2011 жылдың 1 қаңтары Нышан ЖҰБАЕВА үшін қос мереке: бұл оның жүзінші жаңа жылы және ғасырлық мерейтойы!
Нышан әженің жеке бас куәлігіндегі «Туған жылы» деген бағанда былай деп көрсетілген: 1911 жыл 1 қаңтар. Жүз жас! Бұл мереке тек отбасының ғана емес, әжейдің бүкіл ғұмыры өткен Томарлы селосының тойы болды. Әжейді туған-туыстары, көршілері және селолық әкім құттықтады. Оның жанында ұлы мен қызы және әжей үшін ең қымбат қазына: 10 немересі мен 10 шөбересі бар!
Егде тартқан жасына қарамастан өзінің жүз жас мерейтойын Нышан әжей тікесінен қарсы алды, ол үйде таяғына сүйеніп, өзі жере береді. Оның өміріндегі барлық маңызды деген күндері мен оқиғалар да әлі күнге есінде екен.
Әжейдің отағасы Жұбай АХМЕТОВ 69 жасында дүние салған. Фин соғысына, одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін ұста болып жұмыс жасаған. «Соғыс жылдары біздер мал бақтық, майдандағы солдаттар үшін қолғап тоқыдық, байпақ үшін жүн бастық»,-деп еске алады ғасыр жасаған әжей.
Әжейдің соғыстан кейінгі бар еңбек жолы «Теңдік» совхозында өтті. Ол ата-анасын ерте жоғалтты. Анасы оның 7 жасында көз жұмды, әкесі оның артынша бес жылдан соң бақилық болды. «Біздің отбасымызда он бала болды,-дейді Нышан әжей. -Өзімнен бес жас үлкен апам 81 жасында қайтыс болды...»
-Сіздің есіңізде қай жаңа жыл көбірек сақталып қалды?-деп сұраймын мен әжейден.
- 42-жыл… Сол жылы қар 2-3 метр болды, үйдің төбесімен бірдей еді. Біз есіктің алдын ғана аршып, әрі қарай шанамен жүретінбіз. 50-ші жылдың қысы да қатты болды, мал біткен қырылып қалған еді. Бүгінгі өмірдің игілігін көрген әжей: «Әйелдерге жеңіл болды. Су, газ, жарық бар. Пеш жағып, күл алып, ағаш жарудың, су тасудың қажеті жоқ. Осындай жағдайда өмір сүріп отырғандықтан мен өз баларыма ризамын».
Бақыттысыз ба?-деген сауалыма әжей өзінің терең әжімдерімен мейірлене немерелеріне қарап күлімсірейді де: «Мен үшін олардың жанында болып, олардың күлкісін естуден артық бақыт жоқ».
Сәуле ТАСБОЛАТОВА