Атырауда қазан айының қайырымдылық айы болып жарияланғанына биыл 20 жыл. Ал «Ізгілік» қайырымдылық қоры 1994 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Біз осы қордың жұмысы жайлы оның басшысы Сүйеу СҮЛЕЙМЕНОВПЕН (суретте) әңгімелескен едік.
- Сүйеу аға, қайырымдылық қоры жөнінде айтып өтіңізші?
- Қор 1994 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Бұл қордың қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне еш қатысы жоқ. Мен 1991-1999 жылдары ол бөлімде басшы болып қызмет атқардым. Ол кезде бөлімнен зейнетақыдан басқа пайда жоқ. Содан соң келген кісілерге қайтсек көмек береміз деп қор құрдым. Басында ескі киім, азық-түлік жинадық. Қазір мекемелерден қаржылай көмек сұраймыз. Құрылыс фирмаларынан жалғызілікті қарттардың үйін жөндеп беруге көмектесуін өтінеміз.
- Мәселен, қазір қалада өздерінен артылып қалған бүтін киімдерді қайда жіберетінін білмей отырған отбасылар баршылық. Сондай киім-дерді сіздер аласыздар ма?
- Әкелсе, аламыз. Бізге сол ұсыныстарын айтып телефон соғатындар бар. Бірақ, бұрынғыдай көп емес. Ал қосымша ақпарат алғысы келетіндер үшін біздің телефонымыз: 45-04-32.
- Қордан көмек сұрап келушілер көп пе?
- Бұрынғыдан да көбейді. Біздің жарғымыз бойынша жалғызілікті кемпір-шалдарға, әлеуметтік қорғалмаған мүгедектер, тұрмыстық жағдайы нашар көпбалалы отбасыларға көмек береміз. Күніне 10-15 кісі келеді. Жылына 700-800 кісіге көмектесеміз. Біздің тарапымыздан 8 млн. теңгедей ақша беріледі. Тағы да мекемелерден келетін қосымша көмек болады. Сосын қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркелген 320 жалғызілікті жан бар. Жылына оларға 10 мың теңгеге азық-түлік жәрдемін көрсетеміз.
- Көмекке нағыз мұқтаж жандардың қолында қандай құжаттар болуы керек?
- Арызымен бірге тұрғылықты мекен-жайынан анықтама, СТН, жанұя құрамы туралы анықтама қажет. Егер мүгедектігі болса, мүгедектік туралы анықтама және Астана мен Волгоградқа бара жатқан болса, дәрігерлердің жолдамасын, жол билетін әкеліп көрсетуге тиісті.
- Қордың жұмысын кім тексереді?
- Мен жеке тұлғамын ғой. Мені тексеріп жатқан ешкім жоқ. Өзіміздің ардагерлерден құрылған ревкомиссия бар. Солар кейде отырып алып, қордың жұмысын, бөлінген ақшаларды, көмек сұрап келгендердің қағаздарының дұрыс-бұрыстығын қарайды. Сосын бізде артық тиын еш жаққа кетпейді.
- Сіз жылына 500-ге жуық мекемеге қаржылай көмек сұрап хатпен шығып отырамыз дедіңіз. Соның нәтижесі қандай?
- Иә, хатпен де шығамыз, телефон соғамыз, аяқтай барып жолығамыз. Солардың 15 пайызына жуығы ғана көмектеседі. Маған кейде жасы 30-ға жақын компания басшылары өмір қажеттілігін сезінбейтіндей, түсінбейтіндей көрінеді. Алдында сондайлардың бірі «Қазір зейнетақы өсті, жәрдемақы көлемі ұлғайды!» дейді. Мен оған «Сен айына 15 мың теңге алып көр. Және соған тамақ іш, киім ки, жарық пен суыңа, жылу мен газыңа төле, дәрі-дәрмек ал» деп едім, таң қалды.
- Сіз кезінде қарттар үйі мен «Ақ бота» балалар үйін ашуға мұрындық болдым деп едіңіз?
- Қарттар үйін ашу туралы кезінде көптеген жиылыстарда ұсыныс айтудан жалықпағаным себеп болған болар. Ал балалар үйінің ашылуының салдары тереңде. Бұрын сәбилерін тастап кеткен жас аналар көп кездесті. Осылайша «Ақ бота» балалар үйінің қажеттілігін өмір өзі діттеді. Ол 1994 жылы ашылды. 2004 жылдары күйі кетіп тұрған балалар үйіне ТШО-ның жәрдемдесуіне септігімді тигіздім. Өзім де жетім өстім ғой. Бала күнімде жоқшылықты көп көрген едім.
- Қарап тұрсақ, көптеген қайырымдылық қорларының өз сайттары бар. Ашықтық бастамасы деген бар ғой. Кеткен шығын мен келген кірістің есебін жариялайды.
- Сайт ашу жоспарда бар. Бірақ, оған қаражат қажет. Себебі, сайт жасайтын фирма менен 70 мың теңге сұратты. Жергілікті газеттер арқылы мекемелер ақшаларының қайда жұмсалып жатқанын жария етіп тұрамын. Мәселен, «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы жылына 4-5 млн. теңгедей ақша береді. Біз оларға қашан, қанша және кімдерге көмек берілгендігі жөнінде нақты ақпарат беріп отырамыз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ