыйға тартуға тура келді.
Фестивальға барлығы бір жарым мыңға жуық «дәстүрлі» садақшылар қатысты, көпшілігі қытайлық энтузиастар. 60 метр қашықтықтан аттық. Әр қатысушыға 24 рет ату құқығы берілді. Мен 27 ұпай, Нұрберен 6 ұпай жинады. Ең үздік нәтижені қытайлық Фан кай Тян көрсетті – 115 ұпай (суретте – ортада).
Мұндай фестивальдер бүкіл әлемде өтеді. Осы жылдың мамыр айында мен Стамбулда өткен осындай шараға бардым. Бұл фестивальдің бағдарламасына жаяу атумен бірге ат үстінде садақпен ату енгізілген еді. Бұл спорт түрінен Қазақстан спортшылары әлі көп жаттығу керек.
Елімізде дәстүрлі садақ атуды дамыту жаңа басталып жатыр. Әлемнің көптеген елдерінде, көрші Ресейде де бұл спорт түрі жақсы дамыған. Бұл елде жыл сайын бірнеше ірі турнирлер өткізіледі. Қазақстанда бұлар өте сирек өткізіледі. Көшпенді номадтардың тікелей ұрпағымыз ғой, біз ең «атқыш» ел болуымыз керек. Моңғолия, Корея, Жапония, Венгрия өз дәстүрлерін сақтаған, қалғандары жайлап қосылып жатыр.
«ШИКІЗАТЫМ» - ҚАРАҒАШ
- Дәстүрлі садақ ату мен спорттық садақ атудың айырмашылығы қандай?
- Спорттық садақ бірнеше бөліктерден тұрады. Сонымен қатар спорттық садақтың жебе салынатын жырашығы, тұрақтандырғышы мен көздегіші бар. Дәстүрлі садақта мұндай ештеңе жоқ.
- Садақ жасауды үйрену үшін қандай әдебиеттерді оқыдыңыз?
- Барлық ақпараттарды ғаламтордан алдым. Сонымен қатар, ең басында ағылшын тілінде The Traditional Bowyer's Bible («Дәстүрлі садақ жасау інжілі») төрт томдық кітабын сатып алдым. Кітапта көне садақтар мен қазіргі дизайндар, адырна өру мен жебе дайындау туралы ақпараттар өте көп. Спорттық садақ атуда барлығында стандартты садақтар болады ғой, ал мұнда әр халықтың өз қаруы бар.
Садақтар сыртқы түрі бойынша ажыратылады. Айырмашылықтарын өз кәсібін жақсы білетін кез келген садақшы айыра алады: қырым-татар, венгер, жапондық «юми», ағылшынның ұзын «лонгбоуы», кәрістің қысқа садақтары. Мен ата-бабаларымыз соғысқа мықты, құрастырмалы садақтармен, аңға шағын ағаш садақтармен шыққан деп оқыдым.
Ағаш садақты дайындау үшін үлкен дайындық керек. Ағаштан сындырып алған бұта жебе атпайды. Садақ пішін берілетін мықты ағаш тақтайдан жасалады. Тақтай құрғақ, иілгіш, серіппелі болуы керек. Сулы ағаш майысып, жебенің ұшуын баяулатады.
- Садақ пен жебелерді «жиынтық» сияқты бір жерден алған дұрыс па?
- Әр садақтың өз жебелері болуы керек. Егер мен ауыр садақ пен жеңіл жебе алсам, адырнадан атылған жебе тіке ұшпай, қалбалақтап ұшады.
- Садақ жасауға қандай ағашты пайдаланасыз?
- Қарағаш. Кейде шағанды пайдаланамын.
«ФЕДЕРАЦИЯ ҚҰРАМЫЗ»
Н. Әміржанов:
- Атырауда спорттық садақ атудың дамуы өз бастауын 2013 жылы облыс мүгедектерінің спорттық клубы базасында секцияның ашылуынан алады. Мен алғаш жаттықтырушы болып тағайындалдым. Құрамында төрт адамы бар командамен Орал қаласына оқу-жаттығу жиынына барып, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасына қатысушы Елена Плотниковамен бірге жаттығу жасадық. Осы сапардан кейін Самарадан мүгедектер спорт клубының қаржысына он жаттығу садағын сатып алдық. 2014 жылдың мамыр айында бірінші рет Шымкент қаласында өткен Қарсыбай Спатаев атындағы турнирге қатыстық. Сол жерде кәсіби садақтармен атып жүрген спортшылардың қандай жетістіктерге жете алатынын көрдік. Содан кейін төрт кәсіби садақ алдық. Ал қосалқы жабдықтарына ақша жетпеді.
М.Ғ.: Дәстүрлі садақтардың спорттық садақтардан айырмашылығы осында жатыр. Дәстүрлі садақпен атуда садақ пен жебе ғана керек. Ешқандай қымбат тұратын жабдықтар қажет емес.
Н. А.: Ақпан айында біз Теміртауда өткен ҚР чемпионатына қатыстық. Сол жерде шәкіртім, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек Руслан Досалин «күміс» иеленді. Қазіргі уақытта мүгедектер спорт клубы жанындағы садақ ату секциясы жабылып қалды. Біз Мұрат екеуміз дәстүрлі және спорттық садақ ату федерациясын құрып, екі стильдегі спортшыларды да жаттықтырамыз деп шештік.
Сурет М. Ғабдусалимовтікі