Дзюдо
Ресейдің Түмен қаласында өткен Үлкен Дулыға сериясының халықаралық турнирінде атыраулық дзюдошы Асхат Тельманов 60 келіге дейін салмақта қола медаль ұтты.
Асхат бұл жарыстарда 180 рейтингілік ұпай жинап, Олимпиада жолдамасына күресін жалғастырды. Жаттықтырушы Талап Мұқановтың шәкірті алғашқы айқасында белорус Ариф Багировты жеңсе, екінші белдесуде монғол Авантуршин Даштавадан күшін асырды. 1/8 финалда атыраулық палуан ресейлік Ислам Яшоевтан айласын асырса, келесі кезеңде жапондық Кидодан жеңіліс тапты. «Қола» үшін болған белдесуде Асхат қарсыласы монаколық Ян Сикардиді алып ұрды. Осы салмақтағы екінші қола жүлдені ақтаулық Айбек Имашев ұтты.
***
Футзал
«Мұнайшы» спорт кешенінде қалалық спорт бөлімінің қолдауымен сотталғандар арасында мини-футболдан турнир өтті.
Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды УГ-157/101 мекемесінің командасы, 2-орынды қалалық пробация бөлімі (шартты түрде сотталғандар, бостандығы шектелгендер) командасы, 3-орынды Махамбет аудандық пробация бөлімі командасы ұтты.
***
Ауыр атлетика
Қостанайда өткен 1999-2000 және 2001 ж.т. жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында облыс құрамасы үш қола медальға ие болды.
Мадьяр Ниязханов (50 келіге дейін), Мұхтархан Сиденов (56 келіге дейін) және Ноғайбек Нұргелді (62 келіге дейін) жүлдегер атанды. Спортшыларды халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тахир Халматов жаттықтырады.