20 шілдеде Дүниежүлік шахмат күні аталып өтті. Осы қызықты зияткерлік ойынның өңіріміздегі дамуы туралы Ғ.А. Айдарәлиев атындағы шахмат федерациясының вице-президенті, облыстың аға жаттықтырушысы Сабырбай ГАЙСИН (суретте) әңгімелеп берді.
СЪЕЗД ШЕШІМІ
- Шілде айының басында Қазақстан шахмат федерациясының құрамына өзіңіз кіретін атқарушы комитетінің отырысы өтті. Әңгіме не туралы өрбіді?
- 4 шілдеде Қазақстан шахмат федерациясының кезектен тыс съезі өтті. Оған атқарушы комитет өкілдері мен облыстар делегаттары қатысты. Съезде федерацияның жаңа президенті болып «АТФ банк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов тағайындалды.
Федерацияның бұрынғы президенті – ҚР инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев федерацияның қамқорлық кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.
Ә. Исекешев федерацияны 2010 жылдан бері басқарып келді. Осы уақытта Қазақстан құрамасы беделді халықаралық турнирларда жақсы нәтижелер көрсетті. Елімізде ірі халықаралық шахмат форумдары өтті. Осыған байланысты қазір елімізде шахматтың танымалдығы артып келеді. Бұл лауазымнан кетуін Исекешев негізігі жұмысының көптігімен түсіндірді. Алайда ол Қазақстанда шахматтың дамуына өз көмегін беруді жалғастырамын деп сөз берді.
Съезде қазақстандықтардың зияткерлік әлеуетін арттыру және халықаралық шахмат аренасында еліміздің беделін көтеру мақсатында Қазақстанда шахматты дамыту бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаға келесі жобалар енгізілген: Қазақстан өңірлеріндегі шахмат қозғалысына қолдау көрсету, жалпы білім беретін мектептерде шахматты оқыту, Қазақстанда ірі халықаралық турнирлерді өткізу және қолдау көрсету. Осы жобалардың барлығы жүзеге асады деп үміттенемін.
- Обылсымызда шахмат қалай дамып жатыр?
- 2007 жылы Ғ.А. Айдаралиев атындағы облыстық шахмат федерациясы құрылды. Ол өз әрекеттерін облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасымен және қалалық бөліммен тығыз байланыста жүзеге асырады. Бекітілген күнтізбе бойынша облыс және қала чемпионаттары, сондай-ақ мереке күндеріне арналған турнирлер өткізіледі. Бұлардың арасынан соғыс ардагері, профессор Ғ.А. Айдаралиевті және ҚР спорт қайраткері К.Ю. Шамбиловты еске алуға арналған республикалық турнирлерді атап өткім келеді. Олар АМУ ректоратының белсенді қолдауымен ұйымдастырылды.
«Теңізшевройл» компаниясының Балаларды қорғау күні мен ҚР Тәуелсіздік күніне арналған турнирлерін де айтып өткен жөн. Олардың сыйлық қорлары үлкен. Дәстүр бойынша бұл турнирлерге облыстың түкпір-түкпірінен екі жүзге жуық шахматшылар қатысады. Облыс біріншілігі де өткізіледі. Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Н. Ермұхановтың бізге жасап отырған қолдауы үшін алғыс айқым келеді.
2012 жылы президент Н.Ә. Назарбаев «Назарбаев Университеті» студенттерімен кездесуінде жастардың зияткерлік дамуындағы шахматтың үлкен маңыздылығын атап өтіп, сәйкесінше министрлікке осы ойынды мектеп бағдарламасына факультативтік сабақ ретінде енгізуге тапсырма берді.
Осыдан кейін федерацияға көптеген мектептер мен балабақшалардың директорлары оқу-әдістемелік көмек пен жаттықтырушылар бөлуді сұрап, өтініш білдірді. Облыстық федерация бұл мәселелердің шешімін табуға көмектесе алды деп есептеймін. Шынымен де шахматты балабақшадан бастап үйрену қажет.
КЛУБ ЕСІГІ БАРЛЫҒЫНА АШЫҚ
- Бұрын сіз облыста шахматты дамыту ісінде ең басты мәселе Атырауда шахмат клубының жоқтығынан деп бірнеше рет мәлімдеген едіңіз...
- АМУ ректоры Бейбіт Мамыраевтың арқасында №2 оқу корпусында клуб аштық. Оған тек университет студенттері ғана емес, зейнеткерлер де, мектеп жасындағы балалар да келеді. Клубта жарыстар мен жаттығулар жүргізіледі.
- Атыраулық шахматшы-лардың спорттық жетістіктері туралы айтыңызшы.
- 2007-2012 жылдары біз бірнеше ел чемпиондарын тәрбиеледік. 2009 жылы Жәнібек Аманов Шри-Ланкада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс медаль алды. Өкінішке орай, осыдан кейін бізде құлдырау орын алды. Биыл Ж. Амановтың (1-БЖСМ) шәкірті Нұрәділ Жамбыл Қызылордада өткен 12 жасқа дейінгі балалар арасында ҚР чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие жәнібектің өзі биыл Павлодарда өткен ерлер арасындағы ҚР чемпионатында «қолаға» қол жеткізді.
Қазір Қазақстанда балалар шахматының деңгейі өсіп келеді. Соңғы екі-үш жылда басқа облыстарда халықаралық турнирлерде үлкен жетістікке жеткен спортшылар дайындалды. Олармен бәсекелестікке төтеп беру үшін федерациямызға демеушілердің қолдауы керек.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- АҚШ-та үш жыл оқып келгеннен кейін Ж. Аманов жаттықтырушылық қызметін бастады. Дарынды балалармен жұмыс жасайды. Жәнібектің көмегімен алдағы жылдары шахматшыларымыз өздерін жақсы көрсетеді деп үміттенемін.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ