Атырау, 29 желтоқсан 23:14
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Қош бол, уылдырық!

3 068 просмотра

«Атыраубалық» жұмысшылары жалақы ала бастады. «Прокурорлық әрекет ету шараларының нәтижесінде кәсіпорын басшылығы «Атыраубалық» АҚ-ның 441 жұмысшысына 11 миллион теңгеден астам сомада жалақыларын төледі. Еңбекақы бойынша қалған соманы 21 қазаннан бастап төлеуді жоспарлап отыр», - деп хабарлады Атырау қаласы прокурорының көмекшісі Серік ЖАҢАБАЕВ. Сондай-ақ, қалалық прокуратура азаматтардың құқықтары қайта бұзылған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы туралы «Атыраубалық» АҚ басшылығына ескерту жасады.

250 МИЛЛИОНҒА САТЫП АЛДЫ

Жалақыны кешеуілдетудің бір  ұшы Қазақстанның бір кездегі балық шаруашылығы саласындағы осы бір алып кәсіпорынының ұлттық мен-шікке айналуына да байланысты болатын. Естеріңізге салсақ, өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атыраубалық» АҚ-ның мемлекетке өтетіндігі жөнінде ресми түрде мәлімдеген еді.

- Бізге КМК құрып, «Атыраубалық» мүліктерін сатып алу жөнінде тапсырма берілді, - деп түсіндіреді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Ерболат ҚАДИМОВ.

Бұдан бұрын «Атыраубалық» АҚ жұмысшылары енді өздерінің кімнің иелігіне өткендіктерін білмейтіндігіне шағымданған болатын. Ауыл шаруашылығы басқармасындағы тағы бір ақпарат көзінің айтуынша,  «қылшықты  қыбырынан бөліп қарау керек». Атырау әкімдігі бұрынғы балық өнеркәсібі алыбының міндеттемесін емес, тек мүлкін ғана сатып алған.

Ал Қадимовтың айтуынша, егер үкімет Қазақстанның даму банкіне салынған акционерлік қоғамның мүлкін сатуға араласпаған болса, ол аукционнан сатылып кете  беретін еді де, кәсіпорын  өз жұмысын баяғыда тоқтатқан болар еді. Ал бұл дегеніңіз әлі де пайдалануға жарамды әжептәуір жер учаскесі мен едәуір мөлшердегі жабдықтар, техникалар, ғимарат цехтары, қоймалар және т.б. болатын.

- Сіз түсінесіз бе, бүкіл техниканы, флотты Қазақстанның даму банкі сатуға дайын еді. «Атыраубалық» акционерлері мемлекетке  оларды  6 млрд. теңгеге  сатып алуды ұсынды. Біз аукционнан 250 миллион теңгеге мүліктерді сатып алдық, - дейді Е.Қадимов. – Арзан бағаға кемені және басқа  жабдықтарды  сатып алғысы келгендер көп болды. Бірақ «Атыраубалық» - еуронөмір мен тиісті еуростандарттарға ие болған жоғарғы сападағы өнімді шығарған еліміздегі бірден-бір кәсіпорын еді. Сондықтан мемлекет оның өндірістік активтерін  сатып алуды ұйғарды.

ҚАРЫЗ БҰРЫНҒЫ ҚОЖАЙЫНДАРЫНА ҚАЛДЫРЫЛДЫ

Бұл жерде кәсіпорындағы өзгерістің неден бастау алғанын еске алған жөн. Өткен жылы наурыз айында Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Юрий Ромашов мемлекет меншігіне қожайындары Британдық Виргин аралдарындағы оффшорлық «Brooklyn Group Consultants Inc.»( 75%) компаниясы мен  «KZ-Балык» (13%) боп табылатын «Атыраубалық» АҚ-ның 89 пайыз акциясын қайтарымсыз беру жөнінде хабарлады.

Алайда біздің Астанадағы сенімді ақпарат көзіміз Атырау облыстық әкімдігінде (енді «Атыраубалықтың» мүлкі соның иелі-гінде) акциялардың бақылау пакеттерін қайтарымсыз беру туралы құжаттардың өтпегендігін хабарлады. «Әкімдікте де ақымақтар отырған жоқ қой. Оларға, «Атыраубалықтың» меншік иелерінің тегін болса да ауыртпалығы мол активтерінің қажеті қанша? Онда әкімдік акциямен бірге олардың міндеттемелерін де қабылдап алған болар еді. Акционерлер басқа кредиторларға тағы да миллиардтаған теңге қарыз емес пе?! Сондықтан әкімдік оның тек мүлкін ғана алған», - деп түсіндірді маған.

 

БӘРІ ЖАҚСЫ ДЕГЕН ТҮР КӨРСЕТЕМІЗ

Астанадағы ақпарат көзімізбен  әңгімемізді жалғастырдық.

- Мүлкі жоқ бұл не қылған кәсіпорын сонда?

- «Атыраубалықта» сауда белгісі, есеп-айырысу шоттары, ұжымы мен мүліктің «әл үстіндегі» бір бөлігі ғана қалды.

- Ал «Атыраубалықтың» әрі қарайғы тағдыры қалай болмақ?

- Басқа тағдыры жоқ оның. Мүлкі мен жері болмаған соң қандай тағдыр болмақ? «Атыраубалық» баяғыда күйреп қалған.

- Ендеше неліктен бұл туралы ресми түрде жарияламайды?

- Кәсіпорынның акционерлері бар ғой, оны банкрот деп солар жарияласын.

Бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде ел арасында белгісіздеу болғанымен  Brooklyn өкілі саналған Дәурен Жаңабаев есімді азамат  Brooklyn-нен басқа, бірқатар заңды және 2000-нан астам жеке тұлғалар «Атыраубалық» АҚ-ның акцияларына ие екендігін хабарлаған еді. Бұл заңды тұлғалар кім? Ал жеке тұлғалар – балықшылар ма әлде басқа біреулер ме? Егер «Атыраубалық» нақты банкротқа ұшыраған болса, онда бұл акциялар жай ғана қағазға айналғаны ма? Неліктен акционерлік қоғам өзінің банкротқа ұшырағанын жарияламайды? Брендті, сертификаттарды және т.б. сақтау үшін бе? Әлде ұжымды сақтап қалу үшін бе?

Біз  осы сұрақтарға жауапты «Атыраубалық» АҚ директоры Василий КУЗЬМИННЕН алармыз деп үміттенген едік. Алайда, өкінішке орай, ол тек жауап бермей ғана қоймай, тілшіден тығылып әлек болды. Әрине Василий Геннадьевичті ірі акционерлердің сахнадан тысқары ойындарына араластырмайтын болар,  бірақ АҚ директорына кәсіпорынның қазіргі ахуалы туралы сұрақтарымызға жауап беруіне болар еді ғой.

Дегенмен де, бір нәрсе түсінікті болды: «Атыраубалық» АҚ өзінің соңғы күндерін өткеріп жатыр. Енді оны мемлекеттік монополия да құтқара алмайтын секілді. Біз енді ешқашан қара уылдырықты, біздің даңқты брендімізді көре алмайтынымызды мойындайтын кез келді.

 

«ЖАЙЫҚбАЛЫҚ» НЕ ҮШІН ҚҰРЫЛҒАН?

Алайда, Қадимовтың айтуынша, адамдарды «Жайық-Балыққа» ауыстыруға кәсіпорын әзірге дайын емес екен. Сондықтан банктен сатып алынған мүлік әзірге адамдар жұмыс істей алуы үшін кері «Атыраубалыққа» қайта жалға берілген.

- «Жайықбалық» әзірге жұмысқа кірісуге дайын емес. Алда ауқымды ұйымдастыру жұмыстары күтіп тұр. Сертификаттар, рұқсат құжаттарын, ISO, халықаралық стандарттарды және т.б. алу қажет, - деп түсіндіреді шенеунік.

Біздің білуімізше, биылғы жылы үкімет балықтар көшетін және уылдырық шашатын жерлерден балық аулауға тыйым салып, көктемдегі өзеннен балық аулау маусымын болдырмай тастады. Құрманғазыдағы балықшылар тіпті осыған қатысты митинг те өткізген еді. Айтпақшы, «Атыраубалықта» 700 адам жұмыс істейді. Оның 80 пайызын зейнеткерлік жас алдындағы әйелдер құрайды. Жеке кәсіпорынды ұлттық меншікке айналдыру мақсатында қара уылдырық және бекіре тұқымдас балықтарды аулау мен өңдеуге мемлекеттік монополия жарияланды. Қайтадан құрылған «Жайықбалық» КМК бекіре тұқымдас балықтармен айналысуы тиіс секілді еді. Алайда Қазақстанның коммерциялық мақсатта бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий жариялағанына екі жыл болды. Дегенмен, Ресей, Иран, Әзірбайжан мен Түркіменстан әзірге мұндай шаралар алған жоқ. Каспийдің су биоресурстары жөніндегі комиссиясының тұрақты мүшесі Тариэль Мамедлидің айтуынша, Каспий өңіріндегі бес елдің тиісті құрылымдары осы мәселені желтоқсан айында Бакуде талқылайтын болады. 2010 және 2011 жылдары Каспий өңірінің елдері бекіре тұқымдас балықтарды тек ғылыми-зерттеу мақсатында аулап, өз еріктерімен өздеріне шектеу салған болатын. Мораторийді 5-10 жыл мерзімге енгізу жоспарланып отыр.

- Сонда «Жайықбалық» немен айналыспақ?

- Біз өндірісті сақтап қалғымыз келген, - деп жалғастырды сөзін Қадимов. - Қара балық аулаудан, теңізді игеруден бастаймыз. Ихтиологтардың болжамы бойынша, теңізден 15 мың тоннаға дейін балық аулауға болады екен. Қазір майшабақ, шабақ балықтары ауланбайды. Сазанды өнеркәсіптік мақсатта аулауды жолға қоя алмай келеміз. «Жайықбалық» негізінен жаңа өндірістік қуаттылықты жасау есебінен өмір сүретін болады. Сырттан әкелінетін мұхит балықтарын өңдеу зауытын саламыз, балық етін, рулеттерді, қалбырланған балықтарды шығарамыз. Ескі қалбырлау цехы 2004 жылдан бері жұмыс жасамайды. Жыл аяғына дейін облыстық бюджеттен оның ғимаратын күреу үшін ақша бөлінетін болады. Қазір үкімет алдында қара балықтарды аулауға рұқсат алу туралы мәселе қойылды.

 

КЕМЕ ЖӨНДЕУ ЗАУЫТЫН КӨЗГЕ ІЛМЕЙДІ

«Жайықбалық» үкіметтен берілетін алғашқы траншты алып та үлгерді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлі-меттері бойынша, 3,5 миллиард теңгеге кемелер сатып алынған, 10 балық аулауға арналған кеме, 4 сүйретпе қайық, 90 тоннаға дейін өндіретін мұз генераторлары, 60 тоннаға дейін сақтауға мүмкіндік беретін тоңазыту шкафтары алынған. КМК-на тағы да мұз зауытының құрылысы үшін 4,5 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр.

«Жайықбалық» КМК үшін теңіз техникасын жеткізіп беру (жалпы сомасы – 3,5 млрд. теңге) конкурсын  «МұнайҚұрылысСервисЛТД» фирмасы жеңіп алды. Айтпақшы, бұл тендерде тағы бір – «Кеме жөндеуші» (бұрынғы Балықшы «Кеме жөндеу зауыты») ЖШС-де қатысты. Бұл біздің аймақтағы ең көнекөз кәсіпорындардың бірі, «Атыраубалыққа» қызметтес мекеме болды деуге болады. «Атыраубалық» үшін көктемгі және күзгі балық аулау маусымына кемелерді жөндеу, флотты дайындау – осы компанияның негізгі қызмет түрі. Ол 7 гектардай аумақты алып жатыр, кеңестік кезеңде бой көтерген мамандандырылған цехтары және дипломды мамандары бар.

Өткен жылы «Жайықбалық» КМК үшін жүзу құралдары мен техниканы (жалпы құны – 1,5 млрд. теңге) жеткізу бойынша тендер өткен кезде «Кеме жөндеуші» ЖШС кем дегенде 50 млн. теңге лотын ұтуға үміткер болған еді.

- Тендердің талаптары бойынша мамыр айына дейін 6 балық аулауға арналған кемені дайындау керек болатын. Біз бұрын да дайындағанбыз және оны қазір де дайындай аламыз. Алайда, олар бізге серіктес кәсіпорынның телефонын көрсетпедіңдер деген сылтауды айтып, бас тартты. Осындай уәж бола ма? -  дейді аң-таң болған «Кеме жөндеуші» ЖШС директоры Айтпай АҚТЕҢЕЛОВ.

Ал, конкурста жеңген компания барлық тапсырысты Астраханға беріп отыр. «Кеме жөндеуші» ЖШС-де тағы бір орын алған өзекті мәселе бар. Кәсіпорын аумағында өткен жылдан бері «Атыраубалық» АҚ-ның 9 жөнделіп тұрған кемелері тұр. Акционерлік қоғам бұл жөнделген кемелер үшін шамамен 35 млн. теңге төлеуге тиісті.

- Алайда, олар бұл кемелерге қатысты мәселені шеше алатын емес,-дейді А.Ақтеңелов. – «Атыраубалық» басшылығы бар жауапкершілікті кемелердің қазіргі иелері ретінде «Жайықбалық» КМК-на аударып отыр. Мен ол кемелерді бостан-бос далада қалдырғым келмейді. Олар да бір кездері суға батып кеткен уылдырық жүзбелі зауытының кебін киюі мүмкін ғой. Ал, «Жайықбалық» «Атыраубалыққа» жолығуға кеңес береді. 

Сәния ТОЙКЕН

27 қазан 2011, 17:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.