Атырау, 29 желтоқсан 22:45
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Мақат пен Доссор қыстан жылусыз қалай шығады?

4 937 просмотра

Мақаттағы үш жылу қазандығының бірде бірі жұмыс жасамайды. Орталық жылу қазандығы 2009 жылы жұмысын тоқтатса, «Газшылар» мөлтек ауданындағы қазандық  былтыр, ал «Болашақ» мөлтек ауданындағы жылу қазандығы биылдан бастап жабылған. Көпқабатты үйлер саны:  Мақатта- 61, Доссорда -24. Күні бүгінде бұл үйлердің барлығы орталық жылу қазандығынан ажыратылып тасталған. Доссорда да осындай жағдай. Жағдай түзелмесе мақаттықтар мен доссорлықтар ереуілге шығатындарын ескертіп отыр.

Қыс бойы дірдек қаққандар амалсыздан дербес қазан орнатып алуда. Жылусыз қалғандардың толық санын аудандық әкімдіктің өзі тап басып айта алмады. Термоқазан қондырып алудың шығыны 100 мың теңгеге дейін жетеді. Мұндай соманы таппай, қысты қиындықпен өткізіп жатқандар құр емес. Ал дербес қазан қондырып алудың заңсыздығы мен қауіпсіздігін ескеріп жатқан адам жоқ. Қайдан, кімнен рұқсат алғандарын тұрғындардың өздері тап басып айта алмады. Бұдан үш жыл бұрын Мақатта көпқабатты үйдің шатырына жиналған газ түтінінен адамдар қырылып қала жаздаған жай болғаны да есімізде.  Сондықтан Мақатты  мина үстінде отыр десек артық емес. «Облтрансгаз» КМК-ның аудандағы филиалы заңсыз термоқазан орнатқан тұрғындардың тізімін шығарып, жан жаққа хатты боратуда. Күні бүгінде аудан бойынша 1 124 пәтер иелері заңсыз қазан орнатқан.

 Біз тұрғындардың қалін жақсы түсініп отырмыз. Бірақ иіс тисе не болады? Дербес қазан орнатудың заңсыздығы жөнін-де  аудандық әкімдікке және прокуратураға хат жазып отырмыз. Бірақ бірде бір жауап келген жоқ, - дейді «Облтрансгаз»КМК-ның аудандық филиалының бастығы Уалитхан ЖҮГІНБАЕВ.

  

ӘКІММЕН ӘҢГІМЕ

 Былтырғыдай қыс ұзаққа созылса мақаттықтардың күйі не болатыны неғайбыл. Билік тұрғындарға жылу беруден бас тартқан. Жылу қазандығын қолдан жабу деген не сұмдық екенін адамдар біле алмай әлек. Осыны білу мақсатында әкімдікке бас сұққанбыз.

Бізді аудан әкімі жылы шыраймен жайбарақат күйде қарсы алды. Сөйтсек...

- Байшонасқа 15 қазаннан бастап жылу бере бастадық және мектептер мен балабақшалар дербес жылу қазандықтарын жағуда. Жылу мәселесі ауданда толық шешілген, - деп сөз бастады Мақат ауданының әкімі Қилымғали ҚАЙНЕНОВ. 

- Мақат пен Доссор тұрғындары жылуды қайдан алып отыр?

- Әркім өз үйлеріне дербес қазан орнатып алған. Ал мүмкіндігі жоқ үйлерге демеушілікпен көмектестік. 

Ал термоқазан орнатуға рұқсат етілген бе? – деген сауалымызға әкім жауап бере алмады.

- Менен бұрын термоқазанды тұрғындардың өздері орнатып алған. Мен оған жауап бере алмаймын.

- Жылу қазандығы неге жабылып отыр? Қысқа дайындыққа байланысты қанша қаржы бөлінді?

- Біздің жылу қазанын жабу себебіміз, берешекке батты, тұрғындар төлемақы төлеген жоқ. Газ бен жарыққа қарызы көбейгесін, амал жоқ жабуға тура келді. Ал қысқа қажетті қаржылар мен келгелі бөлінген емес. Жылу қазандығын қазір аш десе ашамын. Бірақ ол тек «Болашақ» мөлтек ауданындағыларды қамтиды.

- Дегенмен қауіпсіздігі сақталмаған дербес қазаннан ақау шығып, өлімге дейін соқтырса кім жауап береді?

...Біз жауап беретін болармыз. 

 Жылусыз қалған жертөлелер жайы қалай болмақшы. Қыс қатты суық болғанда жертөледегі инженерлік коммуникациялар істен шықпай ма?

- Түк те болмайды. Тек жертөлені жан-жағын дұрыстап бітеу керек. Қыста қатпайды.

 
  

«ЖЫЛУ БЕРСІН, БОЛМАСА...»

Әкімдіктен шыққасын кент ішін аралауды ұйғардық. Келген себебімізді білгендер мұңдарын айта бастады.

Сания КУБАТАЕВА   Темір-жолшы көшесіндегі 80\4 үйде тұрады. Жалғызбасты ана. Ол да туыстары көмегімен, биыл дербес жылу қазандығын орнатып алуға тырысып отыр.

-  1997 жылы орталық жылу қазандығынан біздің үйді толығымен ажыратып тастады. Мұндай жайды қатар тұрған төртқабатты үш үй бастан кешті. Содан бері арқамыз жылып, рахат көруден қалдық. Газ плиталары мен токтарды қостық. Тұрғындар жаппай ток қосқасын жарық та жиі өшетін болды. Содан қыс бойы дірдектеп, ауырып, әрең дегенде көктемге жетеміз,-дейді ол.

Халық қатты ашулы. Қалима ЕРҒАЛИЕВА, Света СҮЛЕЙМЕНОВА, Сүйіндік БАУКЕШОВТЕР жертөлелерден шыққан сасық иістер отырғызбайтынына шағымданды. Өйткені бірнеше жылдан жылуы ажыратылған үйлердің коммуникациясы істен шыққан, канализация жертөле ішін толтырған. Жертөле тазартумен ПИК айналысып отырған жоқ. Қолқаны қабар иістерден және іріп- шіріген жертөлелерден үйде отыру мүмкін емес көрінеді. Қысы-жазы қаптаған масалармен қалай күресерлерін білмей тұрғындар дал.

Бақтыгүл ҚАЙЫРОВА:

- Менің бес балам бар, маған жетпіс мың теңгеге конжектор қондырды. Бұл тек бір бөлмені жылытады, ал қалған екі бөлмеде жылу жоқ.

«Болашақ» мөлтек ауданындағы конжектор қондырылған 46 пәтер иелері қиындықпен өздері алысуда. Себебі жаңа жүйе тиімсіз болып шыққан, газдың сасық иісі отырғызбайтын көрінеді. Кейбір үйлер оны қоспай  отыр. Газшылар көмек беруден бас тартқан, себебі әкімдік олардан рұқсат алмаған. Ал аудан әкімі Қайненов жағдай шешіледі дегеннен ары аса алмай отырған көрінеді. Қыс басталмай жатып әбігерге түскендер шағымдарын кімдерге айтарын білмей, бастары қатулы.

- Егер жылу жайын және жертөлені қалыпқа келтірмесе, онда біз ереуілге шығамыз. Себебі билік басындағылар осыған өздері итермелеп отыр, - дейді тұрғындар.

Өткен жылы Құлсарыда газ иісінен адамдар өлімі болды. Бұл Мақат пен Доссорда қайталанбасына кім кепіл?!

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

2 қараша 2011, 19:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.