Атырауда бастамашыл топ «Ашық микрофон» деп аталатын жаңа шоуды өмірге әкелді. Мұнда кез келген адам қазіргі уақытта өте әйгілі Stand up жанры бойынша өнерін көрсете алады.
Stand up өз бастауын 18-ғасырдан алады. Ұлыбритания мен АҚШ-та, мәселен, бұл жанр театр ортасы арқылы әйгілі болды. Атыраулықтар мұны өздері үшін де, басқалар үшін де былайша анықтады: Stand up – жеке әзіл айту, «бір әртістің театры» тәріздес, оның ойлары қандай да болсын бір тәсілдермен көрермендерді күлдіруге бағытталады.
Осы көңілді кештерді ұйымдастырушы 27 жастағы қала тұрғыны Мәулен КАРИМОВ (суретте) былай дейді:
- Мен ешқашан КВН-ге қатысып көрген жоқпын, алайда өткен жылдың аяғында болған өмірімдегі кейбір оқиғалар мені өзгертті. Мен көптеген адамдардың өмірі университет-жұмыс-үйлену-бала сияқты белгілі бір соқпақпен өтетінін түсіндім... Армандар, сүйікті хоббилар қайда? Осылайша мен өз өміріме жаңаша реңк беруім керек деп шештім және соған қол жеткіздім.
Бір таңғалғаным, әзіл айта алатын, айтқылары келетін адамдар, көпшіліктің алдында өнер көрсеткенді ұнататын қыздар мен жігіттер көп екен. Мұны жасай алмайтын, алайда мұны арман етіп, барын салатындар да бар.
Мәулен айтқандай, «Без Б.» Stand up шоуы қала кафелерінің бірінде төрт рет өтіп үлгерген. Әр кеш өткен сайын өнер көрсеткілері келетіндердің саны толып, көрермендер де үлкен қызығушылық танытуда. Айта кетсек, стендапшылар өз мәтіндерін өздері жазады, алайда сахнаға шығар алдында шағын цензураға ұшырайды: саясат, дін туралы және арсыз әңгімелер болса, алып тастайды.
- Бізге зияткерлік әзіл керек, - дейді Мәулен. Ол да басқалар сияқты көрермен алдында өз өнерін көрсетеді.
- Ал күлкілі болмаса ше?
- Олай да болады, мәтінінің кейбір жерін алып тастауға кеңес беріп, кей сәттерді күшейтеміз. Кейбір өнерпаздарымыз осы жанрда сахнаға алғаш шыққандар, - дейді жігіт. – Алайда, бір байқағаным, көрермендеріміз ешқашан ысқырып, балағаттап, тосын қылық көрсеткен емес. Керісінше, оңай нәрсе еместігін түсініп, сахнаға шыққандарға қолдау білдіріп жатады. Ал тәуекелге барып, өнер көрсетіп, күлдіре алмағандар бұл жанр өздерінікі еместігін түсініп, жай көрерменге айналады. ТНТ арнасындағыдай қуып жіберу немесе «наразылық» нүктесін басу бізде жоқ.
Мәуленнің айтуынша, қазіргі уақытта тұрақты түрде өнер көрсететін сегіздей адам бар.
- Біз бұдан көп болғанын қалаймыз, сондықтан да стендап шеңберінде ешқандау шектеу қоймаймыз. Ән, миниатюра, репризалар - әр адам өзіне ұнаған жанрда өнер көрсете алады. Ең бастысы, авторы өзі және күлкілі болуы қажет.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор