Атырау, 29 желтоқсан 05:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Қыш көзелер сыр шерткенде

8 432 просмотра

Қаңыраған үйдің суық бөлмесіндегі ескі отырғышта киімін шаң басқан, "солдафон" етік пен тақия киген шаршаңқы жүзді әйел отырды. Жанында су құйылған шелек пен шүберек, түрлі қоқыстар үйіліп жатыр. Ал жылуды сезінген бұралқы мысық аяғының астына оратылыпты. Әйел өзінің өткені мен қазіргі күйі туралы сыр шертті. Біз жаңа ғана кеберсіген саз құмыралар қойылған үстел басында шәй ішіп отырмыз. Мен бір танысымның : "А-а, Зинат па? Ол өзі біртүрлі қызық адам" деген сөзін есіме алдым. "Иә, осылай деп бетіме де айтады", деп күлді кейінірек ол. Ол әпенділеу әйел болуы мүмкін, бірақ өзін өте бақытты сезінеді.

Зинаттың өмірі кезеңдерге оңай бөлінеді: керемет маникюры болған шағы мен тырнағы, Атыраудың балшығы мен, ғафу өтінемін, сазы мен жиектелген өмір кезеңі. Көзе жасайтын шеңбер оның кеңсе компьютерінен кейінгі екінші жұмыс аспабына айналған.

Ол өткен өмірін әңгімелегенде, сөз арасынан ағылшын сөздері ілесе шығады. Америкадағы тәжірибеден өту, Италиядағы жұмыс, австралиялық күйеуі, Жаңа Зеландиядағы өмір, Гавайядағы каникулдар, Жапонияға саяхат(ол Жапонияға қатысты нәрсенің бәрін ұнатады), Рождествомен Алғыс айту күні...

Сөйтсем, тырнақты жай ғана қайшымен қиып тастап, жаңа істер атқару үшін алға қарай басуға болады екен. Білесің бе, менде бәрі де болды: еденге жететін шұбатылған ұзын көйлек, бізөкшелі аяқкиім мен киетін итальяндық сән үлгісіндегі жанатішіктер, сәнделген шаш, қолда әдемі маникюр мен банкте есеп-шот та болды... Бірақ... күресетін ештеңе болмаса, қол жеткізерлік дәнеңе болмаса, жеңетін қиындық болмаса, мұның бәрі жалықтырып жібереді екен. Кезекті демалысқа барып келесің, театрды тамашалап, көршілерге: How are you? Oh, fine! - деп жымиясың. Әрі қарай ше? Бітті. Сөйтіп кеш те түседі... Көңілің жабырқайды.  Осылай алты жыл шыдадым. Содан соң күйеуіме: «Қазақстанға кетейікші», - дедім. Ол бас тартты. Сөйтіп, мен өзім кетіп қалдым.

 

СЕБЕТ ІШІНДЕГІ СӘБИ

«Туған жердің түтіні де тәтті» деген сөз өз еліне қайта оралған Зинатқа арналғандай еді. Сарайшық бағындағы аты шулы алма ағаштарының жанып біткен соңғы тәтті түтіні оның жүрегіне күл боп шөгіп қалды. Зинат өзіне: мен оны қайта жандандыруым керек деген мақсат қойды. Күресті, тайталасты, тіпті қолының сұғанағы бар шенеуніктермен жұдырықтасуға дейін барған кездерді де бастан кешірді.

Мен тіпті, бақ үшін және қышқұмыра жасайтын шеберхана үшін 27 мың еуро грант ұтып та алған едім.

Ол осы ақшаны күтіп жүргенде, көптен күткен қызы өмірге келеді. Ол қызын қай жерге болса да өзімен бірге алып жүреді екен.

Рульдегі себетке отырғызамын да, жүре беремін.

Балалар сәбиі бар ананы жазғырып: «Тәтей, сіз үлкенсіз ғой!» десе, ересектер мойындарын бұрып қарайтын. Оның велосипедке мінгені оғаш көрінетін. Осылайша өтініп, талап етіп, баққа қажет участокты ақыры сатып алады.

Алайда гранттан Зинатқа... көк тиын да бұйырмады. Ол бақ үшін емес, жергілікті әкімшіліктегі шенеуніктердің бірі үшін әрекет еткен боп шықты. Сол кеңседегі бірер алаяққа осы грантты да бөліп берген еді.

 

ТЕҢДЕСІЗ ТЕКЕМЕТ

Жан күйзелісі, реніш пен түңілу... Психологияда бұл «энергияның сублимациясы» деп аталады: ол ұрыларға ызаланып, соған қарамастан шеберхана тұрғызып, алма ағаштарын отырғызды. Әрине, өзі жоспарлағандай ауқымда емес. Бір жыл бұрын осы мекен-жайдың алдына кездейсоқ барып қалдым. Біз табиғатқа сейілдеуге шыққан кезде, дәл осы тоғай жаққа ат басын тіреппіз. Сол кезде, жобасы қарапайым, бірақ кәдуілгі үйге ұқсамайтын мына «ранчо» бұл жерге қайдан келген деп таң-тамаша болған едім. Үйдің алды ұзына бойы созылған, оның ортасында есігі екі жаққа ашылатын үлкен ағаш есік орналасқан. Оның жоғарғы жағына ұзын қарағайдай мүйізі бар сиырдың бас сүйегі ілінген. Үйдің төбесі сабаннан жабылыпты. Ал әуесқұмар көздерден ауланы бут тастан қаланған аласа келген қоршау қорғап тұр (шақырылмаған қонақтардан мұндай дуал құтқара алмайды). Дөрекі етіп салынған ауыл үйі. Осынау қабырғасы мықты, ескі болса да, қалпына келтірілген терезелері бар үйде өзіне сенімді, қасқырды алып ұратындай (бұл жерлерде қасқыр жеткілікті) ер адам тұруы тиіс екендігіне сенімді едім. «Орманшы болар, - деп ойладым мен, үйге жақындай бере сескеніп. - Әлде аңшы ма екен, немесе...». Ойымның соңына жетіп үлгермедім. Есік ашылып, ішінен Зинат шықты. Ар жағынан кішкентай қызы бой көрсетті. Аузымды ашып қалдым. Мен бұл адамның қала орталығында пәтері, беделді компанияда кеңсесі, басқа да тірліктері бар екенін білетін едім. Ал ол болса күн сайын ескі Жигули көлігіне мініп алып, 100 шақырым қашықтықтағы осы үйге келіп, асүй мен қонақ үй бөлмесіне пеш жағып, отқа кешкі ас дайындап, өзеннен су әкеліп, атыздарға күтім жасап, содан соң барып күні бойына жаны қалап тұратын ісін қолға алып – көзе жасайтын шеңберін қосып, қызының былдырлаған тілін тыңдап отырып, құмыралар жасауға кіріседі екен.

– Жұмыс күнінен кейін бұғанда шамаңыз жете ме?

– Менің керемет емшім бар, - деп құпия жымиды ол. – Кешке қаладан шаршап келгенде өзімнің сүйікті, сұр түсті, ажарсыз, қалың текеметіме жата кетемін. Сонда бүкіл шаршағаным басылып қалады да, 10-15 минуттан кейін тау қопарардай боламын. Ұйқым да келмейді! Түн ортасында ұйқыға жатсаң, таңертең әтештің әнімен оянасың, ұйқың қанып қалады. Бұл жердің ауасы бөлек қой. Құстардың шырылымен оянған қандай керемет екенін айтуға тіл жетпейді, оны бастан өткеру керек. Бұл табиғатпен үндесе өмір сүру деген болады.

Бірақ биыл қызы мектепке баратын болғасын, ауылдағы өмір ана жұмысы мен баланың білім алуымен еш тоғыспайтын болған. Енді олар жұма күні кешкісін келіп, дүйсенбі күні таңертеңге дейін осы жерде болып, қаланың күйбің тірші-лігінен демалады екен.

 

ЕКІНШІ МАҚСАТ

Ол осы жерде, қалада осындай шеберханам болса дейді. Жағдайы болмағандықтан ғана сүйікті ісінен қол үзіп қалғысы келмейді. Ол осы жасқа жеткенде жаңа жетістікке қол жеткізіпті: орыс және қазақ тілдерін тең дәрежеде игерген. Жарты ғұмыры бойына орыс және ағылшын тілдерінде сөйлеп келген ол кенеттен әрі қарай бұлай болмайтынын түсініпті.

– Қазақ тілін 4 жыл бұрын үйрене бастадым. Ішкі қажеттілік туындады. Қазір қазақ тілінде ойлайтынымды байқадым, яғни ол менің ақыры ана тіліме айналды. Біздің ұлттық ерекшелігіміз неде? Ең алдымен тілде екен.

Ол қазақ халқының байырғы дәстүрлері, қолөнері, өмірімізден жоғалып бара жатқан тұрмысы үшін өз жан қиналысын білдірмейді. Ол осыларды қайта тұтатуға жұмыстанып жатыр. Жалғыз өзі. Ешкімге де, ештеңеге де қарамастан. Ақшасыз, демеушісіз, ешкімнің қолдауынсыз. Өзі үйреніп, өз білгенін ақ шашты үлкен апаларға үйретуде. Ол екі жыл ішінде ауыл адамдарының бастапқыдағы көзқарастарын өзгертті. Олар бұрын оның жасап жатқан әрекеттеріне шүбәлана қарап: Зинат, не істемек ойың бар деп, қазбалап сұрайтын. Қазір қала әйелі оқытатын шеберлік сыныбында ауылдағы апалар ыңылдап ән айтып, Зинатпен тең дәрежедей киіз басып, қалыңдыққа арналған киізді әжелерінің осылайша бір күн ішінде жиналып басатынын әңгімелеп отырады екен.

Зинат жоғалып бара жатқан өнерді білетіндерді іздеп, бүкіл Қазақстанды аралап шыққан. Бірде Қытайдан келген киіз басатын оралман әйелге барса, бірде құмыра жасаушы шеберге барады. Енді бірде оңтүстіктің шалғай бір ауылында тұратын, көп уақыттан бері өрнек тоқымаған, бірақ нағыз алашаны қалай тоқу керектігін, ою-өрнектердің мәніс-мағынасы туралы білетін әжейді іздеп барады...

– Сіз жұмысыңыз бен қызыңызды не істейсіз? Менің білуімше, шетел компанияларындағы аудармашыларда еркін жұмыс кестесі жоқ қой.

– Еңбек демалысым бар ғой. Ал Ботамды қайда барсам да жаныма ертіп жүремін, оған бәрі де қызық. Енді мектепке баратын болып жатыр ғой. Ештеңе етпейді, енді мен еңбек демалысымды оның каникул күндеріне қарай алатын болдым.

 

ҚОҚЫСТАҒЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Ақыры тілімнің ұшында тұрған сұрақты да қойдым. Сұрағым оның оғаш әрекеттері мен жұртшылық пікірін елең қылмауы тұрғысында еді. Жауап орнына маған мынадай әңгімені айтты:

– Менің бір іскер танысым мейманханалардың біріне Сарайшықтың көне құмыраларының бірінің көшірмесін қарауға барғанымда: «Сен әлі сол ...керек емес нәрсемен айналысасың ба? Орталықтағы пәтеріңді сағатпен жалға беріп, баяғыда ақша жасап алмайсың ба!» - деген еді.

Зинат мұны да, басқа да «пайдалы» кеңестерді де елең қылмаған.

– Шынымен де осы жобалардың бәріне ақшаны қайдан алып жатырсыз?

Осы кезде Зинат Сарайшықтағы «ранчодан» көрген ағаш терезелердің, ескі комодтардың, ауладағы көне арбалардың және басқа да ұлттық нақышқа толы жиһаздардың құпиясын жайып салды. Мұның бәрін дерлік қоқыс орындарынан жинап алып, түрлі нысандарды бұзғаннан кейін құрылыс материалдарын сататындардан сатып алған екен.

Оның «артефакттарды» сезу қабілеті ерекше. Бірақ оның бәрі бұған оңайлықпен келмейтін көрінеді. Бір жолы ол мені осындай «аңшылыққа» алып шықты. Біз ескі базар ауданын жаяу шарлап жүріп, жартылай қираған ғимарат аулаларының бірінен керемет үлкен есікке тап болдық. Шебердің қолынан шыққан мықты көпес есігі екен. Бірақ қалыңдығы алақандай ағаш төсемі, шойын ілмектері мен шығыршықты құлыбы үйілген құрылыс қоқысының астында қалыпты. Ал оны сол жерде жүрген ер адам байқамады да. Оның тарих пен әсемдікке осындай құрметсіз-дікпен қарағанынан Зинаттың тынысы тарылып кетті. Біздің ойымызша, есікке екі жүздей жыл болмаса, одан кем емес. Бірақ оған қызығушылық білдіргеніміз сол еді, аяқ астында қоқыс боп жатқан есік тиімді тауарға айналды. Аукцион  бағасы өте жоғары болып, Зинат оның бағасын 250 доллардан артық түсіре алмады. Бірақ ол сондай бақытты еді.

– Ал қазір ол қайда? Сіздің ранчоңыздан оны байқамадым ғой.

– Ұрлап кетті, кімнің ұрлағанын да білемін. Мен оны қайтаруды талап еткенде, ол оңбаған, білесің бе, оны суға ағызып жіберді. Ақшаға жаным ашып отырған жоқ, бірақ бұл деген тарих қой, сұлулық...

 

ҚАЛАУЫҢША ӨМІР СҮРУ КЕРЕК

Өз шеберханам болса деген ойы әзірге арман ғана боп қалуда. Оған бүкіл уақыты мен күшін сарп етуге күйбің тіршілік кедергі келтіреді. Өйткені, өмір сүру үшін еңбек етуі керек.

– Бірақ, бұл өмірде мейірбан жандар баршылық қой! Міне, - ол өзінің қазіргі тұрып жатқан үйін көзімен шолып өтті, - бос қалған осы үйдің кілтін маған күні кеше ғана бір адам берген еді. Қаншалықты ұзаққа бергенін білмеймін, бірақ, «әзірге тұра бер» деді. Сөйтіп, тұрып жатырмыз.

Біз ескі үйдің қоқырсып жатқан, суық бөлмелерін аралап жүрміз. Зинат маған оның алдағы уақыттағы көрінісін әңгімелеп қояды:

– Мына жерге құмыра жасайтын шеңберімді қоямын, - деді ол. Бұл Зинаттың мақтанышына айналған, таныстары Рэй мен Вики КРИГЕРЛЕРДІҢ сыйға берген тартулары болатын. Ол осы американдық жұптың өздерінің демалыс күндерін Сарайшықтың балаларымен бірге балшық пен шаңның ортасында өзімен бірге тегін сабақтар өткізетіндігін жиі әңгімеледі. – Мына жерде тоқыма станогы, мына жерде – әйнек пен керамиканы пісіруге арналған пеш (осынау алып пеш пәтерінің бүкіл лоджиясын алып отыр) болады. Ал ақшам болған кезде, балалар бұрышын жабдықтаймын. Бұл жерде балаларға бәрін жасауға болады, ешқандай шектеу қойылмайды: қабырғаға сурет сала ма, айқайлап, шулай ма, жүгіре ме, балшық соға ма, киіз баса ма, өздері біледі.

Бір өкініштісі, әзірге ақшасы болмай тұр, несие төлеп отырғандықтан, жалақысы соған кетеді. Ал өзі пәтерді жалға беру төлемақысымен күн көруде.

  

ӘЙЕЛ ЖАНЫ НЕНІ ҚАЛАЙДЫ?  

Хобби, ермек, шығармашылық, бәрі де жақсы-ау, бірақ ол нені қалайды? Мен де бір кездегі ауыл адамдары қойған сұрақты қойдым. Ақыры оның өмір тұжырымын сезіне алған секілдімін.

– Біздің тарихымызды, мәдениетімізді, өнеріміз бен кәсібімізді дүние жүзі қажет етіп отыр, бірақ өзіміз емес. Шетелдіктер халық шығармашылығын еске түсіретін титтей нәрсе болса болды, бәрін сатып алады. Ал біз тіпті өзіміз бен балаларымыз үшін ештеңе де жасай алмаймыз. Қазір киіз текеметтердің көзі жойыла бастады. Ал Батыста киізден жасалған кішкене кілемше  үшін көп ақша төлейді. Мысалы, Сарайшықтың өзін алып қарайық. Бұл тұнып тұрған байлық қой. Біз оны аяқ астына таптап жатырмыз. Оның сұлулығын көріп, бағалау үшін жерге еңкеюге де қабілетсізбіз. Мен өз шеберханамда қалашықта табылған барлық саз бұйымдарының көшірмелерін жасағым келеді, бұл сондай әсем дүниелер ғой. Ал жалпы менің арманым – халық қолөнері бұйымдарының дүкенін ашып, қазақ стилін сәнді брендке айналдыру. Бұл оған лайықты емес пе?!

Әзірге оның киіз басу және көзе жасау өнері бойынша шеберлік сыныбына тек шетелдік әйелдер мен балалар ғана барады.

Меніңше, Атырау балшығынан сұлулық жасай білген адам өз жерінің игілігі ғой. Кезінде Америкада, Италияда, Австралияда және Жаңа Зеландияда жұмыс жасап, сол жерлерде тұру ұсыныстарын қабыл алмағаны (біз үшін) жақсы болды. Жұбайының қайта оралуға көндірмегені жақсы болды. Оның өз елінде болғаны қандай жақсы болды.

– Сіз шаршамайсыз ба? Сізде енжарлық, күйзеліс дегендер бола ма?

Ол бірер секунд ойланып қалды да, басын шайқады:

– Оған уақытым жоқ. Менің әлі көп жұмыс жасауым керек, - деді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген В. Истомин

20 қазан 2011, 16:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.