Атырау, 2 қараша 19:56
 бұлттыВ Атырау +11
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Бір шатырдың астында

6 161 просмотра

Маған бар болғаны – қалпағымды қоятын және бірнеше досым сиятындай бөлме ғана керек.

Дороти Паркер

«Үйіме де жеттім-ау!..» – дейміз пүліш шәркемізді аяғымызға ілген әрбіреуіміз масайраған түрмен. Бір қолымызға бутербродты, екінші қолымызға лимон қосылған шайды ұстап, теледидарды тамашалау үшін сүйікті кресломызға жайғаса кетеміз... Бір сөзбен айтқанда, керемет.

«Үйіме де жеттім-ау!..» - дейді сабақтан жатақханаға оралған студент енжарлықпен.

Табалдырықтан аттаған кезде анаң пісіретін мұрынды жарар тефтелиді, өз бөлмеңде оңаша болатын рахат кездерді ұмытасың. Мұнда бәрі басқаша. Салдырлаған саз әуенімен ашқұрсақ күйде ұйқыға кеткен қалжыңбастау көршің, кереует астында иісі мүңкіген шұлықтар, жуылмаған тәрелкелер, қорылдар, түнде сықырлай ашылатын есік... Бір сөзбен айтқанда – бұл жатақхана.

 

КІРЕР АУЫЗДАҒЫ РЕНТГЕН

Театрдың киім ілгіштен басталатыны секілді жатақхана терезеден басын шығарып қарайтын әжейден басталады. Нұржамал апаның көзі мұнда кірген адамның бәрін рентгеннен кем тексермейді. Егер бәрі дұрыс болып, сіздің өз адамы екеніне көз жеткізсе, сізге туған сүйікті немересіне қарағандай жымия қояды.

Апайдың құзырлы аумағынан аман-есен өткеннен кейін бірден коменданттың сенімді қолына түстік. Студенттік жатақханадағы комендант – үнемі ұрыса беретін, бірақ бірер бөтелкеге достасуға болатын жаны мейірімді «Петрович» деген түсінігімді сымбатты әйел Салтанат УНБАЕВА түбегейлі өзгертіп жіберді.

Дәліз бойымен коменданттың соңынан ілесе жүріп, «кереует – 2 дана, электрлі плита – 3 дана» деген секілді қажеті жоқ ақпаратты сыпайылық үшін жазып алдым. Үшінші қабатқа келгенде, өзімнің келген басты себебімді жеткіздім. «Студенттер сізге неге керек? Сөйлесу үшін бе? Не туралы?- деп абыржи сөйледі ол. – Онда кешке келіңіз, қазір бәрі сабақта ғой...».

 

ЖАТАҚХАНАДА КӨҢІЛДІ БОЛАДЫ

Кешке жатақхана жанданады. Студенттер сабақтарынан келеді. Сабақтан оралған орташа статистикалық студенттің оң жақ қолында дәптерлер мен дәрістер жазылған салмақты сөмке және сол жақ қолында майонез жағылған бөлке нан болады.

Дәлізден қызу тіршіліктің дыбыстары ғана емес, асүйдегі дәмді иістер де шығып жатты. Кішкентай бөлменің көп бөлігін ұсқыны қорқынышты қаңылтыр үстел мен электрлі плита алып жатыр. Барлық төрт конфорка max режиміне қосылған: қайнап та, пісіп те, бұқтырылып та жатыр. Ұялшақтығымды жеңіп, пісіп жатқан тамақтың қақпағын ашып қарадым. Біреуінде қуырылған картоп, біреуінде күріш, енді біреуінде макарон, ал жексенбі күні кешкісін аудандардан келген балаларда ет қосылған палау пісіп жатыр екен. «Қарындары тоқ болса, көңіл-күйлері де көтеріледі... кеш бойына домбырамен өлең айтады десеңші», - деді асүйдегілер. Тамақты оттан түсіре сала бөлмелеріне әкетеді. Ол жерде кем дегенде құрғақ нанды күйсеген төрт ауыз күтіп отырады. «Бұлар тағы да палау дайындап жатыр ма?» - деді студенттердің бірі жымысқылана. Ия, деген жауапты естіген соң, күрсіне макаронды шанышқысымен түйреп алды. «Макарон да дәмді ғой. Қарның ашпас үшін ертерек ұйықтап қал», - деді жұбатып күлген екіншісі.

Бұл жерде студенттерді фотосуретке түсірудің өзі мүмкін емес боп шықты. «Неге?» деген сұраққа студенттердің бірі: «Ыңғайсыз ғой!» дейді. Менің түсінуімше, студенттердің көпшілігі жатақханада тұруды абыройсыз нәрсе деп санағандықтан суретке түсуден бас тартқан.

 

ҰРЫС-КЕРІССІЗ ЖӘНЕ ӨЗ ОРНЫМЕН

Үшінші қабатта ер балалар тұрады. «Азық-түліктерді бірігіп сатып аламыз. Жетіспейтін нәрсені көршілерден қарызға аламыз. Бастысы кейін қайтарып беру керек, әйтпесе, келесі жолы сұрай алмайсың. Міне бүгін тұшпара сатып алғанбыз. Әкелгенше еріп кетіп, бір-біріне жабысып қалды. Оны қайнатып алдық та, бөліп жедік», - дейді студент жігіттер. – Бірақ негізінен макарон мен күріш жейміз. Бір ай макарон, екінші айда – күріш».

– Ал бос уақытты қалай өткізесіңдер? Ең болмаса теледидар қарайтын шығарсыңдар?

- «Теледидар төмендегі жеке бөлмеде ғана бар. Бірақ одан қарайтын ештеңе жоқ, кабельдік желі немесе «тарелке» де қосылмаған, сондықтан өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз...». Есесіне әрбіреуінде дерлік ноутбук бар. Оны сәнді бұйымнан гөрі, қажеттілік деген дұрыс шығар. Өйткені жатақханадағы барлық 93 студент бар болғаны көнерген үш компьютерді пайдаланады, ол да ғаламторға қосылмаған. Ал былай ғаламторға кіріп, ойын да ойнап, фильм де қарауға болар еді. Әсіресе комедияны ұнатамыз. Кейде тіпті бәрі күліп үлгеру үшін тоқтатып қоюға да тура келетін кездер болады.

– Сонда бір-біріңе оқуға кедергі келтірмейсіңдер ме? – деп таң қалдым мен.

– Фильм көруге немесе серуендеуге шақырған кезде, конспект жазу қиынға соғады. Бірақ уақыт өте үйреніп кетесің. Бір үстел басында біреуі курстық жұмыс жазып отырса, екіншісі тамақ ішіп, үшіншісі қасыңда гитарамен ән шырқап отыруы мүмкін. Себілгі бөлмесіне бүкіл бөлме болып кезекке тұрған ыңғайлы. Есік алдында бір адам тұрғанмен, іс жүзінде бөлмеде жеті адам кезек күтіп тұруы мүмкін. Егер кезекте біздің біреуіміз тұрсақ, жуынатын бөлменің әзір босамайтынын көршілер біледі.

– Ақшаға қатысты жағдай қалай? Үнемі проблема бола ма?

Ақтөбелік Тимур, мұнай бөлімінің ІІІ курс студенті, коммерциялық бөлімде оқиды: «Алғашқы екі курсты Алматыда оқыдым. Содан соң осы жаққа ауысып келдім. Алматыдағы студенттердің қалталары қалың болуы керек екенін нақты айта аламын. Менің оқуым үшін ата-анам жылына 380 мың төлейді, ал айына 20 мыңнан жіберіп отырады. Негізінен бар ақша тамаққа, жолақыға және рефераттарды басып шығаруға кетеді. Жігіттермен тамақты бірігіп алатынымыз жеңілге соғады».

– Сендерде «дедовщина» бола ма? Жоғарғы курстың жігіттері ақшаларыңды тартып алатын кездер кездесе ме?

– Жоқ, – дейді І курс студенті қызылордалық Бекболат. – Бәлкім бар да шығар. Қайдан білейін? Дегенмен, мұндай кезде бастысы ашық ауызданбай, тойтарыс берген жөн.

– Бөлмені кім тазалайды?

– Бәріміз бірге. Біз әуел бастан әркім өз тәрелкесін өзі жуады деп шештік. Бірі шаң сүртсе, екіншісі сыпырады, үшіншісі қоқыс төгеді. Бәрі өз орнымен.

 

ШӘКІРТАҚЫДАН ШӘКІРТАҚЫҒА ДЕЙІН

Ленаның (есімі өзгертілді) жатақханада тұрғанына төртінші жыл болды. Жасы 20-да, жетім өскен қыз. Болашақта геофизик болуды жоспарлайды. Ол жатақхана өміріндегі қиыншылықтар туралы сұрағыма таң қалды.

- Қайдағы қиыншылық? Бастысы – жаңа көршілеріңмен достық көпірін орнатсаң болды. Содан соң шәкіртақыға дейін жуа, бірер картоп немесе бір уыс қантты қарызға алуға болады. Тек тамақты ғана емес, мәселен, пышақ та сұрай аласың. Ал бес минуттан соң үйлесе кетесің.

Бізде «дедтар» немесе жақтырмайтын адамдар жоқ. Бәрі де жақсы араласады, сәлеміміз түзу. Бөлмеде Айгүл екеуміз тұрамыз. Негізі екеу боп тұрған жақсы.

– Неге?

– Үшінші адамның артық екені заңдылық қой, – дейді тәжірибесімен бөліскен қыз. – Ең болмағанда, үшінші адам еленбей қалады ғой. Біз ұрысысу дегенді білмейміз. Кезекшілік кестесін құрамыз да бөлмемізге іліп қоямыз. Сондықтан бөлмеміз үнемі таза әрі жинақы боп тұрады.

– Айына қанша ақша жұмсайсың? Жалпы жетімдерге ақшаны кім береді?

– Мен 17 мың шәкіртақы, оған қоса 19 мың жәрдемақы аламын. Демалыс күндері кафе мен мейрамханалардағы банкеттерге даяшы боп ақша табамын. Ол жұмыс үшін шамамен 5-6 мың теңге аламын. Қырық мыңдай, кейде одан да аз шығады, бірақ өзіме жетеді.

– Сенде бар болғаны қырық мыңдай шыға ма? – деп таң қалды Ленаға “Эйвонның” тапсырыс берілген косметикасын беруге және өз құлаққабын алып кетуге келген Ленаның бұрынғы көршісі екінші курс студенті Гаухар.

Бұл қыз білім алу үшін Семейден келіпті. Бірінші курста жатақханада тұрған, ал қазір әпкесінің қасында. Грантпен оқып жатыр, бірақ биыл үштік баға алып қалғасын шәкіртақы алмайды екен. «Ой, мен қанша ақша жұмсайтынымды да білмеймін,. Көп жұмсаймын. Ата-анамыз қанша ақша берсе де, студенттерге үнемі жетпейді ғой, - деп күледі бейқамдықпен. – Маникюр, педикюр, жаңа етік – бәрі де қымбат тұрады, әсіресе, Атырауда. Бізде Семейде киімдер мен тамақтың бағалары анағұрлым төмен. Оған студенттердің басты шығындары – рефераттар мен курстық жұмыстарды басып шығаруды қосыңыз. Сондықтан ақшасын үнемдей білетін әр студент қаладағы ең арзан ксерокөшірме қайда екенін және рефератты қайда басып шығарған тиімді екенін біледі. Бір реферат орташа алғанда 500 теңге тұрады. Бірақ әлдебір кеткен қателік үшін оны бірнеше рет басып шығаратын жағдайлар болады.

 

«БІЗДЕ МАХАББАТ ХИКАЯСЫ ЖОҚ» 

– Студенттердің оқуға қатысты маңызды мәселелерді талқылау үшін кеңесуге жиналатын бөлмесін көрсетейік, жүріңіз...

«Студенттер кеңесі» деп аталатын бөлмеде орындықтар мен креслосы бар үлкен үстел орналасыпты. Оған құрметті тұлға отыратын болуы керек. Кешікпей ол да келді.

– Кеш жарық! Мен, студенттер сайлаған кеңес төрағасымын. Есімім Шәкір АЛТЫНБЕК.

«Қоғам қызметкері» рөліне енген жігіттің өзін еркін ұстайтыны сезіліп тұр. Ол мынадай ақпаратты жатқа айтты:

– Бізде жатақханада 93 студент бар – оның 48-і бозбала мен 45-і бойжеткен. Көпшілігі аудандардан келген, бірақ Қазақстанның басқа қалаларынан – Шымкенттен, Петропавлдан, Тараздан  келгендер де бар. Грантпен және ата-аналарының қамқорлығынсыз оқып жатқан студенттер бар. Бәріміз бір-бірімізбен татумыз, доспыз, бір-бірімізге қол ұшын береміз. Жатақханамызда тұру құны жылына 10 мың теңге. Студенттік кеңестің жұмысы жөнінде қандай да болмасын сұрағыңыз бар ма?

– Ал бұл жерде махаббат орын ала ма?

– (Сәл абдырап қалды да) Жоқ, о не дегеніңіз! Оған жол жоқ. Бұл жерде білім алу алдыңғы орында. 

Бірақ мен де қоймадым.

– Бұл жерде мерекелерді қалай атап өтесіңдер? Айып етпеңдер, ішімдік ішетін шығарсыңдар?

– Жоқ, жоқ! – деп шошып кетті ол. –  Бұл жерде болмайды. Жатақхананың басты ережелерінің бірі – ғимаратта спирттік ішімдік қолдануға, темекі тартуға болмайды…

– Ал қыздарды қонаққа шақыруға бола ма?

– Қа... қандай қызды? Егер ол сіздің апа-қарындасыңыз немесе туысқаныңыз болса, шақыруға болады. Бірақ коменданттан рұқсат алу керек. Сұрағыңыз қызық екен.

– Мен кезекші мұғалімнің журналындағы жазбаны көрдім. Онда бір студент намаз оқыған екен, сол үшін сөгіс алыпты...

– Немене? Ондай болмайды. Қате нәрсе. Олай болуы мүмкін емес.

Енді сәл болмағанда студенттер кеңесінің төрағасында «бағдарлама жаңылысы» орын алған болар еді. Сондықтан «жарайды, мүмкін болмаса, мүмкін емес шығар» деп айтуға тура келді.

P.S

Жатақхана студенттерінің бәрі бірауыздан: «Универ» сериалында көрсететін нәрсенің тек ішінара ғана шындығы бар екенін растайды. Дегенмен ешкім нақты мысалдар келтіре алмады.

– А! Есіме түсті! – деді қоштасар кезде студенттердің бірі. – Онда жұптарға жеке бөлмелер беріледі, олар бірге тұрады. Бұл шындыққа сай емес. Егер комендант рұқсат берсе керемет болар еді. Ал жалпы ол жердегіге қарағанда бізде анағұрлым қызықтырақ. Тек, кешіріңіз, бұл туралы айтуға болмайды.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген В. Истомин

26 қазан 2011, 19:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.