Атырау, 29 желтоқсан 23:12
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Коллекторлар қара тізімдегі борышкерлердің көлеңкесі

9 394 просмотра

Банк борышкерлері өз қарыздарын қайтара алмаған жағдайлар көп кездескенде коллекторлық қызметке сұраныс пайда болды. Бүгінде әр банктің бірнеше коллекторлық қызметі бар. Ал сол коллекторлар елімізде қандай маңызға ие? Олар борышкердің банкке төлей алмаған қарызын жабуға қалай көмектеседі?

Коллекторлық бюролар Атырауда бірнешеу. Олар да өзара бәскелес. Өйткені олардың табыс көзі борышкердің банкке қарызын қайтара алуымен байланысты.

 

КОЛЛЕКТОРЛАР ӘРЕКЕТІ

Жалпы коллекторлық бизнес бізге де АҚШ елінен келіп отыр. Борышкерлер де сол елде көш бастағанын біз жақсы білеміз. Бұл бизнес онда 1960 жылдары пайда болған. Ал Ресейде 2003-2004 жылдары жұмыс істей бастаған. Қазақстанда 2009 жылдан бастап іске қосылды. Бүгінгі таңда елімізде коллекторлық қызмет туралы заң жоқ. Сол себепті де болар, оларға қатысты қойылған шектеу де жоқ бүгін. Кейбір тұтынушылар коллекторлар борышкерлерден қарызды балағаттап, қорқытып-үркіту арқылы төлеттіреді дейді. Алайда, бұл әңгімелерді коллекторлардың өздері жоққа шығарады. Сонда коллекторлар қалай әрекет етеді? Банктер олармен жасалған келісім-шартқа сай  өздерінің дәрменсіз борышкерлерінің қара тізімін үш ай уақыт өте жолдайды. Коллекторлар болса, өз кезегінде борышкер туралы барлық ақпаратты жинастырады. Алдымен банктен сол борышкердің іс материалдарын алып, жұмыс орны мен жалақысын, зейнетақы қорын, мекен-жайы мен отбасы жайлы мәліметті анықтайды.

Мәселен, «Дебиторлармен жұмыс жөніндегі бюро» ЖШС-нің департамент директоры Қайрат ҚҰРМАНБАЕВТЫҢ айтуынша, банк борышкерлері үшін қарызды қайтарудың қолайлы тәсілі  шағын несиелік ұйымдар арқылы қайта қаржыландыру. Яғни ұйым борышкердің қарызын банкке қайтарған соң, бұрынғы борышкерге жағдайын ескере отырып, жаңа кесте бойынша төмен пайыздық мөлшерлемемен 1 жылдан 4 жылға дейін жаңадан қарыз береді.   

- Қазір борышкерлердің түрлі санаты бар. Мәселен, сырқаттығына немесе жұмыстан шығып қалуына байланысты қарызын өтей алмағандар уақыт өткізіп, 1,5-3 жылдан кейін келіп тұрады. Борышкерлер қарызды қайтара алмауына себепші болған жағдай жөнінде, мекен-жайы мен телефондарының ауысқандығы жайлы банкке телефон арқылы немесе жазбаша түрде хатпен шығып тұруы тиіс, - дейді Қайрат Құрманбаев.

 

КОЛЛЕКТОРҒА КІМДІ АЛАДЫ?

Қарызды қайтарудан проблемасы бар борышкерлер еліміздің оңтүстік жағында көп кездеседі екен. Кей өңірлерде қаржы полициясына коллекторлардың тарапынан психологиялық қысым жасалды деген арыз-шағымдар түсіп жатады. Ал бізде Атырауда қаржы полициясының ақпаратына сәйкес, ондай жағдай әзірге тіркелмеген. 

Десек те, бірнеше жылдан бері коллектор болып жұмыс істеп келе жатқан көз таныс  коллектордың сөзіне сүйенсек, коллекторлар  бірінші кезекте психолог болуы қажет. Олар жұмысқа қабылданарда психологиялық тестілеуден өтеді. Коллекторлық қызметке көбіне-көп бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеп зейнетке шыққан кісілерді алуға тырысады. Себебі, оларды психологиялық шабуыл жасауды жақсы біледі және өтірік пен шындықтың аражігін ажыратып, жалған әрекетті әшкерелей алады деп ұғады. Біздің анонимді коллекторымыздың айтуынша, бүгінде қарызын жауып жатқандар аз. Борышкерлердің коллекторларға айтатын бір себебі бар – ақша жоқ. Төрт айда бөліп төлей алмаған борышкерге коллекторлық агенттіктің заңгері ұсынатын шаралар бар.

Ал егер борышкерлер коллекторлардың шарттарын орындамай, мәмілеге келуге құлықсыз болып, қарызын төлеуден мүлдем бас тартқан жағдайда, ең соңғы әрекет – борышкерлердің ісі заңгерге беріліп, сотқа жолданады.

ӨМІРДЕН АЛЫНҒАН МЫСАЛДАР

Қазір Атырауда 2006 жылы «Альянс Банктен» 800 мың теңге қарыз алған әйелге қатысты сот ісі жалғасуда. Бұл әйел банктердің несиелеу жүйесін түсінбегендіктен, өзінің алған қарызын ғана төлеп, айлап, жылдап өскен пайыздық мөлшерлемесін төлемеген. Керісінше, қазір кезінде артық төлеп қойдым деп, 90 мың теңгедей ақшасын банктен қайтарып алғысы келеді. Ал, қазір оның қарызы 1 млн теңгеден асып түскен. Себебі, бұл әйел қарыз алғанда 29 пайызбен келісім-шарт жасасқан. Егер ол өзінің талабынан тайынбайтын болса, оның ісі Алматыға третейлік сотқа жолданады. Сол кезде оның төлейтін ақшасы 1 млн. теңгеден де асып түседі.

Осы секілді жағдайлардан бөлек, алаяқтықпен айналысып несие алған оқиға да болған. Анонимді коллектор Ақтаудағы коллекторлық қызметте жүргенде айналасындағы адамдарды алдап, несие алып, бизнес ашпақшы болған анасы мен қызы туралы оқиғаны айтып берді. Олар қарызды қайтармағасын банк олардың ісін коллекторларға берген.

Сол кезде анасы күйеуінің өлгендігі туралы жалған анықтама жасап әкелген. Тексере келгенде, қайта-қайта үйіне хабарласқан коллекторлар күйеуінің тірі екендігін анықтаған. Коллекторлар үйге хабарласқанда телефонды ылғи да ер адам алатын болған. Ол өзінің өлгенін естігенде қандай күйде болғанын өзіңіз де бағамдай беріңіз.

Енді бір жағдай Шетпе ауылында кездесті. Бұл мүлдем басқаша жағдай. Коллекторлардың қарызыңды қайтар деген талабынан сары уайымға түскен борышкер ақыры соңында сарайға барып асылып өлген. Кейін коллекторларға хабарласқан әйелі «оның артынан мен де асылам, балаларымды сендер бағыңдар» деп ашына хабарласқан.    

Анонимді коллектор қарызды қайта-қайта талап еткенге психологиясы шыдамайтын кісілер өзі-өзіне қол жұмсаумен проблема шешіледі деп ойлайтынын айтады. Одан бөлек, ол борышкер туралы мәлімет неғұрлым көп болғанда, соғұрлым қарызды қайтартуға мүмкіндік мол деп отыр.

Айнұр САПАРОВА

3 қараша 2011, 17:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.