Атырау, 24 қараша 00:02
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мұнайлы астана өзін-өзі мүсәпір қылып отыр ма?

2 795 просмотра

Атырау облысында амбулаториялық науқастар үшін тегін дәрі-дәрмектер еліміздің басқа аймақтарына қарағанда анағұрлым аз бөлінеді екен.

Әр жыл басында «созылмалы» сырқат түрлерімен ауыратын атыраулық науқастар мемлекеттік тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде өздеріне тиесілі дәрі-дәрмектердің жетіспей қалғандығына  наразылық білдіріп, редакцияға қоңыраулар шалып жатады. Әсіресе, дәрі-дәрмектің қолдарында болуы өлім мен өмір үшін күрес боп табылатын астматиктер мен диабетпен ауыратын жандардан торыққан дабылдар түседі. Жыл сайын осы науқас жандар үшін дәрілер аз мөлшерде және кешігіп келеді.

Бірнеше жыл бойына біз бүкіл кінәлі жандарды: денсаулық сақтау министрлігін (тендерлерді кеш өткізетін), облыстық мәслихатты (бюджетті кеш бекітетін), емхана дәрігерлерін (учаскелер бойынша өтініштерді дұрыс бермейтін-мыс) және т.б. санамалап шыққан секілдіміз. Осы уақыт ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасында үш басшы ауысты. Оның екеуі біздің онлайн-конференциямызға қатысты. Алайда бұл науқастарға арналған дәрі-дәрмектерге қатысты шынайы себепті бұлардың ешқайсысы атаған жоқ.

Редакция қоржынына қызықты құжат түсті. Бұл «2012-2014 жылдары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын амбулаториялық деңгейдегі халықтың жекелеген топтары үшін арнайы балалар тағамы мен емдік азық-түліктермен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге бөлінетін бюджет қаржыларының минималды көлемі» деп аталатын қызметтік жазба еді. Осы құжатта әр облыс жоғарыда аталған мақсат бойынша жергілікті бюджеттен бөлінген соманы көрсеткен. Облыс әкімі орынбасарының, облыстық денсаулық сақтау және облыстық экономика мен бюджеттік жоспарлау басқармасы басшыларының қолдары қойылыпты.

Ең аз соманың «Атырау облысы» деген бағанда жазылғанын көргенде таң қалдым. 2011 жылы 300 млн теңгеден сәл астам, 2012 жылы 321 млн теңге, 2013 жылы 343,5 млн теңге, 2014 жылы 367,5 млн теңге бөлінген.

Миллиардтаған қомақты сомалар Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және басқа да анағұрлым халық көп шоғырланған облыстарда көрсетілгені түсінікті. Алайда біздің шығындарымыз неліктен екені белгісіз, халық саны шамамен бізбен бірдей (2011 жылдың 1 қыркүйегінде 538 мың) көршілес Маңғыстау облысынан анағұрлым төмен. Ол жердегі дотация 2011 жылы 470 млн теңгеден басталып, біртіндеп көбейіп, 2014 жылы 575 млн құраған.

Келесі жылы атыраулық 3 852 диабетикке 300 млн теңгеге препараттар қажет болатындығы белгілі болған кезде, біздің науқастарымыз үшін бөлінген бұл сома тіптен тиын-тебен боп қалды. Дәрігерлер мен науқастардың шағымдарынан шаршаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері медикаменттерді алуға қажетті көлемнің бар болғаны 30 пайызы ғана бөлінетінін растады.

...Қалыптасқан дәстүр бойынша, емдік-профилактикалық бөлім бастығы Алмагүл ҚАБДРАХМАНОВАҒА өзінің барлық басшылары атынан баспасөз алдында жауап беруіне тура келді.

- Бюджетті қарау кезінде біз жыл сайын көп сома сұраймыз. Қосымша өтініштердің негізінде өткен жылы бөлінген 230 миллион теңгеге қосымша 350 млн теңге сұрадық. Бірақ мәслихат әр өтініш сайын қаржы бөлуден бас тартады.

- Неліктен?

- Шамасы, қаржының тапшылығынан шығар.

- Бәлкім, сіздер нақты ахуал туралы хабардар етпеген боларсыздар?

- Біз облыстық мәслихатқа бірнеше хаттар жолдадық. Осы хаттардың көшірмелерін тапсам, сіздің редакцияның электронды мекен-жайына жіберемін (мен оларды алған жоқпын – Л.С.). Бірақ одан нәтиже болмады. Факт бойынша қаржының жыл басында бөлінетіндігі, ал жыл аяғында науқастар қатарына тағы 5-7 адамның қосылатыны жағдайды қиындатып жіберіп отыр.

- Сонда дәрі-дәрмектер жетіспей қалған науқастар оларды өз ақшаларына сатып алатын болғаны ма?

- Иә.  Онда да ересек науқастар ғана. Ал балалардың барлығын қамтуға тырысып отырмыз.

- Биыл да осындай жағдай орын ала ма?

- Биыл жағдай сәл басқашалау. Артериалдық гипертониямен, жүректің ишемиялық ауруымен, созылмалы және обструктивті бронхымен, пневмониямен, ойық жара ауруымен, жүрек соғуының ырғақсыздығымен ауыратын науқастарға арналған препараттар бұрын 50 пайыз жеңілдікпен берілетін болса, енді жергілікті бюджет есебінен тегін берілетін болады.

- Демек, осы препараттардың шығындары өседі  екен ғой? Ал басқа санаттағы жағдай қалай?

- Біз өз ұсыныстарымызды Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған едік. Ондағылар 2012 жылдан бастап қымбат тұратын препараттар республикалық бюджет арқылы орталықтандырылған жүйе арқылы сатып алынатын болады деп ұйғарды. Бұлар ағзаларды ауыстырғаннан кейін қажет болатын гормоналды препараттар, өсу препараттары және т.б. Енді ол қаржыларға біз басқа сырқаттар үшін медикаменттерді көбірек сатып алатын боламыз. Бірақ сонда да қаржы жеткілікті бөлінбей отыр.

Біздің депутаттарымыз неліктен өз сайлаушыларына қамқорлық жасамай отырғанын білу үшін облыстық мәслихатқа сауал жолдадым. Олардың жауаптарын күтетін боламыз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

2 қараша 2011, 19:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.