Атырау, 22 қараша 09:07
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

​Мәңгүрттік туралы қойылым

13 790 просмотра

Image 2

М. Өтемісұлы атындағы Атырау драма театрында Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романы бойынша қойылған «Мәңгүрт» спектаклі қойылды. Бір ерекшелігі, қойылымды белгілі өнер майталмандары емес, театрдың жас өнерпаздары сахнаға шығарды.

«ЖАСТАРҒА СЕНІМ БІЛДІРГЕН ЖАҚСЫ ҒОЙ»

Спектакльдің режиссері күлімкөз, ақ жарқын Гүлназ ҚАМЫСБАЕВА.

- Гүлназ, қойылымға кейін оралармыз, алдымен өзіңіз туралы айтыңызшы.

- Жолдасым, осы спектакльдің қоюшы-суретшісі Тимур ҚОЕСОВ те, мен де Атырауданбыз, екеуміз де Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының шәкірттеріміз. Менің екі мамандығым бар. Алдымен актерлік шеберлік, содан кейін режиссерлік факультетті бітірдім.

Image 0Гүлназ ҚАМЫСБАЕВА және Тимур ҚОЕСОВ.Жұбайым, «Мәңгүрттің» қоюшы-суретшісі Тимур Қоесовпен студенттік жылдарда таныстым, ол театр сценографиясы факультетінде оқыды. Тимур Исатай станциясында туған, оның әке-шешесі өмір бойы темір жол саласында жұмыс жасаған адамдар, сондықтан да оған Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романының тақырыбы өте жақын, өйткені өзі де осындай станцияда өсті ғой.

- Қандай режиссерлік жұмыстарыңыз өзіңізге ерекше жақын?

- Стефан Цвейгтің әңгімесі желісі бойынша қойылған «Бейтаныс қызға хат» спектаклі 2004 жылы «Шабыт» фестивалінде 2-орын алды, ал 2010 жылы Мұхтар Әуезов шығармасы бойынша қойған «Айман-Шолпан» спектаклі Анкарада өткен халықаралық студенттік театр фестивалінің Гран-Приіне ие болды.

«Мәңгүрт» - бұл менің Атырау сахнасына қойған екінші қойылымым. Алғашқысы – экология, Семей полигоны туралы өзекті мәселелерді қозғайтын Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» драмасы. Айтпақшы, бұл спектакль театр репертуарына мықтап енді.

Театр директорының міндетін атқарушы лауазымына Төлеген ЖАНГЕЛДИЕВ тағайындалғаннан бері жастар бір серпіліп қалды, ол жас актерлер мен режиссерларға сенеді, бұл, әрине, өте жақсы құбылыс. Театрдың бас режиссері Жаннат ТЕЛТАЕВТІҢ өзі де талантты жас режиссер, ол сенім білдіріп, спектакльді қоюды бізге тапсырды.

ЖОҒАЛҒАН ЕС

- «Мәңгүрт» бұрынғы Кеңес театрларында көп қойылды. Айтматов романына көңіл аударуыңызға не себепші болды?

- Ол - классика, ал классика қашан да өзектілігін жоймайды. «Боранды бекет» романындағы оқиғалар Қазақстанда өтсе де, шығармада жалпы адами мәселелер көтерілген. Уақыт өзгерсе де, адам алдындағы «Мен кіммін? Менің өмірдегі орным қандай?» деген сұрақтар мәңгілік. Біз көрермендермен бірігіп осы сұрақтарға жауап іздейміз. Мәңгүрт туралы аңыз қазіргі қоғамда да өміршең болып отыр: ессіз сәбитжандар бүгінде де кездеседі. Мәңгүрт дегеніміз өмір сабақтастығының үзілуі, есін жоғалту ғой. Біз осы үзікті жалғағымыз келеді, өткеніміз бен болашағымызға енжар қарайтын жастардың жанына осыны жеткізгіміз келеді.

- Спектакльді халық қалай қабылдады?

- Спектакльден соң мені сұрақтың астына алды. Бір-бірімен қарама-қайшы пікірлер де болды, алайда жұмыс осынысымен қызық. Мысалы, белгілі әнші Ақмарал МАШИМОВА Сәбитжан мен оның қарындасы мұра үшін төбелескенде, денесі тітіркенгенін айтты. Қарындасы ағасының арқасына асылып мініп, жұдырықтай бастайды, ал Сәбитжан оны лақтыра алмай әлек. Ақмарал үшін дәл осы көрініс шығарманың шарықтау шегіндей болған. Ал кейбіреулер, керісінше, аға мен қарындастың қарым-қатынасын өте қатал етіп көрсеттің деп есептейді, ал соңғы көрініс дөрекі және әдепсіз болып көрінген.

«Сіздің спектакліңізде Мәңгүрт анасын өлтірмеген, Айтматовта осы сәт шығарманың шарықтау шегі болып саналады емес пе?» - деп таңқалған адамдар да болды.

- Расымен де, неге Мәңгүрттің анасын өлтірген сәтін көрсетпедіңіз?

- Мен спектакльдің ортасында нүкте қойып, байланысты үзгім келмеді, алайда қойылымның финалында Сәбитжан Едігенің басына тапанша тақағанда, кенеттен ана дүниеден Найман-Ананың «Атпа!...» деген даусы естіледі, әрі қарай қара түнек және рельспен зулаған пойыздардың дауысы... Мен осы жерде, кейбір адамдар теріс түсінгендей, Едігені өлтірмеймін. Мен Мәңгүрт өз анасын өлтірді, қазіргі замандағы мәңгүрт - Сәбитжан да адамға қол көтеріп, өлтіре алады, оны ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды деп айтқым келді...

Адамгершілігі зор Едіге Қазанғаптың аманатын орындағысы келеді, ал ұлы мұны жасамайды. Адам жарық дүниеге келіп, саналы өмір сүрген соң, құрметпен жерленуі керек, оның аманаттары орындалуы қажет.

Қазанғаптың өлімі – айналасындағы адамдардың адамгершілігіне сын болатын оқиға. Балаларына келсек, оларға әкелерінің қайда жерленетіні маңызды емес. Тергеуші Тансықбаев тұлғасындағы билік ғарыш айлағының аумағында орналасқан, марқұмның ата-бабасы жерленген «Ана бейіті» қорымына баратын жолды жауып, өткізбейді. Сарыөзектің ұшы-қиыры жоқ даласында осы бір адамның аяғы жетпейтін станциядағы жұмысқа бар өмірін арнаған Қазанғапты жерлеу үлкен дауға айналады. Соғыс көрген, өмірдің ащы дәмін татқан Едіге ғана оны құрметпен жерлейді.

Image 1

ТӨРТ ЖАСАР СЫНШЫ

- Актерлермен жұмысыңыз қалай жүрді?

- Мен олардың шығармашылық деңгейлерінің кең екеніне көзімді жеткіздім. Өте талантты ұжым, тек аянбай жұмыс жасап, үлкен жұмыстар алуға қорықпау керек.

Театрдың бас режиссері Жаннат Телтаев спектакльге дайындық барысында көптеген актерлердің, тіпті, жалпылама көріністерде ғана ойнағандардың өзі үшін жаңа қырынан танылғанын мойындады.

- Сәбитжанның рөлін сомдаған Нұрбек СЪЕЗХАН, Едіге мен Таңсықбайды ойнаған Дастан ПШАНОВ пен Ержан ЖҰМАТОВ маған қатты ұнады. Ананың рөлін Айнагүл МҰХТАРОВА, екінші Мәңгүрттің рөлін Бекет ЗИНУЛЛИН өте жақсы ойнады...

- Иә, бәрі де жақсы өнер көрсетті. Жас композитор Бауыржан АҚТАЙДЫҢ да жұмысын атап өткім келеді. Көне аңызға негізделген сюжеттің әуені керемет үйлесім тапты. Музыкалық аспаптар пьеса қаһарманына айналды деуге болады. Найман Ана туралы аңызда сырнай жаны жараланғандай зарласа, әуенді жетіген жалғастырады, ал шаңқобыз жараға жаққан майдай жұмсартып, қаһармандар мен көрермендерге үміт береді.

- Сіз ең үздік сыншыңыз – 4 жасар ұлыңыз Әмір болды дедіңіз...

- Иә. Спектакльді көргеннен кейін ол қойылымның ұнағанын айта келіп, бұдан да қазақтың «Мақта қыз» халық ертегісін қойған жақсы емес пе деп сұрады. Мен оның пікірімен санасамын және келесіде балаларға арналған спектакль қоямын.

ТҮНГІ ДАУ

- Қазақстан театрында режиссер Азербайжан МАМБЕТОВ пен композитор Ғазиза ЖҰБАНОВА сынды ерлі-зайыптылар болды. Бірде Азербайжан Ғазизаға өз спектакліне тез музыка шығару керектігін айтады және «олай болса, кешкі асты күтпеңіз» деген жауап алады. Сіздердің шығармашылық және жеке өмірлеріңіз қалай сабақтасып жатыр?

- Әңгімеге Тимур араласты.

- Кейде түн ортасында басқа идея келетін кездер болады. Біз оны қатты талқылап, ұрсуға дейін барып жүрдік. Мен өзімдікін, Гүлназ өзінікін дәлелдегісі келді. Айқай-шуды естіп оянған балалар мен ата-анамыз не болғанын білу үшін қасымызға келетін. Даудың тек шығармашылық тұрғыда өрбіп жатқанын біліп, жандары жай тауып, кері ұйқыға кететін.

- Тимур, сахна композициясын құру идеясы қалай келді, айтыңызшы.

- Мен алдымен образды, спектакльдің нысанын іздеймін. Ол түзу, не шеңбер, не шиыршық, не иір сызық болуы мүмкін. Мен «Мәңгүртте» қарама-қайшылықты беру үшін шеңбер мен түзу сызықты таңдадым – мәңгүрттер айналып жүретін тұйық шеңбер мен темір жол рельстері.

Сахнаның композициялық құрылымы үшін Ван Гогтың «Тұтқындардың серуені» суретін алдым, бұл да тұйық шеңберге ұқсас өмірді көрсетеді.

Сонымен қатар, мен декорацияларды көп қызмет атқаратындай жасауға тырыстым. Мысалы, рельстер спектакльдегі бір көрністе темір жол ретінде қолданылса, Едігеден жауап алғанда түрме торы ретінде, Қазанғаптың табыты ретінде де пайдаланылды.

Театр директоры Төлеген Жангелдиев те спектакльге жоғары баға берді:

- Мен театрға талантты жастардың келгеніне өте қуаныштымын. Театр адамға ой салып, үлкен сезімдерге бөлеуі керек. «Мәңгүрт» қойылымында ұжымымыз бұған қол жеткізді деп ойлаймын.

Премьера болған күні залда бос орын болмады. Спектакль соңында ризи болған көрермен ұзақ уақыт ду қол шапалақтап, әртістерді қошеметке бөледі. Бұл қойылым ешкімді бей-жай қалдырмады деп ойлаймын.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

29 шілде 2015, 17:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.