Атырау, 11 желтоқсан 14:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

«АМӨЗ сіздерге шоколад фабрикасы емес»

3 297 просмотра

Облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттар осыдан  3 жыл бұрынғы Сасық сайдағы өрт және басқа да Атырау МӨЗ-ның күнәларын еске алды. Табиғат қорғау бағдарламасының орындалуы жөнінде зауыттың бас инженерінің орынбасары Рүстем БИСАЛИЕВ баяндама жасады.

– Зауыттың қайта өңдеу бойынша жоспары  – 4,47 млн тонна мұнай. Бұл зауыттың өндіру қуаттылығынан барынша аз. Зауыт барлық күшті  табиғатты қорғауға және қайта жабдықтауға жұмылдыруда,-дейді Р.Бисалиев. – Біз құны 3,9 млрд. теңге болатын табиғат қорғау бағдарламасын 8 млн. теңгеге асыра орындадық. Вакуумды сына блогы енді заманауи Цегельский вакуумды жүйемен жарақтандырылды. АМӨЗ осындай технологиямен жабдықталған Қазақстандағы екінші зауыт болып отыр. Мұндай жүйені енгізу жылу шығынын, су айналымын және ағын су шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді.  Газдан бөлінетін жылуды пайдаға асыру блогы жетілдірілген ЭЛОУ-АВТ қондырғысында пештерді ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс істегендеріне жарты ғасыр болған бұрынғы пештер бұзылды. Бұл пештер мазутпен жұмыс жасауға жарақталған болса, жаңа пештер тек газбен ғана жұмыс жасайды. Осылайша, зауытта өңделетін мұнай бірлігінің отын шығыны 1,8 есе қысқарды, соған сәйкес атмосфераға шығарылатын қалдықтар да азайды.

Бүгінгі күні бұрынғы өрт сөндірушілер поселкесінің орынында 6 гектар жерде санитарлық-қорғау аймағын көгалдандыру және тағы да дәл сондай аумақта оңтүстік-батыс жақтан зауыт қоршауының жиегін  көгалдандыру жүргізіліп жатыр (суретте).

Өткен жылмен салыстырғанда зауыт мынадай экологиялық көрсеткіштерге қол жеткізді: ауаны ластау 194 тоннаға азайса, ағын су шығарылымдары 173 тоннаға қысқартылды, булану алаңындағы ағын су шығарылымдары  - 180 мың текше метрге азайды, өндірісте екінші қайтара қолданылатын биологиялық тазартылған су көлемі 4,4 мың текше метрге артты. 

Зауыт тарапынан келтірілген статистикаға депутаттар сенімсіздік білдірді. Депутат Бағыт АЙДАШЕВ облыс әкімінің блогында АМӨЗ жақтан келетін күкіртсутектің иісінің түнде және таңертеңгілік орын алатындығы жөнінде жазылған тұрғындар шағымының көп келіп түсетіндігін мәлімдеді. Зауыт периметрі бойынша орналасқан газанализаторлары «норманы» көрсетіп отыр. Ал, «Аджип» компаниясына тиесілі осындай станса ауаның шамадан тыс бүлінгендігін көрсетеді. Сонда кімге сенген жөн?

Р.Бисалиевтің айтуынша, өз денсаулықтарына еш зиян тигізбестен жұмыс жасап жатқан зауыт жұмысшыларына сену керек екен. Күкіртсутектен түйіршіктелген күкірт шығаратын қондырғы периметрі бойынша және оның ішіне зауытты апатқа қарсы қорғау жүйесімен қосатын Дреллер тетігі  орналастырылған. Күкіртсутек ауаға шығып кеткен жағдайда газанализатор жұмыс істеуге тиісті. Егер бұл құрал екі рет іске қосылатын болса, барлық өндіріс тоқтайды.

- Алайда, ондай апаттар бірде-бір рет болып көрген емес, - деп ант-су ішеді зауыттың өндіріс басшысы, -  бірақ, біз «Аджип» стансасының ауаның бүлінуін шамадан тыс етіп көрсетуін тағы да тексеретін боламыз.

Депутат Сайын ҚУАНЫШЕВТІҢ көптеген шақырымдарға дейін зауыттан тарайтын иіске қатысты қойған сауалына Р.Бисалиев былай деп жауап берді: АМӨЗ бұл сіздерге шоколад фабрикасы емес. Мұнай өнімдерінің өзіндік иісі вагон-цистерналарға құю кезінде де тарайды. Алайда, зауытты қайта жарақтандырудың екінші кезең аясында бұл процесті толық  тұмшалау қарастырылуда.

Депутат Т. МҰҚАТАНОВ 2008 жылғы қазан айында Сасық сайда болған өртті Бисалиевтің есіне салды. Ондағы шығын көлемі қандай болды?

Р.Бисалиевтің айтуынша, бұл булану алаңына тек АМӨЗ-ның ғана емес Атырау ЖЭО, «Атыраубалық» АҚ және «Атырау су арнасы» КМК ағын сулары да төгілген болып шықты. Булану алаңының барлық аумағы өртенді. Зауыттың қалдығы орналасқан алаң болмашы ғана. Соған қарамастан өртті сөндірудің барлық шарасын зауыт өз мойынына алды. Өртке салынған айыппұл АМӨЗ үшін 200 млн. теңгені құрады.

Қазір Сасық көлге біршама жасыл көшеттер отырғызылды. Булану алаңы қоршалды. Тәулік бойына қызмет көрсететін қосын орнатылды және тәулігіне екі рет мобильді топ тексеріп отырады. Дегенмен, бұған қарамастан жергілікті тұрғындар құрылыс материалы ретінде қолданылатын қамысты дайындау мақсатында булану алаңына кіруді тоқтататын емес.  Олар және жарамсыз деген ескі, өсіп кеткен қамыстарды көктемде жаңасы өсіп шығуы үшін өртеп кетеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген В. Истомин

2 қараша 2011, 19:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.