Екі аудан - ортақ проблема
Үкімет миллиардтаған қаржы бөлсе де жергілікті халық әлі күнге таза суға қол жеткізер емес. Мәселен, облыс бойынша «Ақбұлақ» бағдарламасына 3 млрд. теңге бөлінді. Бұған ТШО-ның «Игілігін» қосыңыз. Бірақ парадокс, өзгере қойған ештеңе жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ақша шынымен «суға» кетіп жатыр.
Облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ айтуынша облыс халқының 95 пайызы таза суға қол жеткізіп отыр. Ал әкім Индер ауданындағы қыруар халық Жайықтың лас суын ішіп отырғанын білер ме? Бұдан он жыл бұрын «Таза су бағдарламасы» бойынша салынған көк үйлер көктей солып қалды. Жарсуат, Бөдене, Көктоғай, Өрлік ауылдарындағы су тазарту қондырғылары қалқиып құр тұр. Жұмыс жасамайды. Ал халық болса таза суды армандап күнін өткізіп жатыр.
СУ ЖҮРГІЗУ ҮШІН ҚАЗЫЛҒАН ҚҰДЫҚТАР АДАМ ӨМІРІНЕ ҚАУІПТІ
«Ақбұлақтан» Индерге тиесілісі 1 миллиардқа жуық ақша. Нақтырақ айтсақ, биылға 652 млн. теңге республикалық, 237 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген болатын. Ол ақша қайда және қалай жұмсалып жатыр? Аудандағы Елтай, Есбол, Өрлік, Көктоғай, Жарсуат, Бөдене ауылдарымен Индербор поселкесінде су құбырын жүргізу қолға алынды. Бұл жұмыстың бас мердігері «СнабОйлСтрой» ЖШС болса, ал тапсырысшысы Индер әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі болып бекітілген. Биыл Өрлік, Көктоғай, Жарсуат, Бөдене селоларындағы су құбырын жүргізуді 315 календарлық күн ішінде аяқтауы тиіс еді. Алайда суық күшейе түсетін қараша мен желтоқсанда жұмыс жүретініне күмән бар. Құбыр жүргізудің әлегімен жүргендер онсызда берекетсіз көше жолдарын онан сайын бүлдірген. Қалай болса солай қазылған құдықтар адам өліміне дейін жеткізген жайттар да кездесуде. Индербор поселкесіндегі осындай қоршаусыз құдықтардың біріне бір бала түсіп те кетті. Баласының аман қалғанына шүкір деген ата-ана құқық қорғау орындарына берген арызын кері алып, іс жабылды. Ал Елтай селосындағы мектеп алдындағы құдық шала жабылған. Жан жағы ор. Аудандық прокуратура тұрғындардан осы құдыққа байланысты шағым түсе бастағанын мәлімдеді. Ауыл тұрғындары ашық жатқан құдыққа адам немесе мал түсіп кете ме деген қорқынышпен бетін өзінше жапқан болатын. Бірақ бұл қауіпсіздікті сақтап отырған жоқ.
Ашық-шашық жатқан құдықтарға кім жауапты? Ең болмаса адамдардың қауіпсіздігін сақтау үшін уақытша қоршалуы тиіс қой.
Неге ашық жатыр? Мүмкін емес. Мен тапсырыс берушілерге айтайын, - деп сес көрсеткен «СнабОйлСтрой» ЖШС директоры Айгүл БЕЙСЕБЕКОВАНЫҢ көңілі жайлы.
Оның айтуынша, құбыр төсеу, құдық салу жұмыстары өз уақытында аяқталады.
Индер әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміндегілер мердігерге кінә тағып отыр.
- Құдықтарды қоршау мердігердің жұмысы. Ал құдықтардың қақпағы баяғыда жабылуы тиіс болатын. Өйткені құрылысқа қажетті материалдардың қаржысын көктемде толық аудардық. Ал қақпақтар мен сырғытпалардың кешігуін мердігер зауыттарда тапсырыстың кеш орындалуынан деп түсіндірген болатын. Шынымен де, тұрғындар дабыл қақса қағатындай-ақ, үш-төрт айдан бері үңірейген құдықтар ашық күйде. Ол мердігердің кінәсі, - дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Күлжан НҰҒМАНОВА.
Индердегі «Таза су» бағдарламасының соңғы жұмысы Ынтымақ, Құрылыс, Аққала ауылдарында тәмамдалады. 2009 жылы аталған үш елдімекенге су құбыры жүргізіліп, жұмыс аяқталмастан қалды. Бүгінде мердігер мен тапсырысшының үстінен қылмыстық іс көтеріліп, сотта қаралуда. Бұл жұмысты толық аяқтау үшін мердігер ауыстырылып, келісім-шартжасалу үстінде. Өткел үстінде ат ауыстырғанның нәтижесі қалай боларын алдағы уақыт көрсетеді.
«ИГІЛІКТІҢ» ИГІЛІГІ ҚАШАН БОЛАДЫ?
Құлсары қаласының тұрғыны Зарипа КЕНЖИЕВАНЫҢ 3 ықшам аудандағы №53 үйге көшіп келгеніне он жыл болыпты.
- Біз содан бері не суға, не жылуға жарыған емеспіз. Су жоғарыға көтерілмейді, өне бойы су тасумен күнелтудің қиындығын ешкімнің басына тілемеймін. Бірнеше рет «Жылыой су» КМК- ның директоры Б. Ибраевқа барып, арыздандым. Бірақ нәтиже жоқ, - дейді Кенжиева.
Әбден торыққан үй тұрғындары егер осы қысты тағы сусыз өткізсе онда ереуілге шығуға дейін баруды ұйғарыпты. Бұл жөнінде билікке талай рет ескерткен.
Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢайтуынша, қалада ауыз су мәселесі оңды шешіле бастапты. ТШО-ның «Игілік» бағдарламасы бойынша қыруар жұмыстар атқарылған. Мәселен, жұмысты жеделдету мақсатында төрт бөлікке бөлінген жұмыс толық аяқтала келген. Тек көпқабатты 87 үйден басқа Жадырасын, Аэропорт, Достық, Кең Жылыой, Болашақ, Береке, СМП ықшам аудандарында, жалпы үш жыл ішінде 45 миллион доллар тұратын 140,5 шақырымның су желісі тартылыпты.
Енді санаулы күнде 3 ықшам аудандағы көпқабатты 5,7 және 53 үйдің су желісі ауыстырылуы тиіс. Содан кейін сынақ жұмысы жүргізіледі. Сондықтан тұрғындар шыдауы тиіс, - дейді әкім Ш. Кейкин.
Жалпы су тазарту қондырғысын салмай жатып қай ауылға, ауданға болмасын су құбырын жүргізгеннің пайдасы қанша екені түсініксіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор