Атырау, 29 желтоқсан 22:35
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Саудаға түскен қайран жер!

3 742 просмотра

Атырауда жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер учаскесін алу үшін кезекте 43 668 адам тұр. Олардың 6 мыңнан астамы 2001-2004 жылдардан бері кезекте тұрғандар. Ал сонымен қатар, қожайындары құрылыс бастауға асықпай отырған жүздеген жер учаскелері де бар.

ӨТІНІШТЕР КӨБЕЙІП ЖАТЫР...

Осы мәселе бойынша өткен жұма күні қалалық әкімдікте кеңес өткізілді. 32 мыңнан астам қала тұрғындары қалалық әкімдіктің тізімінде, 11,5 мыңы – поселкелер мен ауыл округтарының әкімдігінде белгіленген. «2001-2022 жылдан бері кезекте тұрған 1194 адамның көпшілігі әлі күнге дейін жер алу сұранысымен келген жоқ немесе құжаттарын жаңартпаған. Соған қарағанда, олар әзір жерге мұқтаж емес немесе басқа жерге көшіп кеткен болуы керек, - дейді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Бақтыбай ДҮЗЕЛБАЕВ. – Ал барлық қажетті құжаттарын тапсырғандарға қалалық комиссия кезекке сәйкес бөлінген аумақтардан жерді кедергісіз бөліп беріп отыр. Ал кезекке 2003 жылы тұрғандарға қатысты жағдай өзгеше. Өйткені сол жылы 10 мың адам бірден арыз жазып тапсырды. Қазіргі кезде олардың 2 476-сы жер алды. 2004-2007 жылдары кезекке тұрған 15 мың адамның 5 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж жандар. Олардың ішінде үй жалдап жүрген жас отбасылар да бар. Біз бұл мәселені шешуді ойластырып отырмыз».

7 адам облыс әкімінің интернет-блогына шықса, 37 адам облыстық әкімдікте қабылдауда болған, көпшілігі «Нұр Отан» партиясына, қала әкімі мен оның орынбасарына жолыққан.

…ЖЕР КІМГЕ КЕРЕК ЕМЕС ДЕЙСІҢ 

Атырауда бос жер жоқ, сондықтан қала маңынан жаңа Өркен, Мирас, Береке, Тасқала-2, Жұлдыз, Көктем, Самал, Балауса ықшам аудандарын салу жобалары үнемі дайындалады. Ол жерде 2003 жылдан бастап жер учаскелері 21 874 адам үшін бөлінген. 2010-2011 жылдары 14 жоба дайындалған (Жұлдыз-3, Водников-2, Тасқала-3, Еркінқала-2, Ақсай-2, Ақжар-2, Бірлік-2, Жаңаталап-2 және басқа ықшамаудандар). Онда 2001-2004 жылдары кезекте тұрғандарға, сондай-ақ, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтар мен бюджет саласының қызметкерлеріне берілетін 10 мыңдай жер учаскелері қарастырылған. Өткен жылы 6 388 учаске, ал биылғы жыл басынан бері – 2 973 бөлінген.

Жердің игерілгенін арнайы комиссия тексереді. Мәселен, 2003-2007 жылдары бөлінген, бірақ әлі игерілмеген 436 жер учаскелері қайта алынды. Оларды кейіннен басқа кезекке тұрушыларға берген. 2011 жылы тағы да 600-дей игерілмеген учаскелер анықталып, олардың қожайындарына ескерту берілді.

«Барлық газеттерде жерді сату-сатып алу туралы хабарландырулар көп жерді алып жатады. Жалпы бөлінетін жерлердің бар болғаны 10-20 пайызы ғана игеріледі», - деп атап өтті қала әкімі Мереке ЕСМҰРАТОВ. Бұл кеңесте айтылған басты сөз тіркестері болатын.

Қалалық жер қатынастары бөлімі Атырау қаласы мен сол маңдағы ауыл округтері аумағындағы пайдаланылмаған учаскелерді анықтау үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің есебі бойынша тексеру жүргізген. 306 шаруа қожалығы мен ЖШС-лер тексерілді. Жалпы алаңы 1 877 га болатын пайдаланылмай жатқан 48 шаруа қожалығы мен бір ЖШС Атырау қаласының жер қорына қайтарылған. Саяжай қоғамының жерін де тексерген. Игерілмей жатқан 75 учаске бойынша жерді қайтару туралы әкімдік қаулысы дайындалыпты.

«20 әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды және көппәтерлі 8 тұрғын үйді салу үшін мемлекет меншігіне 41 жеке және заңды тұлғалардың жер учаскелері қайтарылды. Әзірге, олардың бәріне бірдей тең бағалы жер учаскелері бөлінген жоқ», - дейді қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Кәкім ШАЛТАНОВ.

 

БҰЛ ҚАЙ КӨШЕ, БҰЛ ҚАЙ ҮЙ?

Жаңа ықшам аудандар пайда болғандықтан мекен-жай тіркелімін реттеу де анағұрлым өзекті болып отыр. Мекен-жайлардың ретсіздігінен жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде, жедел жәрдем және басқа да арнайы қызметтерді шақырғанда проблемалар туындап отырады.

Жергілікті «Мекен-жай регистрі» базасын құру қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жүктелген. Б.Дүзелбаевтың айтуынша, қазіргі кезде арнайы жүйеге үш компьютер қосылған. Бөлімдегі қызметкерлердің бірі үнемі осы мәселемен айналысып отырады. Оған «Генплан Атырау» ЖШС қызметкерлері мен қоғамдық жұмыстарға тартылған екі қызметкер көмектеседі.

2009 жылдың қыркүйегінде Атырау қаласы бойынша жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығында 85 729 жылжымайтын мүлік нысандары тіркелген, оның 42 457-сі пәтер, ал қалған 43 272-сі – түрлі мақсатта пайдаланылатын нысандар.

 

АТАУЛАРҒА ҚАТЫСТЫ АҚАУЛАР

Қалада атауы бар 333 көше мен атауы жоқ (тек нөмірленген) 127 көше мен тұйық көшелер, ал қалаға жататын 9 поселке мен ауылдық округтерде атауы бар 291 көше мен атауы жоқ 249 көше бар. Осыған байланысты биылғы жылдың мамырында көше атауларын реттеу жұмыстары басталды. Көше атауларының Жылжымайтын мүлік орталығының мәліметтер базасына өзінің толық және дұрыс атауымен енгізіле бермейтіндігі проблема болып отыр. Мәселен, бір құжатта Привокзальный ықшам ауданы деп белгіленсе, ал екінші құжатта Вокзал маңы деп немесе Центральный ықшам ауданы - Орталық ықшам ауданы деп көрсетілген және т.б. Мәселен, әділет департаментіне тіркелген құжаттарда қаладағы Жамбыл Жабаев көшесі – Джамбул Джабаев көшесі деп, Пешной ауылы – Пешной көшесі деп енгізілген және т.б. Сонымен қатар, көптеген жер учаскелерінің, нысандардың актілері бірдей кадастрлық нөмірмен тіркелген. Ақпараттық жүйеден қайталап енгізілген мәліметтерді шығарып алып, оларды жаңа нөмірмен енгізуге тура келеді. Ал жұмысты жыл аяғына дейін аяқтау қажет.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

2 қараша 2011, 19:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.