Кредитомания, социумға бейімделу деңгейінің төмендегі, жұмыс іздеу, мемлекеттік қордан баспана алу қиындығы, балабақшадағы таусылмайтын кезек – осы және басқа да проблемалармен екі жылдан бері жастар дағдарыс орталығына (ДО) атыраулық жастар жүгінуде.
ДИПЛОМ БОЛСЫН, ӘРІ ҚАРАЙ НЕ БОЛАДЫ?
Өмірдің қиын кезеңіне тап болған жас атыраулықтарға тегін кешенді көмек көрсетуге арналған орталық қолайлы жерде, Азаттық, 42 мекенжайындағы «Геотекс» ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Бұл жерде психологтар, әлеуметтік жұмыстар жөніндегі маман, заңгер-кеңесші жұмыс жасайды.
Бағдарлама менеджері Нелли КУЛИКОВСКИХТЫҢ айтуынша, ДО клиенттерінің басым бөлігі – өмірде өз орнын іздеп жүрген 25 жасқа дейінгі адамдар. Қолдарында дипломдары бар, ал мамандығы бойынша жұмыстары жоқ. Жоғары оқу орнынан «құжат» алған адам жұмысқа орналаса алмайды: бұл жерде оның мамандығына сұраныс жоқ, ал шетелде жұмыс істеу үшін дайындығы сай емес. Оның үстіне, сұхбат барысында алынған мамандығының мүлдем арманы болмағаны анықталады. Мектептен кейін міндетті түрде жоғары оқу орнына түсу міндетті, ал, қайда екені маңызды емес болған. Бұл көбінесе ата-аналарының бастамасы: «Ой, диплом ал, сосын көрерміз!» дейді. Кейін босқа кеткен жылдары үшін өмір бойына өкінбес үшін мамандық таңдауда жақсылап ойланған жөн.
Дағдарыс орталығының психологы Айымгүл ХАРИСОВА өзіне кредитоманияға шалдыққан пациенттер жиі келетінін айтты. Олар түрлі мұқтаждықтар үшін банктерден ақша ала береді екен. Өйткені, адам жақсыға тез үйренеді. Ал нәтижесінде бүкіл тапқан табысы пайыздарды өтеуге кетеді. Бұдан туыстары да зардап шегеді.
– Жақында мен жас әйелмен жұмыс істедім. Күйеуі қомақты сомаға інісіне несие ресімдепті. Інісі көліктерді алып сатумен айналысады екен. Бастапқыда несиені уақытымен төлеп тұрған. Бірақ кейін бизнесі үйлеспей, жарналар төлеуді доғарған. Соның салдарынан көп пайыздар жиналып қалады. Әрине, отбасында ұрыс-керіс басталады. Осы тұрғыда әйелде күйеуінің туыстарына деген реніш пайда болып, күйзеліс басталған. Оны отбасындағы күнделікті ұрыс-керіс әбден титықтатады, - деп әңгімеледі А.Харисова.
Психологпен әлденеше рет сұхбаттасқаннан кейін әйелдің эмоционалдық жағдайы тұрақта-лып, ол анағұрлым сабырлы, естияр бола бастаған. Дауыс көтеріп, үнемі талқыға салу проблеманы шешпейтінін, ал денсаулық пен отбасындағы қарым-қатынасты бұзу оп-оңай екенін түсінген.
БЕЙҚАМ ҚАМҚОРЛЫҚ
Заңгерлерге жастар, негізінен, баспана, балабақшадан орын, мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік бағдарламалар бойынша жәрдемақылар алу мәселелері бойынша барады. Сондай-ақ, балалардың тегін анықтау туралы отбасылық проблемалармен, балалар құқығын қорғау, алименттер, қамқоршылар мен қорғаншылардың құқықтық жағдайына қатысты мәселелермен келеді. Орталық заңгері Валентин КЛИМЕНКОҒА туған жиеніне қамқорлық ресімдегісі келген әйел жүгініпті. Анасы қайтыс болғаннан кейін қыз бала туған кезінен бастап өзін тәрбиелеген тәтесімен және әжесімен бірге тұрған. Ал қамқорлық және қорғаншылық органы бұл мәселені еш шеше алмаған. Іс сотқа дейін барып, онда қамқорлық органының әрекетсіздігі нәтижесінде кәмелетке толмағандардың мүддесін қорғау жөніндегі заңды құқық бұзылған деп танылады. Сот қалалық әкімдікті тәтесін кәмелетке толмаған сәбидің қамқоршысы деп тағайындау туралы өтінішті қарауға міндеттейді. Ұзақ уақыт бойына сот шешімі орындалмаған, сол кезде басқа қалада тұратын әкесі қызды өзіне алғысы келеді. Қамқорлық туралы шешім ұзаққа созылып, әкесінің қыздың анасы жағынан туыстарымен ұрыс-керісі салдарынан шешім қабылданбаған. Ал қыз туған қаласынан, тәтесінен, әжесі мен сыныптастарынан кеткісі келмеген.
– Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты психолог пен ДО заңгерінің қатысуымен істі қарады. Ұзақ келіссөздерден кейін тараптар бейбіт келісімге келді. Әкесі тәтесінің қызды тәрбиелеуге барлық жағдайы бар екендігімен келіскен. Қыздың, өз кезегінде, әкесімен қарым-қатынасы реттелген. Олар жиі хабарласып тұрады, әкесі оның денсаулығын, оқуын сұрастырып отырады. Алайда сот сатылары тәтесінің қамқорлық көрсетуге құқығы бар деп танығанымен, оны қамқоршысы деп тағайындау туралы шешім анағұрлым кеш қабылданды. Яғни, біз қамқорлық пен қорғаншылық органының және балаларды қорғау мәселелері жөніндегі комиссия жұмысынан формализмді көріп отырмыз. Қағазбастылық салдарынан қыз асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алмаған және еркін жүріп-тұра алмаған, өйткені, құжаттары дер кезінде ресімделмеген, - деп әңгімеледі Клименко.
Жобаға жетекшілік ететін «Қазақстанның жаңа ұрпағы» ҚБ қызметкерлері «Шеврон» компаниясының қолдауымен Жастар сарайының құрылысы аяқталған кезде дағдарыс орталығы сол жерде тұрақты негізде жұмыс жасай алады деп үміттенеді. Әзірге жоба жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысының арқасында ғана жүзеге асырылуда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА