Атырау, 27 қараша 12:41
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырау бақ шаруашылығының ерекшелігі

7 704 просмотра

Облыс орталығын көгалдандыру жөніндегі билік тарапынан жасалған революциялық бағдарламалар қала тұрғындарының жүрегінен орын алыпты. Біздің сайтымыз уытты, бірақ қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын комментарийлерге толы. Баршасы да мамырдың мамыражай айында нәзік жасыл-желекті, жазда көлеңкелі көшелерді, қазан айы түскенде «табиғаттың салтанатпен солғанын» қалайды. Алайда осынау табиғат механизмі іске қосылу үшін оны қазір қолға алған жөн. Саяжайшыларда күзгі отырғызу кезеңінің қызған шағы. Сондықтан кәнігі көгалдандырушылардың кеңестерін назарларыңызға ұсынамыз.

Жерге шыбық көме қойсаң болды, терек боп өсе қалатын жерлер көп, бірақ біздің қаладағы жер ондай емес. «Үй сал, ұрпақ сүй, ағаш ек» деген өмірлік қағида бойынша Атырау үшін соңғы тармақ қиынға түседі. Сондықтан бізде жасыл-желектер аз. Аулаға шығып, дала кеңістігіне көз салсаң, оймен елестеткен жазиралы алқап сағымдай жоқ болады. Одан да ешқайда қарамай, мамандарға барып, нақты шара жоспарымен оралған дұрыс. Сонымен, атыраулық бақ шаруашылығының ерекшелігін қарастырып көрелік. «Wins-3» компаниясының дипломды мамандары мен тәжірибелі саяжайшы Коля ағай бақ шаруашылығының теориясы мен практикасы жөнінде түйгендерімен бөлісті.

- Өсімдіктерді түрлі әдістермен егуге болатыны баршаға мәлім. Бірақ біз Атырау үшін анағұрлым қолайлы болатын егу тәсілдерін ұсынуға тырысамыз, - дейді кәсіпқой көгалдандырушылар. – Ағаштарды отырғызбас бұрын алдын-ала топырақты дайындап алу керек. Негізінен Атырау қаласы топырағының құнарлылығы төмен. Құрамында нәрлі заттар жоқ, нашар дренаждық қасиетке ие. Бұдан басқа аймақтағы тағы бір басты проблема – топырақ пен жерасты суларындағы тұздың көп мөлшерде болуы. Жерасты суларының деңгейі көбінесе жер бетіне жақын орналасады. Жерасты суларының тұру биіктігін анықтау үшін тереңдігі 1-1,5 м болатын шұңқыр қазып, оны 2-3 күнге қалдыру керек. Содан кейін жерасты суларының орналасу тереңдігі белгілі болады.

Топырақ құрамындағы тұзды анықтау үшін, әрине, зертханаға топырақ үлгісін ұсыну керек. Бұл қарапайым азаматтар үшін проблема. Дегенмен, жауын-шашын түскеннен кейін немесе суарылғаннан кейін тұз топырақ бетіне шығып, көзге байқалатындай болады. Тағы бір әдісі: топыраққа тілді тигізіп, дәмін көруге болады. Мұның жағымды процедура емес екені түсінікті. Бірақ бұл қарапайым әдістердің бірі. Егер топырақта тұз көп болса, оны шаю және топырақты ауыстыру арқылы одан құтылуға болады.

 

ТОПЫРАҚТЫ ДАЙЫНДАУ

Жергілікті бақшашылар мен бағбандардың егу орнын қалай дайындайтындығын байқаған шығарсыздар. Топырақты қазып, қопсытып, органикалық тыңайтқыш сеуіп, екпес бұрын ұзақ уақыт суарып отырады. Осы процедуралардың барлығын оңай және түсінікті тілде түсіндіруге болады. 

Рет-ретімен бастайық. Біріншіден, егер сіз ағаш отырғызбақ болсаңыз, ең алдымен жақсы дренаждық қасиетке қол жеткізу керек. Егер ағашты суарғаннан кейін су төменге қарай ағып кетпесе, теректің тамырының айналасына жиналатын болса, онда тамырлары шіріп, өсімдік өліп қалады. Егетін жерге су құйып, судың қалай аққанын бақылаңыздар. Су ағып кеткеннен кейін жерді қазып, қарауға болады. Егер су нашар ағатын болса, жоғарғы қабаттарға тұрып қалады да, топырақ сазға айналып, суды өткізбейді. Демек, топырақтың физикалық қасиеттерін өзгерту немесе оны алмастыру керек.

Тұзды жерасты сулары жақын орналасқан жерлер қайта сортаңданбас үшін дренаждық қабат төсеуге болады. Ол түтіктер арқылы топырақтағы тұзды көтермей ұстап тұрады. Ол үшін қиыршық тастар, ұсақ тастар, малта тастар, ірі қайыршақ тастар, керамзит, уатылған кірпіш пен басқа да ірі түйіршікті материалдарды пайдалануға болады. Толтырғыштағы саңылаулар топырақпен бітеліп қалмас үшін дренажды қабатты топырақтан органикалық емес материалмен бөлу керек. Әдетте дренажды қабат шашақты тамыр жүйесі бар өсімдіктің (алма ағашының) түбіне төселеді. Ал өзекті тамыр жүйесі бар өсімдікті (алмұрт, шетен) құрамында тұзы аз және тұзды жерасты сулары төмен деңгейде орналасқан учаскелерге отырғызған жөн. Әйтпесе, түрлер белсенді дамығаннан кейін тамырлары топырақтың төменгі тұзды қабаттарына немесе тұзды жерасты суларына жеткен кезде, ағаштың ұшар басы (бәлкім бүкіл ағаш) кеуіп, оны үнемі қиып отыру керек болады. Сондай-ақ, жерасты сулары жоғары орналасқан жерлерде көшет отырғызылатын орындарды үйме топырақтармен көтеріп, үйме топырақтан егетін шұңқырлар жасаған жөн. 

Топырақты ауыстыру немесе бар топырақты пайдалану кезінде өсімдіктің бой алып кетуіне жағдай жасау үшін мынадай процедураларды іске асыру керек. Тереңдігі 80-100 см болатын отырғызылатын шұңқыр қазылады. Оның түбіне жоғарыда көрсетілгендей дренажды қабат төселеді. Дренажды қабаттың қалыңдығы 8-10 см болуы мүмкін. Содан кейін шұңқырға 3:1 пропорцияда көң араластырылған топырақ себеді. Қоспа үшін шіріп біткен көңді пайдаланған маңызды. Әдетте мұндай ұнтақталған көңнің иісі болмайды. Егер көң ескі болмаса, оны топырақпен араластырып, бірнеше ай қойған дұрыс. Топырақтың дренаждық қасиетін жақсарту үшін азғана ірі түйіршікті құм немесе құрамында тұзы аз ПГС топырағын қосуға болады. Әдетте мұндай құмды немесе ПГС-ты жаяужол тақтасын өндіретін цехтар пайдаланады. Отырғызатын шұңқырға топырақты сепкеннен кейін, оны суға толтыра алу үшін отырғызылатын шұңқыр көлеміндей қуыс жасалады. Жасалған қуыстарды кем дегенде 30-45 күн суару керек. Топырақты дайындау мерзімі неғұрлым ұзақ болған сайын, оның қасиеті де соғұрлым жақсарады. Суаруды күн сайын емес, отырғызатын қуыстағы топырақтың кебуіне қарай суарады. Осылайша, уақыт өте келе топырақтың қасиеті өзгереді. Топырақ борпылдап, дренаждық қасиеті жақсарады, органика пайда болады. Ол жерге қандай да болмасын шөптердің өсіп, жәндіктердің пайда болғанын байқайтын боласыз. Осы факторлардың барлығы топырақтың отырғызуға дайын екендігін көрсетеді. Жоғарыда айтылғандардан отырғызылғаннан кейін ағаштың қалыпты дамуы үшін алдын ала мыналарды істеген жөн деген қорытынды жасау керек: топырақтың дренаждық қасиеттерін жақсарту, оның құрылымын өзгерту, оның желдетілуі және суарылуы үшін борпылдақ ету, органикалық тыңайтқыштармен байыту керек. Мұнымен өсімдіктің жерсініп кету ықтималдығын арттырамыз.

 

КӨШЕТТЕРДІ ТАҢДАУ

Отырғызу үшін биіктігі 1,2-1,5 м болатын жас (2-3 жылдық) ағаштарды таңдаған жөн. Осындай өсімдіктердің жерсіну ықтималдығы көп жылғы өсімдікке қарағанда анағұрлым жоғары болады. Өсімдікті тамырлары жалаңаштанған күйде және ол өскен топырақ жентегімен де егуге болады. Негізгі тамырлары және жаңадан пайда бола бастаған ұсақ бүршіктері қазып алу, тасымалдау және отырғызу кезінде зиян шекпес үшін жентекпен отырғызу жақсы әдіс. Мұндай өсімдіктің жерсіну ықтималдығы жоғары болады. Отырғызғаннан кейін өсімдікті суару керек.

Өсімдікті отырғызу – істің жартысы ғана. Енді оған күтім жасау керек. Суаруға қолайлы болу үшін суару қуысын (ағаш діңінің айналасына) жасау керек. Суару ағаш діңінің айналасындағы топырақтың кебуіне қарай жүзеге асырылады. Суару жиілігі мен мөлшері ауа-райына байланысты анықталады. Ағаш отырғызылғаннан кейінгі алғашқы жылы тек органикалық тыңайтқыштарды ғана пайдаланады. Ал минералдарды келер жылдары қосуға болады. Суарудан басқа өсімдікті байлау (тамыр жүйесін нығайту және желді күні қорғау үшін), жабындау (ағаш діңінің айналасында ылғалды ұстап тұру, тамыр жүйесі үшін көлеңке жасау, жазда шыжыған күн сәулесінен қорғану және суық кезде тамырларды жылыту үшін және т.б.), пішінін ретке келтіру үшін бұтақтарын кесу және тіршілік ету әрекетін жақсарту, жапырақтарын сирексіту, ағаштың ұшар басын және діңін зиянкестерден қорғау үшін препараттармен өңдеу, қыста тамыр жүйесі мен діңдерін аяздан қорғау керек.

 

ШЫНАЙЫ ТӘЖІРИБЕ

Коля ағай тәжірибелі саябақшы. Оның саяжайына бірнеше ондаған жыл болған. Әр жыл сайын өзінің алты сотық жеріне қатысты жаңа нәрселерге қанық болады. Ол дипломы бар әріптесінің жоғарыда айтқандарының барлығымен келісті. Бірақ көшеттердің қайсысын алу керек деген сұрақты ашық күйде қалдырды.

– Мен өзім көшеттерді сатып алмағаныма 30 жыл болды. Ал егер басынан бастайтын болса, оралдық көшеттерді алған жақсы деп естідім. Ол жердегі климаттық жағдай бізден гөрі қаталдау. Демек, олар күштірек, оңтүстіктің: өзбектің немесе Шымкенттің көшеттеріне қарағанда жерсініп кету деңгейі жоғары болады. Біздікілердің Астраханға баратынын білемін. Баршаға белгілі ақ терек пен қарағаштан басқа, бізде шетен, қызылтал, тіпті, үйеңкі өседі. Ал барлық жеміс ағаштары дұрыс суарылса жақсы өседі. Дегенмен аудандастырылған, яғни, климатқа бейімделген сұрыптарын таңдау керек. Сүйектері бар жемістердің орталық тамырын кесіп тастаған жөн. Өйткені ол түбіне қарай бойлап өсіп, тұзға немесе жерасты суларына дейін өсіп жетіп, өліп қалуы мүмкін.

– Ал неліктен кейбіреулер топыраққа ізбес немесе бор себуге кеңес береді?

 – Топырақтың қышқылдығын осылай бейтараптандырады. 

– Бірақ оны қалай анықтайды? Тұз жай көзбен де байқалады ғой.

– Өз учаскеңізден топырақтың үлгісін алып, зертханаға апарған жөн. Бірақ іс жүзінде бұлай сирек жасайды. Мен өзім өз бақылауыма сүйенемін, белгілі бір учаскеде бір өсімдіктің нашар өскенін көрсем, қыста осы учаскенің шаршы метріне 250 г. арақатынаста өшірілмеген ізбес немесе шаршы метріне 150-200 грамм бор сеуіп тастаймын.

– Мен бақ шаруашылығынан бейхабар жанмын. Бірақ қаладағы жердің сортаңдығы сондай, сырттан топырақ әкелу керек дегенді естідім. 

– Иә, егер топырақ дайындаумен машақаттанғысы келмесе, сырттан топырақ сатып алуға болады. Біздегі қара топырақты Чкаловтан немесе Сарыөзектен әкеледі. Бір машина топырақ 5-6 мың тұрады.

– Саябақшының күнтізбесіне сәйкес көшетті қай уақытқа дейін отырғызған дұрыс?

– Нақты мерзімін ешкім де айта алмайды. Көктемде де, күзде де ағаштарды «тыныштық» күйге енген кезде отырғызу керек екендігін ескерген маңызды. Яғни, ағаш өсуін тоқтатқанда немесе әлі өсуді бастамаған кезде. Күзде ағаш отырғызу күшті және тұрақты аяз басталғанға дейін 25-30 күн ішінде аяқталуы тиіс. Яғни, алғашқы суық түскенге дейін отырғызуға болады. Бізде бұл уақыт қарашаның ортасына дейін созылады.

Жазып алған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

27 қазан 2011, 17:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.