12 тамызда Атырауда Каспий күні атап өтілді.
Салтанатты шараны Солтүстік Каспий жобасының (СКЖ) операторы NCOC компаниясы Атырау облыстық әкімдігімен бірігіп ұйымдастырды. Мұнай компаниясы осыған орай "Мониторинг окружающей природной среды Северо-восточного Каспия при освоении нефтяных месторождений" кітабының таныстырылымын өткізді. Бұл 1993-2006 жылдар аралығындағы СКЖ-ны жүзеге асыру шеңберінде экологиялық зерттеу нәтижелері бойынша басылған ғылыми мақалалар жиынтығы. Кітаптың авторларының басым бөлігі Алматыдан. Олар да шараға шақырылды (суретте).
БАЗА НЕ ҮШІН САЛЫНДЫ?
Облыс әкімінің орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ жиналғандарға «Каспий – бірегей су айдыны, оның биоқорларын ұрпақтар үшін сақтаған жөн» екендігін еске салды. Содан кейін Каспий проблемаларын жарыққа шығарған БАҚ қызметкерлеріне, соның ішінде сіздің тілшіңізге және түрлі табиғат қорғау мекемелерінің өкілдеріне сыйлық табыстады. Алайда Мұфтах ДИАРОВТЫҢ сөзінде мерекелік сарын болмады. Академик Солтүстік-Каспий мұнай төгінділеріне әрекет ету базасы жұртшылықтың наразылығына қарамастан Жайықтың экологиялық сезімтал сағасына салынғанын еске салды. Айтпақшы, мұнайшылардың өздері кейінірек базаны кеніштен шалғай орналасқандығы үшін пайдасыз екенін мойындаған болатын. Диаровтың айтуынша, айтарлықтай басқа бір қателік - ТШО Келешек кеңею жобасының жүктерін тасымалдау үшін Каспийдің аса ерекше қорғалатын қорық бөлігіне теңіз каналын салу жобаланған бағыттың таңдалуы болып табылады:
– Мен жарты жыл бойына, соның ішінде ҚР Қауіпсіздік кеңесіне осы канал салынса басқа Каспий маңындағы мемлекеттермен жасалған келісімді бұзатындығымыз туралы хат жолдап тұрдым. Алайда бүкіл өкілетті органдар келісім берген. Бұл үлкен күнә!
ЕНДІ ЦЕНЗУРА ЖОҚ ПА?
Кітап авторларының сөзінен кейін де Диаров жайбарақат көңіл күйге оралуға мүмкіндік бермеді. Ол бұрын тапсырыс берушінің өздері үшін жағымсыз фактіні зерттеу қорытындысына енгізуге рұқсат бермегендігіне қатысты шағымдары болғанын еске түсірді.
Ғалымдардың айтуынша, шынымен де алғашқы жылдары тапсырыс берушілер (олардың ішінде Аджип ҚКО да аталды) кейбір мәліметтерді жұртшылықтың игілігіне айналдырмаған жөн деп есептеген.
– Бірақ кейін бәрі қалпына келді. Біз жинаққа ластану, мөлшерден асу, бекіре тұқымдастар, итбалықтар және т.б. бойынша бүкіл көрсеткіштерді сақтап, енгіздік, - деп сендірді «Терра» ЖШС-нің ғылыми және экологиялық жобалау департаментінің директоры, биология профессоры Наталья ОГАРЬ.
М. Диаровты және барлық қатысушыларды неліктен консорциум кітапта тек 1993-2006 жылдардағы кезеңді ғана қамтуды жөн көрген, Каспийдегі теңіз операциялары әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр ғой деген сұрақ қызықтырды.
NCOC-тың денсаулық, еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Игорь ЛУКАШОВТЫҢ (суретте) жауабы: өйткені осы кезеңде теңіздегі D және А аралдарын салуға байланысты теңіздегі жұмыстардың негізгі көлемі (90%) жүргізілді.
Одан кейінгі теңіз ұңғымаларын бұрғылауға келер болсақ, Лукашов жобада қабылданған нөлдік шығарынды болғандықтан, бұл жұмыстардың қоршаған ортаға әсер етпегенін мәлімдеді. Алайда ол осы мерзімде кейінірек істен шыққан бастапқы құбырларды төсеу жұмыстары жүргізілгенін ұмытып кетті. Ал енді бұл жұмыстар қайтадан жүргізілуде. Бұл Каспий экологиясына көрінеу теріс әсер етеді.
Жайық-Каспий Орхусс орталығының жетекшісі Шынар ІЗТЕЛЕУОВАНЫҢ компания бұдан кейінгі жылдар бойынша осындай мақалалар жинағын шығаруды жоспарлап отыр ма деген сұрағына Лукашов 2006-2013 жылдар, содан соң 2005 жылдан бастап әрі қарайғы кезеңдер бойынша басылым шығару қаралуы мүмкін екенін айтты. Алайда кесімді жауап айтпады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор