Атырау, 23 қараша 05:36
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Жұма, кешкі және түнгі Атырау

6 227 просмотра

Image 3Велосипедшілер: «Бұрын да жүрдік, әлі де жүреміз». Қызара батқан күн көкжиектен жоғалып, ал қала біртіндеп ымырт құшағына ене бастағанда шам оттары және көше маңдайшаларымен алабажақтанған қала ұйқыға кеткендей көрінеді. Алайда ол басқа тіршілік ағымына кіріседі. Мұны күні-түні жұмыс істейтін полицейлер жақсы біледі. Жұма мен демалыс күндері халықтың басым бөлігі қауырт жұмыс аптасынан демалып жатқан кезде тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс жасайды. Осы күндері жедел-алдын алу шаралары жүргізіледі. Жұма күні кешкісін солардың біріне қатысуды ұйғарған едім.

ВЕЛОСИПЕДШІЛЕР МЕН ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР

Облыс орталығының көшелерінен құқық бұзушылықтарды анықтаудың және алдын алудың негізгі функциясы бүгінгі күні әмбебап полицейлерге жүктелген. Кешкі ауысымнан кейін патрульдер өз учаскелеріне шығады.

Бізде барлығы ауысымға 17-20 автопатрульден шығады, олар өздеріне бекітілген учаскелерде кешкі уақыттан таңға дейін жүріп тұрады. Төрт автомобиль патрулі қала маңындағы массивтерде жұмыс істейді, - деп маған істің мән-жайын таныстыра бастады Атырау қалалық ІІБ жол-патрульдік полициясының взвод командирі аға лейтенант Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ. – Сондай-ақ, жаяу патрульдер де бар. Олар өздеріне бекітілген аумақты аралап, құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда сол жерде оларды құрықтайды. Жағалаудағы жағажайларда патруль құрамына ТЖД қызметкерлері де кіреді.

Image 1

Кеш енді қыза бастаған еді. Көше серуендеп жүрген қала тұрғындарына лық толы. Біз адамдар ең көп шоғырланған жерлердің бірі – орталық көпір маңындағы кардиологиялық аурухана маңындағы учаскеде велосипедшілер үшін тыйым салынған белгі тұрған жағалауды аралауды ұйғардық. Бұрын белгінің астында бұл жерде сағат 19.00-ден бастап 23.00-ге дейін велосипедпен жүруге шектеу қойылғандығы жазылған тақта бар болатын. Велосипедшілер мен жаяу жүргіншілер арасындағы құпия соғыс бірнеше жылға созылып келеді. Редакцияға велосипедке мінген әлдебір желікпенің жаяу жүргіншіні қағып кеткендігі туралы шағымдар әлсін-әлі түсіп жатады. Егер сіз көлік апатымен салыстырғанда бұл түк те емес деп ойласаңыз, зардап шегушінің орнында болып көрсеңіз, олай ойламаған болар едіңіз.

Велосипедшілерге шектеу қоятын анағұрлым адам көп жүретін жерлерге орнатылған жағалау белгілері проблеманы шешпеді. Біз осы жерге келген кезде әдеттегідей халық шұбырып жүрді. Жаяу жүргіншілерге жандарынан велосипедпен құстай ұшып бара жатқандардан қорғанып, бұрылып жүруге тура келді. Патруль қызметкерлері алдын алу әңгімесін жүргізу үшін бірінші велосипедшіні тоқтатқан кезде, бізді бірнеше басқа велосипедшілер қоршап алып, наразы екпінмен полицейлерге өз құқықтары туралы айта бастады. Жігіттер ұзақ уақыт бойына қалада велосипед жолдарының жоқтығына, сондықтан да жағалау бойымен ешкімнің де оларға жүруге тыйым салуға құқығы жоқ екендігін айтумен болды.

- Бұл жерде велосипедті жалға алу қосыны белгісінің алдында великті жалға алатындар құйындатып жүреді. Жалға алу қосынын жабыңыздар, сонда бұл жер тыныш болады. Велосипедпен дұрыстап әуестенетіндер жауапкершілікті түсінеді және бұлай қатты жүрмейді, - дейді жігіттер.

Олардың айтулары да дұрыс. Ендеше бұл қалалық билікке бағышталатын мәселе. Өйткені велосипедті жалға алу қосындарын ашуға рұқсат беретіндер солар. Неліктен осы жағалауды таңдаған және осы халық толы жерде велосипедшілер көп жүреді деген менің сұрағыма олар:

- Өйткені, бұл жер қызықты, ал ана жақта (Жайықтың арғы жағын көрсетіп) ешкім жүрмейді, - деді.

Иә, әрине, бұл логика да қызықты.

- Шектеу белгісі бар, ереже бар, неге ереже бұзушыларға айыппұл салмайды? – деп сұрадым Н. Сәрсенбаевтан.

- Түсінесіз бе, бұл өзгеше жағдай. Бәрі де наразы – велосипедшілерден шаршаған жаяу жүргіншілер де, қалада шынымен де жүретін жерлері жоқ велосипедшілер де. Біз олардың тілектеріне құлақ асып, осы жерде тебуге рұқсат беріп, бірақ уақыт бойынша шектеу қойдық. Адамдарда, өкінішке орай, өзіндік сана және басқаларға деген құрмет сезімі жоқ. Қазіргі кезде велосипед жолы салынуда. Ол пайдалануға берілгеннен кейін, велосипедшілерде баламасы пайда болған кезде, әңгімеден айыппұлға көшеміз деп ойлаймын.

Дегенмен, тыйым салынған жағалау учаскесінен форма киген адамдарды көрген велосипедшілердің көпшілігі асығуды немесе қарсы бағытқа бұрылып кетуді жөн көрді.

ЕГІЗ ЫҚШАМАУДАНДАР

Image 2

Жағалауға барып, екі дөңгелекті «тұлпар» иелерімен қызу әңгімеден кейін мен қалалық №1 полиция бөлімшесіне бет алдым. Оған ауқымды тұрғын үй массиві - Балықшы, Жилгородок, өте ұзын Азаттық көшесі, қала маңындағы Дамбы, Алғабас, Жұмыскер, Еркінқала ауылдары, Балауса ықшамауданы және т.б. бекітіліпті.

Аға инспектор Серік ИМАНҒАЗИЕВ тәртіп бұзушыны - әлжуаз келген белгісіз жастағы ер адамды ресімдеп жатыр екен. Оны Құнанбаев көшесінің бойында ойға батқан күйде сыра ішіп келе жатқаны үшін ұстапты. Полицейлерге ол түрлі жұмыс істейтін жұмысшы екенін, жұма кешінде қызметінен келе жатып, азғана босаңсып, бойын еркін ұстауды ұйғарғанын айтқан. Менің фотокамерамды көрген кезде едәуір абыржып, тістене балағаттап жіберді.

Ұсталушыны наркологиялық диспансерге апарып, ол жерде дәрігер орташа дәрежеде масайғанын анықтап, сауыққанға дейін мамандардың қарауында қалдыруды жөн деп тапты. Полиция бөлімшесіне ол адамсыз оралдық.

- Жеңіл дәрежедегі масаюмен қауіп төндірмейтіндер бар. Оларды сараптама жасап, хаттама толтырғаннан кейін үйлеріне жіберіп қояды. Кейбірін үш сағатқа қалдырады, енді біреулеріне бұл жерде ұзағырақ қалуға тура келеді, - деп түсінік берді Иманғазиев.

Айтпақшы, бұл ер адамды дерекқордан іздеп таптық. Ол 6 рет – зорлық, ұрлық, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу және т.б. үшін сотталған 49 жастағы азамат екен.

Әрі қарай мен инспекторлармен бірге оларға бекітілген аумақты аралауға шықтым. Патрульдік көлік шамының жарығымен жеке үйлер қараңдап көрінеді. Полицейлер біртектес тұрғын үй массивтерін: «Мынау Жұмыскер, ал, бұл Жұмыскер-2. Бұл Жұмыскер-3, ал енді Сарықамыс-2» деп бөліп ажыратып атағандары мен үшін ғажайыптай көрінді.

- Жаңа ықшамаудандарда қиындау. Ол жерде жол да, көше атаулары да, үйлердің нөмірлері де жоқ, - деп қынжылды полицейлер.

ЖАСӨСПІРІМДЕР ТҮНІ

Бір сағат бойына біз маған белгісіз көшелерді айналып жүрдік. Әмбебап полицейлердің көшелерге шолғын жасағаны осы екен. Жұманың кеші жайбарақат өтті деуге болады. Бірақ, кешіріңіздер, әлі де кеш біткен жоқ. Сағат 23-тен кетті. Мен кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекцияға бас сұғуды жөн көрдім. Дәл осы кезде барлық патрульге дабылды хабарлама түсіп жатты. Шамамен сағат 21-де 10 жасар бала көшеге шығып кетіп, оралмапты.

Image 0

Сол кезде кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспектор Динара СӘРСЕНОВА серігімен бірге қыдыруға шығып кеткен жасөспірімдерді іздеу үшін қаланы аралауға шықты.

…Исатай-Махамбет алаңында осы уақытта адамдар толып жүрді. Полицейлер назары сырт қарағанда өте жас көрінетін екі қызға түсті. Олардың жеке бас куәліктері болмай шықты. Қыздар инспекторға бірінің 13 жаста, екіншісінің 17 жаста екенін, бірі Аққыстаудан, екіншісі Чапаевтан Атыраудағы туыстарына қонаққа келгендерін айтты. Оларды тірек қосынына алып кетіп, олар ұзақ уақыт бойына инспекторларға үйден аз уақытқа ғана шыққандарын, енді үйлеріне қайтып бара жатқандарын түсіндіруге тырысты.

- Түнде балалары бізге түссе, ата-аналары түрліше қабылдайды. Көпшілігі түнде бала неше түрлі жағдайға ұшырап қалуы мүмкін екендігімен келіседі. Ал түнде көшеде баласын ұстап алғаны үшін қатты наразы болатындар да бар, - деп бөлісті инспекторлардың бірі.

Ата-аналармен бірінші мәртеде әңгіме жүргізіп, ескерту береді. Егер бала түнде қайтадан көзге түсетін болса, 10 АЕК айыппұл салынады.

Жалпы қазір жазда қаладағы туыстарына қонаққа келетін жасөспірімдер көп.

- Негізінен, аудандардан келеді. Ал бұл жерде оларды түнгі уақытта заңды өкілдерсіз жүргенде ұстап алатын кездер болады. Заң бойынша біз оларды тек ата-аналарына ғана бере аламыз. Туыстарына – тек оларда ата-аналарының сенімхаты болған жағдайда ғана. Сондықтан, өз балаларын туыстарына демалуға жіберген ата-аналар заңды жақтарын да ойластырса дейміз, - деп атап өтті инспектор.

ЖҮРГІЗУШІ ЖӘНЕ «АДВОКАТ»

Түн ортасы болды, мен ЖПҚ взвод командирі Нұрлан Сәрсен-баевтың машинасына келдім. Сол кезде патрульдерге тағы бір дабылды хабарлама таратып жатты. 14 жастағы қыз үйіне оралмапты. Содан кейін рация арқылы Авангардта букмекерлік кеңседен шығар ауызда күңгірт түсті киім киген белгісіз денелі екі ер адамның кеңседегі қызметкер әйелден 200 мың теңге түсім салынған сөмкесін тартып алып, көзден таса болғанын хабарлады. Сол жерге жақын маңдағы патруль жетіп, алайда қылмыскерлерді «ізін суытпай» ұстау мүмкін болмады.

Кейінірек Атырау қалалық ІІБ-де бұл фактінің тонау ретінде тіркелгендігін білдім. Алайда полицейлерге дабылдың жалған болған-болмағандығын анықтау үшін мұқият тексеру жүргізу керек.

Image 4Сыра мен қытырлақтар - түнгі серуенге шығатындардың азығы. Түнгі сағат екіде мен ЖПҚ инспекторлары Еркін ХАСАН мен Батырбек ЕРЖАНОВТЫҢ жұмысына қосылып кеттім. Олар Авангард ықшамауданына шолғын жасап жүрді. Барлық жерде тыныштық, қала түгелдей ұйқыға кеткендей көрінеді. Авангардты екінші рет айналған кезде аға сержант Хасан көлікті Жеңіс бағы сыртындағы жолға бұрды. Қарсы алдымызда қызыл Дэу Нексия қозғалып келеді. Батырбек көлікті тоқтатты. Одан сасқалақтаған жолаушы түсіп, полицейлерге тексеру үшін барлық жүргізуші құжаттарын ұсынды. Жүргізуші машина ішінде тасаланып қалды. Полицейлер одан шығуды өтінген кезде жолаушы телефонын алып, әлдекімге қоңырау шалуға кірісті. Осы кезде жүргізушінің де, жолаушының да мас екені түсінікті болды. Наркологияға бару ұсынысына жүргізуші қатты наразылық білдірді. Дегенмен, біз сараптамаға кеттік, ол жерде жүргізушінің жеңіл деңгейде мас екендігі анықталды.

Ол тағы ұзақ уақыт бойына полицейлерге өзінің мас еместігін дәлелдеуге тырысып, тек бар болғаны екі жұтым ғана ішіп үлгергенін айтумен болды. Бірақ оның жолдасы анағұрлым тапқырлық танытып, адвокаттың кейпіне енді:

- Ешқандай хаттамаға қол қойма. Жалпы, сен жүрген жоқсың, біз екеуміз тек машинада отырдық. Ал машинада ішуге тыйым салынбаған, - деді ол.

Image 5

Нәтижесінде, хаттама толтырылып, көлік айыппұл тұрағына жөнелтілді. Іс сотқа жолданады, жүргізуші үш жылға дейін куәлігінен айырылуы мүмкін.

…Үш күн ішінде атыраулық полицейлер 742 заң бұзушылық анықтады. Соның ішінде, 512 жол қозғалысы ережесін бұзу, 14 отбасылық жанжал, 11 ұсақ бұзақылық, түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 8 фактісі, қоғамдық орында мас күйде жүрудің 66 фактісі, қоғамдық орында шылым шегуге салынған тыйымды бұзудың 56 фактісі анықталды. Айтпақшы, полицейлер жұмысын бақылап жүрген уақыт бойына жоғалған екі баланы уайымдап жүрген едім, бақтарына қарай, олар табылды. Олардың ата-аналарына хабарламай, туыстарына қонаққа кеткендігі анықталды.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

6 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.